Мемлекеттік қызмет сапасы – заңдылық кепілі: азаматтың жерге құқығы қалпына келтірілді
Азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу барысында заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі.
Абай облысында азаматтың жер учаскесін алу мәселесі бойынша бұзылған құқығын қалпына келтіру фактісі анықталды. Аталған жағдай мемлекеттік қызмет көрсету кезінде туындаған әкімшілік кедергілердің уақтылы анықталып, заң талаптарына сәйкес шешім қабылданғанын көрсетеді.
Азамат жер учаскесін алу үшін заңнамада көзделген тиісті мемлекеттік қызметті дұрыс таңдап, белгіленген тәртіппен өтініш берген. Алайда жауапты тұлғалар азаматты басқа мемлекеттік қызмет түрін таңдауға бағыттаған. Соның салдарынан азаматтың бастапқы өтініші тиісінше қаралмай, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылған.
Осы мәселе бойынша азаматтың өтініші негізінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету барысына талдау жүргізіп, өтініш берушінің бастапқыда таңдаған мемлекеттік қызмет түрінің заңнама талаптарына сәйкестігін анықтады.
Департаменттің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде азаматтың заңды мүддесі қалпына келтіріліп, мәселе оң шешімін тапты. Атап айтқанда, Жер комиссиясының оң қорытындысы қабылданып, азаматқа жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін көлемі 0,25 га жер учаскесі 3 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілді.
Бұл жағдай мемлекеттік қызмет алушыларды мемлекеттік қызмет түрін таңдауда дұрыс бағыттаудың маңыздылығын және азаматтардың құқықтарын қорғауда мемлекеттік бақылаудың тиімділігін көрсетеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде негізсіз әкімшілік кедергілерге жол бермеу және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін уақтылы қалпына келтіру – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың негізгі кепілі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті