Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
448.61 503.83 5.48

KazRoadLab: жол сапасын бақылаудағы цифрлық технологияның рөлі

Бүгін, 15:23

Жол-құрылыс материалдарының сапасын тексеру, зертханалық сынақтардың нәтижелерін нақты тіркеу және бақылау жұмыстарын ашық жүргізу – автожолдардың сенімділігін қамтамасыз етудегі маңызды талаптардың бірі. Осы бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК қолданатын KazRoadLab цифрлық жүйесі зертханалық процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Ақпараттық платформа жол инженерлері мен сынақ зертханаларының жұмысын бір ортаға біріктіреді. Сынама алынған сәттен бастап зерттеу нәтижелері дайын болғанға дейінгі барлық мәлімет электронды түрде тіркеледі. Бұл ақпаратты жүйелі сақтауға, құжат айналымын қысқартуға және зерттеу барысын бақылауға жағдай жасайды.

Нысанда инженер планшет арқылы сынама алынған орынды белгілеп, материал туралы ақпарат пен фотосуреттерді жүйеге енгізеді. Әрбір сынамаға жеке QR-код беріледі. Оның көмегімен үлгінің зертханалық зерттеулерден өту тарихын бақылауға болады.

Жүйенің маңызды ерекшеліктерінің бірі – зерттеу нәтижелерінің объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Зертхана мамандарына сынаманың қай нысаннан алынғаны, сондай-ақ мердігер мен тапсырыс берушінің кім екені көрсетілмейді. Бұл зерттеу қорытындыларына сыртқы ықпал ету тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

KazRoadLab сынақ жабдықтарынан алынған деректерді тікелей қабылдап, белгіленген әдістемелер бойынша есептеулер жүргізеді. Нәтижелер сынақ хаттамасына енгізіліп, өлшеу барысындағы көрсеткіштер камералар арқылы тіркеледі. Фотоматериалдардың жүйеде сақталуы қажет болған жағдайда зерттеу нәтижелерін қайта тексеруге мүмкіндік береді.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облыстық филиалының директоры Мейіржан Бауыржанұлының айтуынша, цифрлық жүйелерді қолдану жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау жұмыстарын жетілдіруге және зертханалық зерттеулердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді.

«KazRoadLab жүйесі зертханалық зерттеулерді бірізді жүргізуге, мәліметтерді электронды түрде сақтауға және сынақ нәтижелерін бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір сынаманың жеке QR-код арқылы тіркелуі ақпараттың қолжетімділігі мен сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар зерттеу процесін цифрландыру мамандардың жұмысын жеңілдетіп, құжат айналымын қысқартуға және адами факторға байланысты қателерді азайтуға көмектеседі», – дейді Мейіржан Бауыржанұлы.

Тапсырыс берушілер мен мердігер ұйымдар да жүйе арқылы өз нысандарына қатысты сынақ нәтижелерімен және анықталған ескертулермен таныса алады. Сондай-ақ қажетті құжаттарды тіркеп, жауап жолдау мүмкіндігі қарастырылған.

KazRoadLab жүйесі Орталықта 2019 жылдан бері қолданылады. 2024 жылы платформа жаңартылып, оның функционалдық мүмкіндіктері кеңейтілді және жаңа технологиялық ортаға көшірілді.

Цифрлық жүйені пайдалану зертханалық жұмыстардың тиімділігін арттырып, жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау процесін жүйелеуге мүмкіндік береді. Бұл – жол инфрақұрылымының сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған технологиялық шешімдердің бірі.


 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив