Олжас Бектенов пен ОПЕК бас хатшысы Хайтам Әл-Гайс мұнай саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен ОПЕК (The Organization of the Petroleum Exporting Countries) бас хатшысы Хайтам Әл-Гайс әлемдік мұнай нарығындағы ағымдағы ахуал мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Үкімет басшысы ОПЕК-тің әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. ОПЕК+ шеңберіндегі мұнай өндірушілер мен экспорттаушылардың келісілген әрекеттері орын алуы ықтимал жағымсыз салдарды азайтуға және нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға көмектеседі.
«Қазақстан ОПЕК+ шеңберінде өзара байланыстарды одан әрі тереңдетуге ниетті. Біз әрдайым ұйымның бастамаларын қолдап, басқа елдермен қатар ағымдағы ерікті міндеттемелер бойынша шектеулерді де қабылдап отырмыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Хайтам Әл-Гайс Қазақстанның әлемдік мұнай нарығындағы маңызды рөлін, елімізде қабылданып жатқан шаралардың мұнай нарығындағы теңгерімді қамтамасыз етуге әсерін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Хайтам Әл-Гайс өзара табысты әрі нәтижелі іс-қимылды жалғастыру ниетін растады.
Анықтама: Қазақстан 2016 жылдан бері ОПЕК+ келісімінің қатысушысы болып саналады. Елімізде 90-нан астам жер қойнауын пайдаланушы мұнай өндірумен айналысады.