Жаңа қолдау құралдары шеңберінде ОТӨ шарттары бойынша көлем 40%-ға артты
Премьер-Министр Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысында Үкімет еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономика өсімін $450 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі алға қойған міндетіне қол жеткізу үшін экономика құрылымын өзгерту бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Экономикалық патриотизм қағидаты Үкіметтің негізгі басымдығы болып белгіленді.
«Біз қашан да отандық өндірушілерді қолдаймыз. Мемлекеттік сатып алу шеңберінде тек қана жергілікті өндірушілерден сатып алынатын отандық тауарлардың тізбесі едәуір кеңейтілді. Соның ішінде химия өнеркәсібі, қағаз өнімдері, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салаларында отандық өнімдерді сатып алу көлемі айтарлықтай өсуде. Қорыта айтқанда, отандық кәсіпорындармен жасалған шарттардың саны 1,4 есеге ұлғайып, жалпы сомасы 40%-ға өсті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Радуга» компаниясының өндірістік жүктемесі биылғы 7 айдың ішінде 12%-дан 100%-ға жеткізілді. Павлодар облысындағы бояу өнімдерін шығаратын «Лакра» кәсіпорнының жүктемесі 70%-ға дейін өсті. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы астаналық «Metal Former» компаниясын 100%-ға жүктеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы, жер қойнауын пайдаланушы басқа да ірі субъектілер отандық өндірушілермен 635 млрд теңге сомасына 382 келісімшарт жасасты.
Экономика өсімін ынталандыратын негізгі құралдардың бірі депутаттардың қолдауымен қабылданған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң болды. Бұл өндірушілердің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді және сатып алу саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алады. Заң аясында Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды.
Тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Ол ірі кәсіпорындар үшін жергілікті өндірушілермен ұзақмерзімді шарттар, офтейк-келісімшарттар жасасу, сондай-ақ елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын енгізу бойынша міндеттемелерді көздейді.