Жоғары оқу орындарының өкілдерімен IT технологиялар саласында кадрлар даярлау мәселелері талқыланды
ҚР ЕХӘҚМ жанындағы Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының және ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің мамандары қазақстандық жоғары оқу орындарының 120-дан астам өкілі үшін IT саласында кадрлар даярлаудың өзекті мәселелері бойынша семинар өткізді.
Іс-шараны ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының директоры Ермек Мақаш студенттерге жас мамандардың әлеуетін арттыру үшін барынша сапалы білім берудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның басшысы Ерасыл Жұманбаев мамандардың тиісті кәсіби деңгейін қолдау қажеттігі туралы айтып берді.
«Ол үшін тек формалды ғана емес, сонымен қатар информалды оқытуды пайдалана отырып, үздіксіз даму, біліктілікті арттыру немесе тікелей жұмыс орнында қосымша дағдыларды алу қажет. Бұған Ұлттық біліктілік жүйесі (бұдан әрі – ҰБЖ) бағытталған», – деп атап өтті ол.
ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің біліктілік жөніндегі сарапшысы Жоламан Увалеев IT саласындағы сапалы кадрларға қажеттіліктің ағымдағы өсуіне егжей-тегжейлі тоқталды.
Тағы бір спикер «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Ольга Киселева болды. Ол кәсіптік стандарттардың мақсаты мен құрылымы туралы айтып, семинарға қатысушыларды Сareer Enbek ҰБЖ цифрлық платформасымен таныстырды.
«Career Enbek – бұл біліктілік жүйесінің барлық қатысушыларының тиімді өзара іс-қимылын, еңбек нарығында мансапты дамыту жөніндегі ақпаратқа еркін қол жеткізуді, ұлттық және салалық біліктілік шеңберлері, кәсіптік стандарттар, кәсіптер тізілімі және т. б. сияқты Ұлттық біліктілік жүйесінің (бұдан әрі – ҰБЖ) базалық құралдары бойынша өзекті ақпаратты қамтамасыз ету үшін құрылған ақпараттық жүйе», – деп хабарлады Ольга Киселева.
Сонымен қатар семинар барысында білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде кәсіптік стандарттарды қолдану мәселелері қаралды, IT саласындағы білім беру бағдарламаларына талдау жүргізілді.