Cемей-16°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Серік Жұманғарин: Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 1 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр

4-09-2024, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет Басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин АӨК саласында көзделген жүйелі әрі жедел шаралар бойынша баяндама жасады.

Вице-премьер атап өткендей, биыл көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемі алғаш рет 2 еседен астам ұлғайып, 580 млрд теңгеге дейін жеткізілген.

Сыйақы мөлшерлемесін «Бәйтерек» холдингінің коммерциялық қаражатты тарту кезеңінде төмендетті. Соның арқасында фермерлер бірден арзандатылған қарыз алады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, келесі жылы осындай тәсілмен айналым қаражатын сатып алуға қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру іске қосылады.

Сондай-ақ келесі жылдан бастап АӨК саласын жеңілдікпен қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер тартылған кезде де дәл осындай тетік қолданылады.

Мемлекет басшысының минералды тыңайтқыштарды енгізуді жалпы алғанда 3,2 млн тоннаға, ал келесі жылы 1,9 млн тоннаға дейін арттыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын 8-10%-ға дейін арттыру жөнінде қойған міндеттерін ескере отырып, жалпы осы тетік арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 1 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, инвестициялық жобаларға жеңілдікпен несие беру көлемін 800 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.

Мемлекет басшысы атап өткендей, шаруаларға сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудан жеңілдетілген несие беруге біртіндеп көшу маңызды міндет болып саналады.

Аталған мәселені шешу мақсатында нақты іс-шаралар мен мерзімдері көрсетілген Жол картасы бекітілді.

«Жалпы, “Экономиканы ырықтандыру туралы” Жарлыққа сәйкес тауарлы-спецификалық субсидиялардан жеңілдетілген несие беруге толық көшу 2028 жылдың соңына дейін қамтамасыз етіледі», — деді Серік Жұманғарин. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен 2023 жылдың басынан бері 2 млн бас ірі қара мал, 3,2 млн бас қой мен ешкі, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды.

Есептен шығарылған мал басының негізгі үлесі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі.

Қосымша 2,5 млн тонна дәнді дақылдарды, 2 млн тоннаға дейін картопты және 300 мың тоннадан астам пиязды есептен шығару жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары атап өткендей, қайталанатын толықтыруларды жою үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін есепке алу мен қадағалаудың, сондай-ақ субсидиялар берудің ақпараттық жүйелері жетілдіріліп жатыр.

Бұдан басқа, субсидия алушылар, шаруа және фермер қожалықтары статистикалық есептерді ұсыну арқылы жүз пайыз қамтылады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алып қою мәселелері бойынша Премьер-Министрдің орынбасары бүгінгі таңда 2022-2023 жылдары жерді алып қою жөніндегі комиссия пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 10 млн га ауыл шаруашылығына арналған жер мемлекеттік меншігіне қайтарылғанын атап өтті. Оның 4,3 млн гектары айналымға енді.

Биыл 2 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қайтару жоспарланған, 1,3 млн гектар жер қайтарылды.

«Жер ресурстарын тиімді басқару үшін Қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметі толығымен қайта форматталды және енді оның негізгі функциялары жерлердің ұтымды пайдаланылуын бақылауды күшейту және қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта бөлу болмақ», — деді вице-премьер. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айтқан ауыл шаруашылығын конкурстық рәсімдер өткізбей жүргізу үшін жер учаскелері берілген адал шаруалардың түйткілді мәселелерін шешу мақсатында арнайы Жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының бірінші отырысы осы жылдың 10 қыркүйегіне жоспарланған.

Сонымен қатар жауапсыз тұлғалармен жасалған шарттарды біржақты тәртіппен бұзу практикасын енгізу мәселесі пысықталады.

«Бұл жерде Жер ресурстарын басқару комитеті мен оның аумақтық бөлімшелерінің жерлерді қайтару жөніндегі іс-әрекеттері қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтінін атап өткен жөн. Тауарлы несие беру тетігін енгізу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылады. Тауарлы несиені орта және ірі ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдері кепіл мүлкі жоқ дара кәсіпкерлерге береді», — деді Серік Жұманғарин.

Премьер-Министрдің орынбасарының мәлімдеуінше, Жамбыл облысының азаматтарын оқыту орталықтарын құру жөніндегі тәжірибесін тарату шеңберінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы еншілес ұйымдарының әлеуеті барынша іске асырылады.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде 29 білім тарату орталықтары (БТО) жұмыс істейді, онда тұрақты негізде жұмыс ұйымдастырылған.

Білім тарату орталықтары қызметін күшейту үшін білімді тарату жүйесін қаржыландыруды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін «скрининг» жүргізіледі және осындай орталықтар құрылуы қажет аудандар айқындалады.

Жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортын ынталандыру «инвестиция – өндіріс – басым экспорттық нарықтарға өткізу» үштұғырлы тәсіліне негізделуі тиіс.

Жоғары деңгейде өңделген тауарларды өндіру және экспорттау мақсатында Қазақстанда өндірілмейтін стратегиялық шикізат импортына ҚҚС төмендетуді қарастыру ұсынылады.

Сонымен қатар жоғары технологиялық тауарларды экспорттау кезінде ҚҚС-ны оңайлатылған әрі жеделдетілген қайтару жөніндегі нормаларды қарастыру маңызды.

Аталған мақсаттар үшін Сауда және интеграция министрлігі ҚҚС-ны оңайлатылған тәртіппен қайтарып алу мақсатында жоғары технологиялық тауарларды экспорттаушы қазақстандық кәсіпорындардың тізбесін қалыптастырады.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден астық сатып алған кезде Азық-түлік корпорациясы астықты ҚҚС-мен сатып алады, бірақ экспортқа өткізген кезде ҚҚС сомасы қайтарылмайды, бұл Ұлттық астық операторын жекеше трейдерлермен тең емес жағдайларға қояды. Экспортталатын көлемге ҚҚС қайтару Корпорацияға қаржылық міндеттемелерді азайту үшін қаражат бөлуге мүмкіндік береді», — деді вице-премьер. 

Бұл қолдау шараларын Үкімет жаңа Салық кодексінде пысықтайды.

Жоғары деңгейде өңделген тауарларды экспорттау шығындарын өтеу де – маңызды мәселе.

Бүгінгі таңда жоғарғы деңгейде өңделген тауарлардың экспорты бойынша шығындар 85%-ға дейін өтелуі мүмкін, ал төмен деңгейде өңделген өнімдер 35%-дан аспайды.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында белгіленген экспорттық мүддесі жоғары елдердің нарықтарына назар аудара отырып, жүк әуе тасымалдарына, бірінші кезекте АӨК өнімдері мен тамақ өнеркәсібіне бағдарланған экспортты ынталандырудың жаңа тәсілі енгізіліп жатыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив