Өңірде тұрғын үй саясатын реформалау бойынша заңнама өзгерістері жүзеге асуда

Елімізде тұрғын үй саясатын жаңғырту жалғасуда. Еске салсақ, өткен жылы қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы банкіне» ұлттық даму институты мәртебесін беретін заңға қол қойды. Бұл өзгеріс тұрғын үйге кезекті орталықтандыруға, мұқтаж азаматтарды есепке алу үдерісін жеңілдетуге және мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуге мүмкіндік бермек.
Аталған заңнамаға енгізілген өзгерістерді талқылау мақсатында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тиісті басқармалар мен «Отбасы банк» өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
Заңға сәйкес, енді тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкіне» беріледі.
Өтпелі кезең 2025 жылғы 23 мамырға дейін жалғаспақ. Осы уақыт ішінде әкімдіктер тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың деректерін «Отбасы банкіне» тапсырады, ал банк есепке алудың жаңа цифрлық жүйесін іске қосады. Жүйе қазіргі таңда 8 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген, болашақта олардың саны артады. Бұл өзгеріс өтініш берушілердің мүліктік жағдайын автоматты түрде тексеріп, олардың қажеттілік критерийлеріне сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта банк жаңа жүйеге көшуге дайындық жүргізіп, аудандарда қызметкерлерді тарту және оқыту жұмыстарын қолға алған.
Оның айтуынша, өтпелі кезең аяқталғанға дейін әкімдіктер мұқтаж азаматтарды есепке алу жұмыстарын жалғастырады. Егер өтініш берушінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үйі болса, бұған дейін мемлекеттік тұрғын үй алған және жекешелендірген болса, ұсынылған деректер дұрыс болмаса немесе өзге де заңнама талаптарына сәйкес келмесе, тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартылуы мүмкін.
«Отбасы банкінің» ресми сайтында кезекте тұрған азаматтардың және мемлекеттік қолдаумен баспана алғандардың тізімдері жарияланатын болады.