Қазақстан өңірлерінде егін жинау науқаны қалай өтті
Үкімет отырысында егін жинау науқанының қорытындылары туралы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндады.
Ақмола облысында майлы дақылдардан басқа ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін жинау жұмысы аяқталды.
«Биыл 4,7 млн гектар алқаптан рекордтық 6,6 млн тонна астық жиналғанын атап өту қажет. Орташа өнімділік гектарынан 14 центнерден асты. Астықтың сапасы жақсы. Бүгінгі таңда, жалпы өнімнің 60%-дан астамы 3-сыныпты құрап отыр», — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Облыс әкімінің айтуынша, жиналған өнімді ескере отырып, өңір тұқымға деген қажеттілікті толық көлемде жапқан. Бұл нәтижеге, ең алдымен, минералды тыңайтқыштарды қолдану және элиталы тұқымның егістік алқабы көлемін екі есе арттырғаннан, сондай-ақ мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілгеннен кейін қол жеткізілді.
«Өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне шамамен 138 млрд теңге, оның ішінде 46,5 млрд теңгесі субсидия түрінде бөлінді. Көктемгі дала жұмыстарына және егін жинау науқанын өткізу үшін «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары жақсы құрал болды. Олардың есебінен 60 млрд теңгеге 600 диқан қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингтеу бағдарламасы бойынша 19 млрд теңгеге 334 техника сатып алынды», — деді М. Ахметжанов.
Өз кезегінде, облыс әкімдігі қаржы институттарының алдындағы шарт міндеттемелерін орындау жұмысын жүргізуде.
Жемшөп дақылдарының егістік көлемін арттырып, шөптің қажетті қоры дайындалды. Сондай-ақ қатты және құнарлы жем-шөп қоры жеткілікті көлемде әзірленген.
«Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндеттерді орындау бойынша қажетті шаралар қолданылуда», — деп қорытындылады өңір басшысы.
Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңір бойынша дәнді дақылдар жинау жұмыстары аяқталғанын, 5,9 млн тонна астық жиналды, орташа көрсеткіш гектарына 14 центнер құрағанын жеткізді.
Оның айтуынша, майлы дақылдарды жинау жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 691,4 мың гектардың 452 мың гектары немесе 65,4% жиналды. 299,8 мың тонна май тұқымы бастырылып, облыс бойынша орта есеппен гектарына 6,6 центнер өнім алынды.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы форвардтық сатып алу бойынша міндеттемелерді өтей бастады. Тапсыруға жататын 165,3 мың тоннаның – 58 мың тонна өнімі, яғни, 42%-ы тапсырылды. Өткен жылдың ұзартылған міндеттемелері бойынша қажетті 2,9 млрд теңгеден 880 млн теңгесі қайтарылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының міндеттемелерін өтеу уақытында қамтамасыз етіледі.
«Астық қабылдау кәсіпорындарына 1,3 млн тонна өнім түсті. Элеваторларға түскен бидайдың 61%-ы 3-ші сыныпты деп танылды. Шаруашылықтардағы қойма үй-жайларындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың жалпы сыйымдылығы 8,3 млн тоннаны құрайды», — деді өңір әкімі.
Оның мәлімдеуінше, келесі маусымға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, 514 мың тонна қажетті тұқым саны дайындалған. 818,8 мың гектар алқап дайындалды, оларды механикалық және химиялық тәсілдермен үш-төрт рет өңдеу жұмыстары және 871,2 мың гектарда күзгі топырақты өңдеу жүргізілді. Жұмыстар жалғасуда.
«Облысқа бөлінген дизель отынының көлемі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Биылғы егін жинау және күзгі-дала жұмыстарын ойдағыдай аяқтау бойынша барлық мәселелер бақылауға алынды», — деп түйіндеді сөзін спикер.
Солтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдар 3,3 млн гектар алқапта жиналды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің мәліметінше, жалпы түсім 6,2 млн тоннаны құраған, орташа өнімділік гектарына – 18,6 центнер.
«Майлы дақылдар 674,2 мың гектарды құрады, оның 428,7 мың гектары (63,6%) жиналды. Жалпы түсім 494,3 мың тоннаны құрайды, орташа өнімділігі 11,5 ц/га. Картоп пен көкөністің 100 пайызы жиналды», — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының баяндамасында айтылғандай, 2025 жылғы егіс жұмыстарына 469,5 мың тонна тұқым немесе қажеттіліктің 100% бастырылды. 3,2 млн гектарға 256,6 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Жерді жырту бойынша жұмыс 3 млн гектар алқапта жүргізілді.
«Ірілендірілген және жеке шаруашылықтар мал азығымен толық қамтамасыз етілді. 414,5 мың тонна пішен, 509,1 мың тонна сүрлем, 1244 мың тонна шөп, 872,6 мың тонна сабан әзірленді», — деп мәлімет берді Ғ. Нұрмұхамбетов.
Өңірдің астық қабылдау кәсіпорындары 1,6 млн тонна жаңа өнімді қабылдады. Оның ішінде 1,2 млн тонна бидайдың жартысы (41 %) – 3-сыныпты бидай. Облыста 6,9 млн тонна астық қоймасы, 332 астық кептіргіш бар. Олар тәулік бойы жұмыс істейді.
Ауа-райы жағдайын ескере отырып, астық кептіру үшін 20 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны қосымша берілді. Сондай-ақ қосымша 4 800 тонна сұйытылған газ бөлінді.
Азық-түлік корпорациясының алдындағы міндеттемелердің орындалуы тұрақты бақылауда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік корпорациясы «ҰК» АҚ ағымдағы жылы 271,5 мың тонна көлемді қайтаруға 18,8 млрд теңге сомасына қаржыландырылды.
«Бүгінгі таңда қайтару 3,7 млрд теңгені немесе 19,4%-ды құрайды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Жалпы барлық қажетті іс шаралар уақытылы және толық көлемде өткізілді», — деп түйіндеді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 46,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Ербол Қарашүкеев баяндады.
Оның мәлімдеуінше, облыстың 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 19,7 млрд теңге көлемінде субсидия төленген. Сондай-ақ қаржы институттары арқылы 1 045 агроқұрылымға 15,2 млрд теңге несие берілді.
2024 жылғы 415,4 мың гектар алқап өніміне 83,1 мың тонна тыңайтқыш ендіру жоспарланған. Бүгінде 1 мыңнан астам фермер тарапынан 74,2 мың тоннасы алынып, 370 мың гектар алқапқа тыңайтқыш ендірілді. Тыңайтқыштарды ендіру күзгі дала жұмыстарында жалғасып, жоспар уақтылы орындалады.
Жалпы, 2024 жылдың өнімі үшін 626,7 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егін жинау науқанының есептік кезеңінде 352,9 мың гектар алқаптағы масақты дәнді дақыл толықтай орылып, 586,4 мың тонна астық жиналды.
«Ауа райының қолайлы болуына және диқандар тарапынан агротехникалық шаралардың мерзімінде жүргізілуі есебінен масақты дәнді дақылдардан алынған орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 10 ц/га-дан 16,6 ц/га дейін өсті. Бұдан бөлек, бүгінгі күнге картоп, майлы дақылдар, көкөніс, бақша және қант қызылшасын жинау жұмыстары мерзіміне сәйкес жүргізіліп келеді. Биыл 3,6 млн тоннадан астам өнім алу жоспарланып отыр. Өздеріңізге мәлім, облыстағы фермерлердің алаңдаушылығын тудырып отырған мәселенің бірі – қант қызылшасын өткізу. Биыл облыста 11,2 мың гектарға орналастырылған қант қызылшасы алқабынан 600,0 мың тоннадан астам өнім алу күтілуде», — деді ол.
Оның айтуынша, жоспарлы өнімнің 450 мың тоннасын Меркі қант зауыты қабылдайтын болады. Қант зауытымен келісілген кестеге сәйкес қабылдау жұмыстары 10 қыркүйектен басталып, бүгінде 166,1 мың тонна өткізілді.
Меркі қант зауытына Үкімет тарапынан тиісті көмектер көрсетілуде. Зауыттың айналым қаражатын толықтыруға Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілуде. Қалған 100-150 мың тоннаға жуық өнім Ақсу қант зауытында қайта өңделеді.
«Облыс фермерлері Ақсу қант зауытына қызылша өткізуді бастады, бүгінгі күнге 14,6 мың тоннаға жуық өнім өткізілді. Ақсу қант зауытына шикізат тасымалдау шығындары берілетін субсидияның нормативін 25 теңгеден 45 теңгеге көтеру есебінен өтеледі. Меркі қант зауытына өткізілген өнімді жергілікті бюджет есебінен субсидиялау жұмыстары басталды. Қолда бар қаржымен 6,8 мың тонна өнім субсидияланды. Жалпы 600 мың тоннаға жуық өнімді субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 16 млрд теңге қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде», — деді спикер.