«ҚазҮнді-2024» оқу-жаттығуы: әскери контингенттер терроризмге қарсы қауіпсіздік мәселелерін пысықтады
Үндістанда «ҚазҮнді-2024» бірлескен қазақстандық-үнділік оқу-жаттығуы аяқталды, оған Қазақстаннан Құрлық әскерлерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері қатысты.
Бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде тау дайындығынан сабақтар өткізілді. Үндістанның «Сурья» полигоны тау кедергілерін еңсерудің әртүрлі элементтерін пысықтауға мүмкіндік берді.
Парашютпен секіруде белгілі межеге дәл түсуді орындау міндеттерін ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парашютшілер тобы орындады. Бұл құрамда парашютші-нұсқаушы ефрейтор Балжан Мұсатаева мен санитарлық нұсқаушы ефрейтор Маржан Сайранова да бар. Күрделі тау жағдайында қыздар межелі алаңға дәл секіріп түсуден жақсы нәтиже көрсетті.
Оқу-жаттығудың соңында терроризмге қарсы қауіпсіздік мәселелерін пысықтау кезінде екі ел әскери қызметшілері терроризмге қарсы күрестің неғұрлым өзекті әдістеріне назар аудара отырып, бір-бірінің осы бағыттағы жұмыс тәжірибесін көрді.
Қазақстан контингентінің басшысы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері штабының бастығы полковник Нұрлан Кәрібаев бірлескен оқу-жаттығу жауынгерлік даярлықтың практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Бірлескен сабақтар барысында бөлімшелердің әскери қызметшілері жауынгерлік дағдының жоғары деңгейін көрсетті, – деп атап өтті полковник Н.Кәрібаев. – Жаттығу ерекше климаттық жағдайларда ну орманда 3800 метр биіктікте өтті. Біздің контингенттің жеке құрамы жауынгерлік машықтарын барынша көрсетті. Оқу мақсаттарына сай барлық міндеттер орындалды.
Қазақстандық командирдің оқу-жаттығу жайлы түйінін Үнді контингентінің басшысы полковник Яогеш Упадхай қолдады.
– Оқу-жаттығу БҰҰ мандатының мақсаттарына сәйкес қазақстандық әскери қызметшілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді, – деп атап өтті полковник Яогеш Упадхай, – әріптестерге барынша күрделі, пайдалы және нәтижелі бірлескен жұмысы үшін алғыс айтқым келеді.
«Сурья» оқу-жаттығу орталығында бірлескен міндеттерді орындау әскери бөлімшелердің өзара іс-қимылын нығайтуға, жаңа тәжірибе алуға және дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді.