Құрылтайда селекциялық жетістіктерді қорғауға бағытталған заң жобалары таныстырылды
Құрылтайда Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің отырысы өтті. Оған комитет төрағасы Серік Егізбаев төрағалық етті. Жиында «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне селекциялық жетістіктерді қорғауды реттеу және тұқым шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.
Іс-шараға Құрылтай депутаттары, Ауыл шаруашылығы, Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің басшылық өкілдері қатысты. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, Парламентаризм институты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының өкілдері, салалық ұйымдардың басшылары мен сарапшылар қатысты.
Отырысты жүргізген комитет төрағасы Серік Егізбаев Мемлекет басшысының 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өткенін айтты. Оның сөзінше, саланың дамуы мен өнімділігі тұқым шаруашылығына тікелей байланысты. Селекция мен тұқым шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі.
Комитет төрағасы заң жобасын әзірлеуге негіз болған факторларға да тоқталды. Олардың қатарында құқықтық базаның ескіруі, саланың импортқа тәуелділігі, патенттеу үрдісінің әлсіздігі және селекцияны қаржыландырудың жеткіліксіздігі бар.
– Қазақстанда селекция ғылымына жеке инвестиция мүлдем салынбайды десе де болады. Барлық зерттеулер мен әзірленімдер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетте 7,6 млрд теңге қарастырылған, яғни жылына 2,5 млрд теңгеден келеді. Бұл трансұлттық корпорациялармен бәсекелесуге мүмкіндік бермейді, – деген Серік Егізбаев әзірленген заң жобасының аграрлық саланы одан әрі дамыту үшін маңызы зор екенін айтты.
Таныстырылым барысында Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасының негізгі ережелері туралы баяндама жасады. Депутат құжат ережелері Жаңа өсімдік сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одақтың (UPOV) талаптарымен үйлестірілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Қазақстанға генетикалық ресурстар алмасудың әлемдік нарығына толыққанды кіруге, тұқым шаруашылығына жеке инвестициялар тартуға және ғалымдардың зияткерлік құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Баяндамада айтылғандай, өзгерістер аясында селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы қатынастарды реттеудің мақсаттары, міндеттері мен қағидаттарын айқындайтын жаңа бап енгізіледі. «Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одақ» және «UPOV мүшесі» ұғымдары қалыптасады. Сондай-ақ «сұрып» және «отырғызу материалы» терминдері нақтыланады.
– Заң жобасында сорттарға патенттің қолданылу мерзімін есептеу тәсілі қайта қаралды. Оны UPOV Конвенциясына сәйкес өтінім берілген күннен емес, айрықша құқық берілген күннен бастап есептеу ұсынылды. Селекциялық жетістіктің атауы тек ел ішінде ғана емес, UPOV -қа мүше елдерде тіркелген сорттардан да ерекшеленуі тиіс. Сондай-ақ тіркелген сорт атауын сату немесе коммерциялық айналым кезінде тауар белгісімен, коммерциялық атаумен немесе басқа да белгілермен үйлестіру мүмкіндігін бекітетін, UPOV Конвенциясында көзделген жеке тармақ енгізілді. Патент иесінің құқықтарының сарқылуына қатысты жеке бап қосылып, оның құқықтары қолданылмайтын әрекеттер айқындалды, – деді ол. Депутаттың айтуынша, UPOV Конвенциясына қосылу Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жоғары сапалы, өнімділігі мол жаңа сорттардың тұқымдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадам инвестициялар мен озық шетелдік инновациялық технологияларды, селекция мен тұқым шаруашылығының заманауи әдістерін тартуға және сорттарды құқықтық қорғаудың халықаралық жүйесін енгізуге құқықтық негіз қалыптастырады. Нәтижесінде аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігі артып, халықаралық нарықтағы позициясы нығаяды.
Талқылау барысында депутаттар ғалым-селекционерлерге авторлық сыйақы төлеу, зияткерлік меншікті қорғау тетіктері, селекция саласында патенттік сенім білдірілген өкілдер институтын енгізу және басқа да мәселелерді көтерді.
Отырысты қорытындылай келе, Серік Егізбаев селекционерлердің құқықтарын қатаң қорғау тұқым шаруашылығына инвестиция тартудың маңызды шарты екенін атап өтті. Оның пікірінше, «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заң жобасы Қазақстанның аграрлық ғылымын халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Комитет төрағасы таныстырылым барысында көтерілген сұрақтар мен саладағы проблемалар депутат Мұрат Иргибаев жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланатынын атап өтті.