Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
505.15 550.31 5.89

Мәжіліс депутаттары елімізге көміртекті егіншілікті енгізу және дамыту мәселелерін талқылады

Кеше, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде дөңгелек үстел өтті. Онда депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерімен көміртекті егіншілікті енгізу және дамыту мәселелерін талқылады.

Отырысты ашқан депутат Нұржан Әшімбетов былтыр қараша айында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 29-конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының тұрақты тәжірибесіне көшу қажеттігіне тоқталғанын еске салды.

– Мемлекет басшысы Қазақстанның ауылшаруашылық жерлері көміртегі шаруашылығын енгізу үшін өте қолайлы екенін атап өтті. Осыған орай бүгін біз көміртегі шаруашылығының рөлі мен маңызын талқылап, ауыл шаруашылығына осы тәсілді қалай енгізуге және дамытуға болатынын қарастыру үшін жиналдық, – деді Нұржан Әшімбетов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, елімізде 29,9 миллион гектар (11%) жер эрозияға ұшырап, құнарлылығы төмендеп, ауыл шаруашылығы әлеуетінің нашарлауына әкеліп соғуда. Бұл ретте 27,1 млн га (15%) жайылымдық жерге шамадан тыс мал жайылған. Жер иелері өз аумақтарының құнарлылығын қалпына келтіру қымбат болғандықтан, оған қызығушылық танытпай отыр.

– Көміртекті егіншілік арқылы жерді қалпына келтіру және оның құнарлы күйін сақтау мәселесін шешуге болады. Оның артықшылығы агротехнологиялар мен минералды тыңайтқыштарды пайдалануды монетизациялауда. Жер пайдаланушылар көміртегі бірліктерін көміртегі нарықтары арқылы компанияларға сата алады. Нәтижесінде жер пайдаланушылар да табыс табады, кәсіпорындар СО2 лимитін арттырып, көміртегі нарықтары сатудан пайыз алады, ал мемлекет СО2 деңгейін төмендетеді, – деді М.Теміржанов.

Дегенмен, оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда көміртекті егіншілік тетігін енгізу мүмкін емес, өйткені парниктік газдардың шығарындылары мен сіңірілуін мемлекеттік реттеу мәселесі арнайы ауыл шаруашылығы алқаптарында жеткілікті түрде реттелмеген. Осыған байланысты заңнамалық тұрғыдан уәкілетті органды айқындап, оған тиісті құзыреттерді беру қажет.

Бұл ретте көміртекті егіншілікті дамытудың Жол картасын қабылдау қажет. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің климаттық саясат департаменті директорының міндетін атқарушы Нұрман Таңатов қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2025-2030 жылдарға арналған құжат әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар Мәжілісте Экология кодексіне көміртегінің орнын толтыру бойынша аумақтарды кеңейтуге қатысты түзетулер қарастырылып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Жаһандық экологиялық қор жобаларының ұлттық үйлестірушісі Айжан Қарабаева климаттың өзгеруімен күресу, топырақ құнарлылығын арттыру және аграрлық секторда жаңа экономикалық мүмкіндіктер құру құралы ретінде көміртегі егіншілігін дамыту тәсілдерін ортаға салды. Оның айтуынша, ұйым Қазақстанға көміртекті егіншілік ұлттық стратегиясын әзірлеп, көміртегін есепке алу тетіктерін біріктіруде. Фермерлерді оқытуда және көміртегі нарығына қолжетімділікті кеңейтуде қолдау көрсетуге дайын.

Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиум төрағасының кеңесшісі Досым Қыдырбаев «Топырақты қорғау туралы» заң жобасының нормаларын қайта қарауды ұсынды. Ол агротехникалық шараларды міндетті түрде орындауға қарағанда зиянды әдеттерді қолдануға тыйым салатын нормаларды енгізуге баса назар аударды. Мысалы, жел эрозиясы аймақтарын терең жыртуға тыйым салу көміртекті үнемдеп, CO2 шығарындыларын азайтатын өңдеуге көшуді ынталандыруы мүмкін.

 Талқылау барысында депутаттар саланы дамытуға қатысты өз ұсыныстарын айтып, сұрақтарын қойды. Мысалы, көміртекті егіншілікті енгізу мен дамыту, ауылдардағы жайылымды жерлерді қалпына келтіру, топырақтың құнарлылығын арттыру, жасыл технологияларды енгізу, парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін реттеу және басқа да мәселелер көтерілді.

– Бүгін көміртекті егіншілікті енгізу және дамыту мәселесі маңызды екенін жақсы түсінуіміз қажет. Сала өкілдері бұл шаралар бойынша өз дәлелдерін айтты, көтерілген сұрақтың шешу жолдары талқыланды. Олар мемлекеттік органдар тарапынан да, ауыл шаруашылығы субъектілері тарапынан да назар аударуды талап етеді деп ойлаймын, – деп түйіндеді Нұржан Әшімбетов.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив