Қазақстан мен Словакия ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ниетті
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Словакия астанасына іс-сапармен барып, ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ниетін растаған Үкімет пен Парламент басшылығымен кездесулер өткізді. Братиславада Вице-премьер-министр – Қорғаныс министрі Роберт Калинякпен, Вице-премьер-министр Петер Кмецпен, Ұлттық кеңестің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мариан Керимен, Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің және Экономика министрлігінің мемлекеттік хатшылары Марек Эштокпен және Камил Шашкомен, сондай-ақ Словакия Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Петер Михокпен кездесулер өткізді.
Р. Василенконың Словакия Үкіметінің басшылығымен келіссөздерінде екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағы талқыланды. Астана мен Братиславаның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігі аталып өтті, бұған әртүрлі деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру ықпал ететін болады. 2024 жылғы 3-4 қазанда Астанада өтетін Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 10-шы отырысы мен бизнес-форумға дайындық жұмыстарына ерекше назар аударылды (ҮАК тең төрағалары – ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шарбиев және Словакия Экономика министрлігінің мемлекеттік хатшысы В. Шимоняк).
Қазақстан мен Словакияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультациялардың кезекті раунды барысында Р. Василенко мен М. Эшток Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің ашқан мүмкіндіктеріне айрышқа мән берді.
ҚР дипломаты Словакияға Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық пен өзара қолдау мәселелері де талқыланды. Тараптар өзара іс-қимылдың қазіргі деңгейіне қанағаттанушылықтарын білдіріп, парламентаралық, ведомствоаралық және өңіраралық байланыстарды, сондай-ақ іскерлік, мәдени және білім беру саласындағы алмасуларды дамыту жоспарларын белгіледі.
К. Шашкомен өткен келіссөздер барысында өзара сауданың оң динамикасы аталып өтті, 2023 жылы сауда көлемі 13,3%-ға өсіп, 138,9 млн АҚШ долларын құрады. Энергетика, көлік, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, IT секторы және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Комиссияның 10-шы отырысының күн тәртібін энергетика, трансқұрлықтық көлік ынтымақтастығы және Еуропа мен Азия арасындағы жаңа жүк тасымалы бағыттары, сондай-ақ кадрларды даярлау және су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық тақырыптарымен толтыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Р. Василенко мен М. Кери арасындағы келіссөздер барысында екі елдің халық қалаулыларының өзара сапарларының тәжірибесін жандандыру арқылы парламентаралық диалогты нығайту перспективалары белгіленді. Өз кезегінде М. Кери Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалап, ҚР басшылығының жүйелі саяси жаңғырту, парламентаризмді нығайту және көппартиялылық бағытындағы табысты курсын атап өтті.
Сапар аясында министрдің орынбасары Словакия Экспорттаушылар кеңесі және Словакиядағы ҚР Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған бизнес-форумға да қатысты. Дипломат Қазақстан экономикасының әлеуеті мен Мемлекет басшысының ҚР Үкіметінің алдына қойған жаңа міндеттері туралы презентация өткізді. Ағымдағы жылы Қазақстанның экономикалық өсуі, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың кең перспективаларымен қатар Қазақстанның елеулі инвестициялық мүмкіндіктері аталып өтті. Іс-шара барысында Р. Василенко іскерлік ынтымақтастықтың нақты жобаларын талқылау мақсатында Словакия экспорттық-импорттық банкінің және Словакияның Adrian, Vzduchotorg, BAUGRUP, Eucos, HDTS сияқты жетекші компанияларының басшыларымен жеке кездесулер өткізді.
Р. Василенко сондай-ақ аналитикалық институттар өкілдерінің, саясаттанушылардың, сарапшылар мен журналистердің қатысуымен өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Қазақстан дипломаты Мемлекет басшысының ҚР саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа міндеттері туралы хабардар етті.
Словакия атом энергетикасы ғылыми-зерттеу институтының стратегиялық даму және халықаралық жобалар жөніндегі директоры Андрей Жиаровский еліміздегі алдағы референдум туралы сөз қозғап, атом энергетикасында тәжірибе алмасуды және мамандарды оқытуды ұсынды. Словакия СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Урбан Руснак пен Словакияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Питер Юза Мемлекет басшысы ұсынған шағын және орта бизнесті қолдау, салық саясаты саласындағы реформаларын, қазақстандықтардың табысын арттыру жөніндегі шараларды және ҚР басшылығының басқа да маңызды бастамаларын жоғары бағалады.
Референдум өткізу Қазақстан халқының ерік-жігерін білдіру және жалпыұлттық диалог мәдениетін нығайтуға, сондай-ақ «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған маңызды қадам болып табылатыны аталып өтті. Дөңгелек үстелде Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке қосқан үлесі тақырыбына ерекше назар аударылды.
«Спорттық дипломатия» аясында Р. Василенко Қазақстан-Словакия хоккей матчына қатысып, 2024 жылғы 8-13 қыркүйекте Астанада өтетін 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Словакияның садақ ату құрамасының мүшелерімен кездесті. Қазақстандық тарап спортшыларға қатысқаны үшін алғысын білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, 2023 жылы екіжақты сауда көлемі 138,9 млн АҚШ долларын құрады (+13,3%), оның ішінде экспорт – 2,2 млн АҚШ доллары (+14,8%), импорт – 136,7 млн АҚШ доллары (+21,3%). Қазақстанда словакиялық капиталмен 26 компания тіркелген. 2005 жылдан 2024 жылдың I тоқсанына дейінгі кезеңде Словакиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 21,1 млн АҚШ долларын құрады.