Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Абай облысында шомылу маусымына бақылау күшейтілді

Бүгін, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс аумағында шомылу маусымына байланысты судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Өңірде ресми шомылуға рұқсат етілген орындар белгіленіп, патрульдік бақылау күшейтіліп, жаңа құтқару бекеттері мен ақпараттық баннерлер орнатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Асет Жолдыбеков баяндады.

– Облыс аумағында шомылуға және демалуға арналған 24 ресми орын белгіленген. Оның ішінде 18 коммуналдық, 2 жекеменшік жағажай, сондай-ақ шомылуға тыйым салынған 4 жаппай демалыс аймағы бар. Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 66 қауіпті орын мен шағын кемелердің қозғалысына шектеу қойылған 2 учаскі анықталған.  Адамдар жиі рұқсат етілмеген, жабдықталмаған жағажайларда шомылып жатады. Осыған орай жүргізілген рейдтік жұмыстардың нәтижесі бойынша 200-ден астам тыйым салынған  орындар анықталды. Бұл жерлерде қайғылы жағдайлардың қаупі жоғары, – деді Асет Жолдыбеков.

Биыл өңірдегі су айдындарында 16 су патрулі мен 32 жаяу патруль кезекшілік етеді. Барлығы 100-ден астам құтқарушы және 26 жүзу мен көлік құралы жұмылдырылған. Құтқарушылар заманауи құрылғылармен, катерлер, гидроциклдер, эхолоттар, суасты бейнебақылау жүйелері, дрондар, дауыс зорайтқыштар және құтқару кеудешелерімен  жабдықталған.

– Біз балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқыс оқиғалардың  алдын алу шараларына ерекше назар аударамыз. Бұл бағытта мектептер мен колледждерде судағы қауіпсіздік ережелері жайлы түсіндірме жұмыстар белсенді жүргізіледі.   Сонымен қатар, жадынамалар, бейнероликтер әзірленіп, әлеуметтік желілер мен ата-аналарға арнайы ақпарат таратылуда, – деп атап өтті спикер.

Қабылданған алдын алу шараларына қарамастан, өткен жылғы шомылу маусымында облыс аумағындағы су айдындарында 17 адам көз жұмды, олардың төртеуі кәмелетке толмағандар. Ал биылғы шомылу маусымы басталғалы бері 6 адам суға батып кетті, оның ішінде 2 бала бар. Сонымен қатар, 31 адам құтқарылып, олардың 10-ы – балалар.

Қала тұрғындарының  ең жиі  демалатын  орындардың бірі – Шүлбі су қоймасы. Мұнда жедел-құтқару жасақтары тұрақты кезекшілік етеді.

– Құтқарушылар вахталық әдіспен, әр алты күн сайын ауысып жұмыс істейді. Барлығы қажетті жүзу құралдарымен қамтамасыз етілген. Олар күн сайын рейдтік шаралар жүргізеді. Демалыс базаларында қоғамдық құтқарушылар мен медициналық бекеттер жұмыс істеп тұр. Жекеменшік жағажайлар толық жабдықталған, бұл зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өрт сөндіру бөлімдері де жаяу патрульмен кезекшілікке тартылады. Бұл тәжірибе Абай облысының барлық аумағында жүзеге асырылып жатыр, – деді ТЖД аға офицері Асылбек Байбұров.

Мамандар шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеді. Су айдындарында тек арнайы рұқсат етілген жерлерде шомылып, балаларды қараусыз қалдырмау қажет. Қалқыма белгілерден аспау, таныс емес жерлерге сүңгімеу және мас күйде суға түспеу – басты талаптар. 

Сонымен қатар, ресми жағажай иелеріне арналған міндетті талаптар да бекітілген. Олар: құтқару бекеттері мен алғашқы медициналық көмек көрсету пункттерін ұйымдастыру, қалқыма белгілерді орнату, дауыс зорайтқыштар мен бақылау мұнараларын қою және ақпараттық стендтерді орналастыру. Бұл шаралар тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив