Сауда және интеграция вице-министрі Абай облысына барып, бизнес өкілдерімен кездесті
Абай облысына жұмыс сапары барысында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында вице-министр министрліктің негізгі қызмет бағыттарын, оның ішінде ішкі және сыртқы сауданы дамыту, шикізаттық емес экспортты ілгерілету, техникалық реттеу, метрология және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін түсіндірді.
«Министрліктің басты міндеттерінің бірі – қазақстандық өнімдерді халықаралық нарықтарға экспорттауды дамыту. Президент 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 35,6 млрд долларды құрап, жоспарланған көлемнен 2,3%-ға артық болды», – деп атап өтті Қайрат Төребаев.
Бүгінде қазақстандық өнімдердің экспорты 135-тен астам елді қамтиды және бұл тауар ағынын арттырудың маңызды драйвері болып табылады. Қазіргі уақытта перспективалы бағыттар ретінде БАӘ (Дубай), Катар (Доха), Вьетнам (Нячанг), Қытай (Сиань), Иран (Тегеран) белгіленген.
Министрлік экспортты дамыту және ілгерілету үшін операторларды анықтады. Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі бойынша, қазақстандық экспорттаушылар Экспорттық-несиелік агенттік арқылы қолдаудың кең ауқымын, оның ішінде сақтандыру және қаржылық шараларды ала алады. Сонымен қатар, QazTrade аясында экспорттаушыларға арналған 20-дан астам қолдау құралын қамтитын сервистік қолдау шоғырландырылған. Қайрат Төребаевтың айтуынша, бұл құралдардың ішінде көлік және маркетинг шығындарының, сондай-ақ шетелдегі көрмелер мен форумдарға қатысу шығындарының бір бөлігін өтеу қарастырылған.
Соңғы үш жылдағы орташа жылдық қолдау көлемі 2,3 млрд теңгені құрады. 2020 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан экспорттық акселерация бағдарламасы шағын және орта бизнеске жаңа өткізу нарықтарына шығуға тиімді көмек көрсетуде.
Кездесу барысында аймақ бизнес өкілдерін толғандыратын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, экспорт және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
«Қаражыра» АҚ бас директоры Ильяр Низаманов көмір экспортын жүзеге асыру мәселелерін талқылау үшін диалог алаңын құруды ұсынды. Вице-министр бұл мәселені Сауда және интеграция министрлігінің жедел экспорт штабының отырысында салалық министрліктер, бизнес, қауымдастықтар және «ҚТЖ» АҚ өкілдерінің қатысуымен қарауға болатынын атап өтті.
Сапар аясында вице-министр сондай-ақ экспорттық әлеуеті жоғары аймақтың ірі кәсіпорындарына барды.
Алғашқы нысан ретінде «Qazaq Astyq Group» ЖШС-ға барды. Бұл – күнбағыс тұқымын тәулігіне 1200 тоннаға дейін өңдейтін Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын. Компанияның өнімдері Қазақстанның ішкі нарығында сатылады, сондай-ақ Қытайға, Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Кейін вице-министр қаптама материалдарын өндіру бойынша жетекші кәсіпорын – «Казполиграф» өндірісіне барды. Бұл кәсіпорын өнімдерін Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспорттайды.
Жұмыс сапары барысында аймақ кәсіпкерлерінің негізгі мәселелері анықталып, оларды мемлекеттік органдармен бірлесіп шешудің келесі қадамдары белгіленді.