Астанада Республикалық медиация кеңесінің отырысы өтті
Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырумен қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының медиация саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін әзірлеуге бағытталған Республикалық медиация кеңесінің отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚХА Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Полатов, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры Талғат Қалиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова, кәсіби медиатор, «РУХ «Психология және тұлғаны дамыту орталығы» ЖШС директоры, клиникалық психолог Резеда Баймұхаметова, ҚХА Медиация кеңесінің мүшесі, ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ақсана Қаленова, сондай-ақ сарапшылар мен ҚХА қоғамдық құрылымдарының мүшелері қатысты.
Өз сөзінде Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин этносаралық қатынастар саласы нәзік салалардың бірі екеніне баса назар аудара отырып, бұл әр түрлі тәуекелдер мен сын-тегеуріндердің алдын алуға әрдайым дайын болу қажеттілігін білдіретінін алға тартты.
Этносаралық негіздегі дау-жанжалдарды болдырмау бойынша кешенді жұмыстарды озық режимде жүргізудің стратегиялық маңызы өте зор. Кез-келген әлеуметтік қақтығыс әртүрлі алғышарттарды қамтиды және бос жерде пайда болмайды. Жағымсыз салдарды болдырмау мақсатында уақытылы анықтау, талдау және дер кезінде ден қою шиеленістің ушығуының алдын алуға ықпал етеді.
ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А.Қаленова әлемдік құқықтық тәжірибеде дауды немесе жанжалды сотқа жүгіну арқылы реттеу жанжалды шешудің өркениетті жолы ретінде қабылданбайтынын, жеке мәдениетті дамыту тұрғысынан дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдістері әлдеқайда тиімді екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры Т.Қалиев түрлі этнос өкілдерімен жұмысты ұйымдастыруда әр этностың мәдени және басқа да ерекшеліктерін ескеру қажет екенін атап өтті.
Іс-шараның екінші бөлігінде жанжалдардың алдын алу мен шешудің этномедиативтік стратегиялары, сондай-ақ этносаралық қатынастардағы шиеленістерді шешу жолдарын талдау мен олардың әдіс-тәсілдері бойынша семинар-тренинг ұйымдастырылып, қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.