Мәжіліс жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Салық кодексінің жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады.
Мәжілісмендер Салық кодексінің жобасы мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары бойынша баяндаған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құжат өткен жылдың қыркүйек айынан бері қаралып жатқанын атап өтті. Биыл оған тұжырымдамалық түзетулер енгізілген. Бұл ретте Үкімет пен Парламент қоғамда қызу талқыланған мәселелерге қатысты ортақ шешімге келді.
– Қосылған құн салығы 16 пайыз болады. ҚҚС шегі – 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылды. Әлеуметтік салада, денсаулық сақтауда қосылған құн салығынан босатылған дәрілік заттардың әлеуметтік тізімін Үкімет анықтайды. Тек ақылы медициналық қызметтерге 10 пайыз ҚҚС салынады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік салық мөлшерлемесі 2026 жылдан бастап 5 пайызды, 2027 жылдан бастап 10 пайызды құрайды, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Банк операцияларына да ҚҚС салынатын болады. Олардың бағасының өсуіне жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп қазіргі бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді. Арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі, яғни тыйым салынбағанның барлығына рұқсат етіледі.
Жоба бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев қосымша баяндамасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін «минус 70 пайыз» жәрдемақы, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі үшін 20 пайыздық корпоративті табыс салығы стандартты мөлшерлемесі сақталатынын айтты.
Сонымен қатар салық мөлшерлемелерін саралау ұсынылады. Корпоративті табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қалады, бірақ депутаттардың бастамасымен банк және ойын секторы үшін 25 пайыз жоғарылатылған мөлшерлеме белгіленеді. Қаржы лизингі, сондай-ақ білім мен медицинаға корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін біртіндеп 10 пайызға дейін арттыру ұсынылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бұл көрсеткіш 3 пайыз деңгейінде қалады.
Сондай-ақ заң жобасын әзірлеушілер арнаулы салық режимдерін реформалады. Қазір қолданыстағы жеті реформаның үшеуі қалады. Ол – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим, шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі және оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты болады. Бұл ретте жылдық кіріс шегі қазіргідей – 600 мың АЕК (2,36 млрд теңге) сақталып отыр. Вице-премьер Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынғанын және басты шарт – тек B2C операциялары болатынын айтты.
Жеке тұлғаларға салық салу бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылмақ. «Сән-салтанат» заттарына (қымбат мүлік, автомобильдер, алкоголь және темекі өнімдері, теңіз кемелері, ұшу аппараттары) жоғары салық салу ұсынылады.
Салық жүйесін трансформациялауға бағытталған түзетулер пакеті де Мәжілістің қарауына ұсынылды. Маңызды бастаманың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері шығарған бағалы қағаздар бойынша кірістерге салық салу ұсынылады. Басқа стандарттар да қарастырылған. Осылайша, жыл сайын бюджетке қосымша 4-5 триллион теңге салық түседі деп жоспарланған. Оның Ұлттық қорға тәуелділігі төмендейді. Ұсынылған салық реформасы өз кірістерін жасыратын адал емес салық төлеушілерге, сондай-ақ салық салудың әділеттілігін арттыруға бағытталған.
Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар Үкіметпен бірге жұмыс істеп, қызу пікірталастардан кейін біраз түйткілді мәселе бойынша ортақ шешімге келгенін атап өтті.
– Салық – өте өзекті сала. Себебі әр қазақстандық азамат, әр отбасы, әр қазақстандық кәсіпкер бүгінгі біздің қабылдаған шешімімізді тікелей сезінетін болады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке әділ, тиімді әрі болжамды салық жүйесін құруды тапсырды, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сөз соңында Ерлан Қошанов әлеуметтік салаға қатысты салық мөлшерлемелерін және басқа да мәселелерді талқылау екінші оқылымға дейін жалғасатынын айтты. Ол түпкілікті шешім оңтайлы әрі теңдестірілген, бизнес үшін де, халық үшін де тиімді болуға тиіс екеніне назар аударды.
Мәжіліс қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленді. Заң 2024 жылғы 16 қазанда бірінші оқылымда мақұлданған еді.
Жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Стамбеков сол уақыттан бері депутаттар құжатқа бірқатар жаңа норма енгізгенін хабарлады. Оның ішінде кепілсіз тұтынушылық онлайн-несиелерді беру кезінде «салқындату кезеңін» (24 сағат) енгізу, бірінші рет несие алатын азаматтар үшін банкте немесе микроқаржы ұйымының филиалында міндетті түрде болуы, азаматтардың жекелеген санаттарына кепілсіз тұтынушылық несиелерді тек «электронды үкімет» арқылы олардың келісімін алғаннан кейін ғана беру талаптары бар.
– Банктер мен микроқаржы ұйымдарының алаяқтық несиелер мен микрокредиттерді есептен шығару негіздері, сондай-ақ алаяқтық белгілері бар операциялар анықталған кезде банктердің банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру өкілеттіктері және Ұлттық банктің антифрод-орталығы қатысушыларының құрамы мен функциялары кеңейтіледі. Ол телефон алаяқтығымен күресу үшін операторлардың деректер базасымен біріктірілетін болады, – деді депутат.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін депутаттар азаматтарға, оның ішінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарына қосымша шаралар қарастырды. Бұл санаттағы азаматтардың экономикалық жағдайы нашарласа, міндетті түрде кемінде үш ай мерзімге айыппұл есептемей несие мен микрокредиттер төлеу кейінге шегеріледі. Сондай-ақ олардың ай сайынғы төлемі 50 пайызға немесе одан да көп мөлшерге азайтылады.
Қарыз алушы жеке тұлғалардан банк несиесін ішінара немесе мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алу алынып тасталады. Шағын несиелер бойынша кез келген тұрақсыздық айыбын (шағын несиені қайтармағаны үшін айыпты қоспағанда) алуға тыйым салынады. Ал қарыз алушылардың жүктемесін азайту мақсатымен банк несиесі немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру агенті комиссиясының шекті мөлшері 10 пайыз болып белгіленді.
Сондай-ақ ұялы телефон абонентімен байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді енгізу, әскери қызметшілерге әскери борышын өтеу кезінде несиелер мен микрокредиттер беруге тыйым салу және басқа да нормалар қарастырылған.
Бұдан бөлек Қазақстанда шетелдік еншілес банктер мен олардың филиалдарын ашу талаптарын ырықтандыру мақсатымен шетелдік банктің жиынтық активтерінің ең төменгі көлеміне қойылатын талапты 20-дан 10 миллиард АҚШ долларына дейін қысқартылды. Шетелдік банктердің филиалдарын ашуға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімі қысқартылып, олар үшін банк қызметі түрлерінің тізбесі кеңейтілді.
Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: құқық бұзушылық профилактикасы туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы.