Облыста әктас өңдеу зауытын салу жоспарлануда
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев шетелдік делегация өкілдерімен кездесіп, әктас өңдеу зауытын салу мәселесін талқылады. Басқосуға облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларының, «Семей ӘКК» АҚ басшылары қатысты.
Аймақ басшысы қонақтарға өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, өңдеу өнеркәсібінің оң серпін барын атап өтті. 2023 жылы осы саладағы өндіріс көлемі 543,7 млрд теңгені құраса, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 204 млрд теңгеге жетті. 2024 жылы 415 жұмыс орнын құра отырып, 18,2 млрд теңге сомасына сегіз жобаны іске асыру жоспарлануда.
Кездесуде «Maerz Ofenbau» компаниясының аймақтық директоры Студер Хэинс, «Parget Makina» компаниясының директоры Жевдет Карайбрахимоглу, «Мaerz Austriа» компаниясының өкілі Митчев Коста өз компанияларының қызметімен таныстырып, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін атап өтті.