Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс — Тоқаев
Президент бұл туралы Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз — баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау. Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ. Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді. Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады. Әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ, — деді Мемлекет басшысы.
Тағыда оқыңыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіҚасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек