Өңірде 191 есірткіге қатысты дерек тіркелді
Абай облысында соңғы жылдары есірткі қылмыстарының саны айтарлықтай өскен.Биылғы жылдың қорытындысы бойынша өңірде 191 дерек тіркеліп, оның 89-ы қылмыстық сипатта, қалғаны – әкімшілік құқық бұзушылықтар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары.
Полицейлер заңсыз айналымнан 415 келіден астам есірткі және психотроптық заттарды тәркілеген. Көп жағдайда бұл істерге 18 жас шамасындағы жасөспірімдер мен жастар қатысқан. Олар оңай жолмен ақша табу мақсатында курьер ретінде немесе Telegram-боттар арқылы есірткі тасымалдауға тартылған.
Құқық қорғау органдары есірткі қылмысының алдын алу бағытында профилактикалық шараларды күшейтіп, оқу орындарында түсіндіру кездесулерін өткізуде. Мамандардың айтуынша, нашақорлықпен күресте қоғамның әр мүшесінің белсенділігі мен жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.