Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
504.44 545.65 5.95

Абайды құрметтеген Қашағанов гаражда тұрып па еді?

28-03-2025, 12:00 Сәтжан Қасымжанұлы

Жақында Семей қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қаладағы көше атауларын қарау мәселесі талқыланған болатын. Расы керек, Семейде идеологиялық тұрғыдан тарихи мәнін әлдеқашан жоғалтса да әлі күнге дейін «қасқайып» қарсы алатын кеңестік империяның «исі аңқыған» көше атаулары жетерлік. Алаштың алтын бесігі атанған қалада Фрунзе, комиссар Рыков, Шмидт, Щорс, Матяж сияқты ататегімен Семейге қатысы жоқ әлдекімдердің қаланың оң жақ бөлігінде «өмір сүріп» тұрғанын көргенде ұлттық намыс еріксіз оянады. 

Әрине, Абай, Шәкәрім, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Кемпірбай Бөгембайұлы, Би Боранбай, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов атындағы көшелер мен даңғылдармен өткенде әлгіндегі ортайған көңіл сәл де болса, арнасына толғандай әсер алатынымыз шындық. Алайда, қаланың сол жақ шетінде орналасқан Компоселок (шынайы атауы – Комсомол поселкесі) кентінен Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков, Янушкевич, Михаэлис есімдері «шыға келгенде» тағы да шырғалаң күй кешесің. Сол кезде Семей шынымен де «парадокстар қаласы» екеніне күмәнің қалмайды. 

Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Негізгі айтпағымыз – Семейдегі көше атауларының орналасу тәртібі туралы. Зер салып қараған адам көше атауларының ескісі мен жаңа нұсқасы қатар тұрғандығын байқайды. Соның бір көрінісін Абай көшесінде орналасқан Абай атындағы кітапхана мекенжайы да әйгілеп тұр. Қазіргі көк түсті, ұлттық өрнекпен көмкерілген жаңа нұсқадағы атауларға сүйсіне көз салғанда, ескісі қоса ілініп тұрғанын көргенде әлгіндегі көңіл қуанышы су сепкендей жоғалып сала береді. Нақты айтқанда, осынау олқылықты жөнге келтіретін уақыт жетті. Мұны қалалық әкімдік те, облыс басшылығы да назарға алуы тиіс.

Осындай бейберектеттіктің тағы бір дәлелін Екейбай Қашағанұлы атындағы көшеден де көруге болады. Кеңестік кезеңде басшылық етсе де бұл қайраткер тұлғаның Семей үшін сіңірген еңбегі зор. Жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабындағы мына бір естеліктен Екейбай Қашағанұлының қандай басшы болғандығын байқайсыз:

«Екейбай Қашағанұлының іскерлік болмысы ерекше күшті, әсіресе, ұлт мәселелеріне араласудан тайынбайтын еді, мәдениет пен әдебиет шаруаларын оңдауға құлшынып тұратын-ды. 1934 жылы шаңырақ көтерген Абай атындағы қазақ театры орыс ұжымымен бірге бұрынғы делдалдар клубын талай жыл қоныс етіп, ескі ғимарат құлатылған соң қалалық Мәдениет сарайында қысылып-қымтырылып ойын көрсететін-ді. Сол жағдаятты өзгертпек болып неше жыл алысып, облатком төрағасының орынтағына ие болған кезде Екейбай Қашағанұлы Мәскеуге дейін шығып, ұлттық үлгі-айшығы айқын тамаша жоба жасатып, оны қаланың кіндік тұсына салғызды»,- деп баяндайды М. Сәрсеке. («Семей қасіреті», 534 бет).

Жазушы одан ары қарай Екейбай Қашағанұлының қазіргі Абай алаңын жасатып, оған Абай ескерткішін орнатуға, Абайдың Жидебайдағы үйінің жаңартылып, қайтадан бой көтеруіне, Бөрілідегі Әуезов үйінің салынуына, Абай музейінің күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі келбетіне сай болуына мұрындық болғандығын тебірене суреттейді. 

Осындай ірі істерімен Семей тарихында айрықша із қалдырған басшының атындағы көшеге жол түскенде тағы да көңілің қу даладай құлазиды. Көше қаланың орталық ауанында орналасқанымен бір тұста «Екейбай Қашаған көшесі», енді бір мекенжайда «Екейбай Қашағанов көшесі» деп жалғасып кете береді. Енді бір тұста ескі, жаңа нұсқасы тағы да қатарынан көзге түседі. Ең сорақысы биыл 180 жылдығы тойланатын Абай Құнанбайұлының есімін туған шаһарына сай қалыптастыру үшін аянбай тер төккен басшының есімін әлдекімнің гаражына апарып жапсыра салғандығында тұр! Бұл сөз жоқ, қала басшылығына, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне үлкен сын. 

Тоқ етерін айтқанда, 12 көшенің атауын өзгертуге ономастикалық комиссия іске кіріспей тұрып, алдымен осындай сорақылықты жөнге келтіруге де назар аударуы қажет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив