Мәжіліс депутаттары «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңның орындалуын талқылады
Мәжіліс Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, биыл қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңның орындалуына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынға Мәжіліс депутаты Марат Башимов төрағалық етті. Оған Мәжіліс депутаттары, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қоғамдастығының мүшелері қатысты.
Жиынды ашқан Марат Башимов елімізде адам саудасына қарсы іс-қимыл саласына арналған жеке заңның осы шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен биыл ғана қабылданғанын атап өтті. Аталған құжаттың маңыздылығы мен қажеттілігін ескере отырып, ол халықаралық ұйымдар мен Қазақстан қоғамының қолдауына ие болды.
– Ең алдымен, заң «адам саудасының ықтимал құрбаны» ұғымын анықтайды. Себебі кез келген адам мұндай қауіпке ұшырауы мүмкін. Онда адамның еңбегін қанау және сексуальдық тұрғыда пайдаланумен күресуге бағытталған стандарттар нақты белгіленген. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғауға арналған жеке тарау бар. Әсіресе, интернет кеңістігінде қорғауға қатысты. Алғаш рет мемлекеттік органдардың құзыреттері мен жауапкершіліктері нақтыланды. Заң барлық мәселені шешеді, – деді М.Башимов.
Жиында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Нейтан Розенблюм сөз сөйледі. Ал Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Әлия Белоносова өз әріптестеріне алғысын білдірді. Ол ұйымның адам саудасына қарсы іс-қимылға қатысушы тараптардың жауапкершілігі мен міндеттерін айқындайтын қосымша актілерді әзірлеу мен қабылдау бастамасын қолдайтынын атап өтті.
– Адам саудасымен күрес мәселелерін, соның ішінде заң талаптары мен ұлттық іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылау және есеп беру жүйелерін одан әрі жетілдіру өте маңызды, – деді Ә.Белоносова.
Кездесу барысында салалық заңнамаға қатысты сарапшылардың пікірлері тыңдалды. Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Қоғамов заңға қатысты өз ойымен бөлісті. Ал адам саудасымен күрес жөніндегі халықаралық сарапшы Татьяна Котляренко Қазақстанның құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты. Ол құрбандарға қолдау көрсету және одан әрі қанаудың алдын алу механизмдеріне ерекше назар аударды.
Диалог барысында жаңа заңдағы адам саудасының алдын алу, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту, сондай-ақ құрбандарды қорғау және оларға көмек көрсету шаралары талқыланды. Жиынға қатысушылар адам саудасы құрбандарын қорғауды күшейту және барлық тараптың іс-қимылын үйлестіру мәселелеріне ерекше мән берді.