Сенаторлар Қазақстан мен Ресей Парламенттері Палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысына қатысты
Мәскеу облысында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 25-ші отырысы өтті. Отырыс жұмысына қазақстандық тараптан Сенат депутаттары Жақып Асанов, Ольга Булавкина, Жанна Асанова, Нурия Ниязова, Марат Қожаев және Шәкәрім Бұқтығұтов қатысты.
Отырыстың ашылуында Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв алғы сөз сөйледі. Кездесу барысында тараптар парламентаралық өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын қарастырды, сондай-ақ Комиссияның 2023-2025 жылдардағы қызметінің қорытындыларын шығарды. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов өзара іс-қимылдың тұрақты динамикасын және Комиссия жұмысының практикалық бағыттылығын атап өтті.
«Біз өзара іс-қимылымызға нысаналы талдау жасап, Комиссия жұмысын қорытындыладық. Ынтымақтастық динамикасы жүйелі әрі тұрақты сипатқа ие болды. Энергетика, логистика, ғылым, білім, мәдениет және су пайдалану мәселелерінде - іс жүзінде барлық бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Хаттаманың әрбір тармағы бойынша Комиссияның жауапты мүшесі бекітілді және қойылған көптеген міндеттер орындалды», - деді Жақып Асанов.
Ол сондай-ақ Ресей Федерациясы Қазақстан үшін негізгі стратегиялық серіктес екенін және қалыптасқан мемлекетаралық диалог деңгейі бұдан былай да дәйекті түрде нығая түсетінін баса айтты.
Отырыс аясында екі елдің бейінді комитеттерінің өкілдері баяндама жасады. Қазақстандық тараптан парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған ұсыныстар айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға және негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екендіктерін растады.