Облыста кезеңдік тұмау ауруына қарсы егу жұмыстары басталды
Семей қаласында 2023-2024 жылғы эпидемиялық маусымда ЖРВИ сырқаттанушылығы бойынша 25498 жағдай тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ-мен ауырғандардың үлесі – 52,7% құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚР ДСМ СЭБК Абай облысының санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаменті Семей қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ басшысы Шыңғыс Чокушев атап өтті.
2024 жылдың 15 қырқүйегінен бастап Семей қаласында халықты кезеңдік тұмау ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Тәуекел топқа жататын (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммундық қорғаныс-күшi жетiспейтiн, жиi ауыратын және әлсiз балаларды 6 айдан асқан балаларды); жабық мекемелердегі балалар (балалар үйлері, мектеп интернаттардағы балалар); қарттар үйіндегі ересектерді және 2-ші, 3-ші триместріндегі жүктіліктегі әйелдерді жергілікті бюджеттен егу жоспарланған.
Тұмау ауруына қарсы адамдар 1 рет егіледі, аурудан қорғану иммунитеті 14 күннен кейін басталады. Иммунитет 6 айдан 1 жылға дейін сақталады және тұмауға қарсы 6 айлық баладан бастап еңкейген қартқа дейін егілуге болады. Егерде 6 айдан 3 жасқа дейінгі бала егілсе 0,25 мл екпе салынады, одан кейін 3-4 жұмадан кейін 2 ші қайтара 0,25 мл екпені қайталап салады.
Адам папиллома вирусы әртүрлі ағзалардың (мысалы жатыр мойнының немесе аногенитальді аумақтың) терісіне және шырышты қабықтарына инфекция жұқтыратын вирус. Кейбір жағдайларда инфекция папилломалардың (сүйел) пайда болуына алып келеді. Бұл вирус туралы брифингте «ҚР ДСМ СЭБК Абай облысының санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаменті Семей қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Динара Тілекина арнайы түсініктеме берді.
Елімізде жатыр мойны обырының алдын алуы мақсатында 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бастап 11 жасар қыздарды адам папиллома вирусына қарсы, атап айтқанда, 16 және 18 -ші онкогенді типтерге қарсы егу енгізіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі қыздардың кем дегенде 90% адам папиллома вирусына қарсы егілуін ұсынады. Бұл шара скринингпен және ерте емдеумен қатар 2045 жылға қарай жатыр мойны обырының жаңа жағдайларын 42%-ға төмендетіп, 2070 жылға қарай 14 млн өлімнің алдын алуы тиіс.