Cемей-6°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Бүгін, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

2024 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары өтті.

Мемлекеттердің басшылары дәстүрлі түрде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына тән өзара толық түсіністік, ашықтық пен сенім жағдайында, екіжақты ынтымақтастықтың барлық кешені бойынша жемісті келіссөздер жүргізді, өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмасты, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің перспективаларын қарастырды.

Мемлекеттердің басшылары 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияның, сондай-ақ 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарттың ережелеріне деген айнымас адалдығын растады.

Мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарда дәйекті түрде нығайып келе жатқан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының одақтастық қарым-қатынастарының орнықтылығын атап көрсетіп, екі елдің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу негізінде мемлекетаралық диалогты дамытуға уағдаласты.

Мемлекеттердің басшылары Қазақстан мен Ресейдің ішкі саяси тұрақтылығына нұқсан келтіру, егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу әрекеттеріне қарсы бола отырып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы бір-біріне қолдау көрсетуін жалғастыратынын атап өтті.

Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындыларын жоғары бағалай отырып,

өткізілген келіссөздердің нәтижелілігін және олардың екі ел халықтары үшін ұзақ мерзімді оң нәтижеге бағытталғанын атап өтіп,

Уфа қаласында (Ресей Федерациясы) өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңіраралық ынтымақтастығының ХХ форумының және алдағы уақыттағы Ақтау қаласында (Қазақстан Республикасы) Ресей Федерациясының Бас консулдығының ашылуының маңыздылығын мойындай отырып,

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев және Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин төмендегілер туралы мәлімдейді:

І. Саяси диалог

1. Тараптар өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған саяси диалогты жоспарлы дамытуға, тату көршілік рухында және Қазақстан мен Ресей халықтарының ғасырлар бойғы достығы дәстүрлерін сақтауға және ұлғайтуға бағдарланған екіжақты байланыстардың жоғары қарқынын қолдауға бейілділігін растайды. Әлемде болып жатқан қарқынды және терең өзгерістер кезеңінде бірлескен прогресті қамтамасыз ету үшін сенімдік, одақтастық бағыттағы жоғары және аса жоғары деңгейлерде тұрақты байланыстарды жалғастыруға және сыртқы саяси өзара іс-қимылды нығайтуға ниеттенеді.

2. Тараптар екі елдің парламентаралық ынтымақтастығының, заң шығару қызметі саласында, оның ішінде парламенттер палаталары, олардың бейінді комитеттері деңгейінде тәжірибе алмасудың, сондай-ақ фракцияаралық өзара іс-қимылдың жоғары қарқындылығын қанағаттанушылықпен атап өтеді.

3. Тараптар қарым-қатынастарды және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша ұстанымдардың үйлесімділігін нығайтуға ықпал ететін сыртқы саяси ведомстволар желісі бойынша тұрақты және сенімді өзара іс-қимылды қолдайды.

4. Тараптар халықаралық қатынастар архитектурасын жаңа болмысқа және тәуелсіз әлемдік және өңірлік күш орталықтары санының ұлғаюы, жаһандық геосаяси турбуленттіліктің күшеюі және дамуы жағдайында еуразия құрлығында тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бейімдеу ісіндегі маңызды құрамдас бөлік ретіндегі екіжақты ынтымақтастықтың ерекше рөлін түсінеді. 2023 жылғы 13 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының Көпполярлы әлемдегі халықаралық қатынастар туралы мәлімдемесінде баяндалған неғұрлым әділ және тең құқылы жаһандық тәртіпті қалыптастыруға жәрдемдесу жолдарын пайымдауға бейілділігін растайды. Жаңа геосаяси болмыстар еуразиялық кеңістікте қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайту қажеттілігін растайтынын атап өтеді.

Халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарды үйлестіру, халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттары, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Жарғысы негізінде, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) секілді бірлестіктер желісі бойынша ынтымақтастықтың көпжақты тетіктерін нығайту Қазақстанның, Ресейдің және олардың серіктестерінің халықаралық терроризм мен экстремизмді, есірткінің заңсыз айналымын, қару-жарақтың заңсыз саудасы және басқаларды қоса алғанда, қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге орнықтылығын арттыруға ықпал етеді.

5. Тараптар Қазақстан Республикасының 2024 жылғы ҰҚШҰ-ға төрағалығының тиімділігін атап өтеді және ұйымның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін мойындай отырып, әскери-саяси өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, ҰҚШҰ-ның Ұжымдық күштерінің жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталғанын атап көрсетеді. Ұйымның әлеуетін үдемелі арттыру және оның халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткінің, қарудың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға және басқа да заманауи сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күреске қосқан практикалық үлесін құптайды. ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы бітімгершілік операцияларын жүргізу және дағдарыстық жағдайларға ден қою бойынша ұжымдық іс-қимылдардың мүмкіндіктерін жоғары бағалайды.

6. Тараптар ТМД-ны кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастықтың тиімді тетігі ретінде қарастырады, осы форматтағы өзара іс-қимылды дамыту мен тереңдетуді жақтайды. Ресей Федерациясының Достастықтағы 2024 жылғы төрағалығының тиімділігін атап өтеді және жаһандық және өңірлік ынтымақтастық үдерісіне елеулі үлес қосатын беделді халықаралық алаң ретінде ТМД-ның әлеуетін нығайту бойынша одан әрі бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдіреді.

7. Тараптар Еуразиядағы тең және біртұтас қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруға ықпал ететін ШЫҰ-ның әлеуеті мен халықаралық рөлін одан әрі дамыту және нығайту бойынша үйлестірілген күш-жігерді арттыру ниетін растайды.

Тараптар 2023-2024 жылдары ШЫҰ-ға Қазақстан Республикасының төрағалығы шеңберінде олардың арасындағы тығыз өзара іс-қимылды атап өтіп, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесі отырысының қорытындыларын, оның шеңберінде қол қойылған құжаттарды, оның ішінде 2024 жылғы 4 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астана декларациясын және қазіргі геосаяси жағдайдағы ұйым бірлестігінің қызметін кешенді жетілдіруге бағытталған «ШЫҰ+» жоғары деңгейдегі тақырыптық кездесуін жоғары бағалайды. Қазақстан мен Ресей ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саяси, экономикалық, қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастығын, сондай-ақ олардың гуманитарлық байланыстарын дамыту және тереңдету жөніндегі шараларды қабылдайды.

2025 жылы БҰҰ-ның алдағы 80 жылдығының аясында Тараптар «Әділетті әлем, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы» ШЫҰ-ның бастамасын қолдау жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын бірлесіп ілгерілету ниетін растады.

8. Тараптар БҰҰ-ны қоса алғанда, халықаралық алаңдарда екіжақты форматта да, сондай-ақ өңірлік бірлестіктер шеңберінде де өзара іс-қимылды нығайтуға бейілділігін растайды.

9. Тараптар екі елдің өзара сенімі мен егемендігін құрметтеу рухына қайшы келетін қоғамдық және ресми тұлғалардың жауапсыз мәлімдемелерін айыптайды.

10. Тараптар 2024 жылы Ресей Федерациясының аумағында болған террористік актілерді қатаң айыптап, терроризмнің алдын алу және ымырасыз күресу мақсатында арнаулы қызметтер желісі бойынша тығыз байланыстарды жүзеге асыруға, жедел және өзге де ақпаратпен алмасуға уағдаласты.

II. Экономикалық ынтымақтастық

11. Тараптар неғұрлым әділ, теңдестірілген және ашық халықаралық сауда жүйесін қалыптастыруға мүдделілік танытады. Біржақты шектеу шараларын қолдану халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастыққа және мемлекеттердің тұрақты дамуына теріс әсер ететінін, көпжақты сауданың ашық және кемсітілмейтін жүйесінің жұмыс істеуіне ықпал етпейтінін растайды.

Қазақстан мен Ресей еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді ұштастыру мәселелері бойынша, оның ішінде олардың қатысушылары арасындағы сауда қатынастарын ырықтандыруды, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды бірлесіп дамытуды және экономикалық өзара іс-қимылдың басқа да мәселелерін қоса алғанда, сондай-ақ Үлкен еуразиялық әріптестік идеясы шеңберінде бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

12. Тараптар Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қарқынын жандандыруды, өндірістің перспективалы салаларында өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуді жақтайды. Теріс жаһандық трендтерге қарамастан өзара тауар айналымының жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізілуі үкіметтер деңгейінде қабылданып жатқан шаралар мен шешімдердің тиімділігін растайтынын атап өтеді.

13. Тараптар ұлттық валюталардағы екіжақты транзакциялар үлесінің ұлғаюын қолдайды, бұл ұзақ мерзімді перспективада екі елдің қаржылық егемендігін нығайтуға ықпал етеді.

Көпжақты қаржылық және салалық ұйымдардың алаңдарында өзара іс-қимылды нығайтуға ниеттенеді.

Мемлекеттердің иммунитеттеріне және олардың меншігіне, оның ішінде егеменді резервтерге қатысты халықаралық міндеттемелер бұлжытпай сақталуы тиіс екенін растайды.

Қаржы саласындағы одан әрі өзара іс-қимылға және төлемдер мен ақша аударымдары саласындағы ынтымақтастыққа ықпал ететін болады.

14. Тараптар өндірістік кооперацияны тереңдету, автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, химия, фармацевтика, құрылыс сияқты басым салаларда және басқа да салаларда бірлескен өзара тиімді жобаларды дамыту, өзара қолайлы шарттарда өнеркәсіп өнімдерін өзара жеткізуді реттейтін ішкі рәсімдерді жеңілдетуге жәрдемдесу ниетін растайды.

15. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 10 жылдық мерейтойы жылында Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін сенімді түрде атап өтіп, Шарт шеңберіндегі еуразиялық экономикалық интеграция Тараптардың ұлттық мүдделеріне жауап беретініне, барлық мүше мемлекеттерге бәсекелес артықшылықтар жасайтынына және даму үшін зор әлеуетке ие екеніне сенім білдіреді.

Тараптар Шартта көзделген мақсаттар мен қағидаттарға бұлжымас бейілділігін растайды, ЕАЭО интеграциялық әлеуетін ашу және ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы Одақ шеңберіндегі ортақ нарықтарды одан әрі дамыту, ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттер тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында Одақ шеңберінде бизнесті кооперацияға тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығына сүйенеді.

16. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың тиімділігін қанағаттанушылықпен атап өтеді, мұны 2023 жылдың қазан айында басталған «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырымен Қазақстан аумағы арқылы ресейлік табиғи газ жеткізілімдері, сондай-ақ 2024 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімге қол қойылуы растайды.

17. Тараптар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі, сондай-ақ елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы шешуші рөл атқаратын Каспий құбыр консорциумының тұрақты жұмысын атап өтеді.

18. Тараптар газ саласындағы, оның ішінде газды үшінші елдерге тасымалдау мақсатында әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреді. Бірлескен жобаларды іске асыру Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады, Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға қуатты серпін береді.

Тараптар ресурстарды жеткізудің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында аса маңызды трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігіне кепілдік беру қажеттігін атап көрсетеді.

Табиғи газдың әділ, сатылай және теңдестірілген энергетикалық жүйеге өтуді іске асырудағы маңызды өтпелі отын ретіндегі рөлін ерекше атап өтеді.

19. Тараптар Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарын газдандыру жобасын сапалы әрі тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтеді.

20. Қазақстан мен Ресейдің көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге, қоршаған ортаға парниктік газдар шығарындыларын едәуір төмендетуге және экстремалды климаттық құбылыстарға қарсы іс-қимылға бағытталған беталысын ескере отырып, Тараптар тәжірибе мен технологиялармен алмасуды, сондай-ақ сала үшін білікті кадрлар даярлауды қоса алғанда, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, басқа да энергияның төмен эмиссиялық көздері саласындағы екіжақты өзара іс-қимыл перспективаларын мұқият зерделеуге уағдаласты.

21. Тараптар Еуразиялық кеңістікте тұрақты және тиімді көлік дәліздерінің архитектурасын құрудың, сондай-ақ екі ел арасындағы көліктік-логистикалық байланыстарды одан әрі жетілдірудің стратегиялық маңыздылығын атап өтеді. Алдағы кезеңге негізгі міндеттер ретінде теміржол көлігімен тасымалдау көлемін ұлғайту, сондай-ақ автомобиль көлігімен екіжақты және транзиттік тасымалдарды ұлғайту айқындалады.

Тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін қалыптастыру шеңберінде жобаларды практикалық іске асырудың басталуын қолдайды, бұл оның белдеуіндегі барлық елдердің дамуына елеулі мультипликативтік әсер береді. Аталған көлік дәлізінің шығыс тармағы бойынша инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға ерекше назар аударылады.

Мәскеу облысында логистикалық торап құрылысының белсенді жүргізілуі Қытай Халық Республикасынан Қазақстан арқылы Ресейге тікелей көлік қатынасын дамытуға ықпал ететінін атап өтеді.

Тараптар 2023 жылғы қарашада қол қойылған «Беларусь – Ресей – Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үнді мұхит порттары» халықаралық көлік дәлізін құру және дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумды тез арада іске асыру үшін күш-жігерін арттыратын болады.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық кооперацияны ұлғайту және тиімді, сенімді, қауіпсіз және жіксіз жеткізу тізбектері есебінен тауарлар ағынын әртараптандыру арқылы жүк жөнелтушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өңірлік өзара байланысты нығайту жөніндегі өзара іс-қимылдың басымдығын қолдайды. Осы күш-жігердің шеңберінде еуразиялық кеңістіктегі түрлі көліктік-логистикалық жобаларды ұштастыру идеясы оң бағаланады.

22. Халықаралық көлік форумын, Теміржол ынтымақтастығы ұйымын және басқаларды қоса алғанда, көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдың ерекше маңызын атап өтіп, Тараптар халықаралық ұйымдардың, оның ішінде салалық ынтымақтастықтың саясаттануына дәйекті түрде қарсы шығады.

23. Тараптар өзара тауар айналымы құрылымындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсу үлесін қанағаттанушылықпен атап өтеді. Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие және халықаралық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нығайтудағы өзінің маңызды рөлін түсінеді.

Аграрлық ғылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемін жолға қою және арттыру, трансшекаралық су ресурстарын үнемді және үйлестірілген пайдалану саласындағы ынтымақтастық алдыңғы кезектегі маңызға ие.

24. Тараптар 70 жылдық мерейтойы келесі жылы кеңінен атап өтілетін «Байқоңыр» ғарыш айлағының бірегей технологиялық, ғылыми-зерттеушілік және тарихи маңызы туралы ортақ ұстанымды растайды. Нысан жалпыадамзаттың игілігі болып табылады. Бірлесіп ғарышты игеру, эксперименттік зерттеулер жүргізу, телекоммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады.

25. Тараптар қазақстандықтар мен ресейліктер арасында туристік орындар мен маршруттар туралы ақпаратты неғұрлым белсенді өзара ілгерілету қажеттігін атап өтеді. Екі елдің орасан зор рекреациялық әлеуеті толық көлемде пайдаланылмауда, бұл осы бағытта қосымша күш-жігерді жандандыруды талап етеді.

26. Тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта, оның ішінде заңсыз иемденілген активтерді қайтару, сондай-ақ өзара ақпарат алмасу бойынша кешенді жұмысты жалғастырады.

27. Тараптар екіжақты қатынастарды дамытудағы әртараптандырылған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының өсіп келе жатқан рөлін және екі елдің тасымалдаушылары, көлік құралдары мен азаматтары шекарадан өту кезіндегі жасанды әкімшілік кедергілерді одан әрі жою қажеттігін атап өтеді.

ІІІ. Мәдени-гуманитарлық байланыстар

28. Тараптар кеңес халқының 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығында салтанатты іс-шараларды өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Өскелең ұрпақтың ата-бабаларының шайқас алаңында және тылдағы ғаламат адамдық ерлігін түсінуі маңызды екені басымдықпен атап өтілді.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу тұрғысында майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін құрметтеуге, қаза тапқандарды еске алуға, бірлескен акцияларға және басқа да іс-шараларға, оның ішінде қазақстандық және ресейлік оқушылардың қатысуымен патриоттық-білім беру жобаларына маңызды мән беріледі.

Тараптар тарихшылардың, архившілердің, іздестіру жасақтары мен еріктілер ұйымдарының, оның ішінде Қазақстан мен Ресей тарихшыларының бірлескен жұмыс тобы мен тарихшылар және ТМД-ға қатысушы мемлекеттері архившілерінің халықаралық қауымдастығы (комиссиясы) шеңберінде өзара іс-қимылын арттырады.

ТМД мен ҰҚШҰ-ны қоса алғанда, халықаралық алаңдарда Тараптар Нюрнбергтегі Халықаралық әскери трибуналдың үкімінде белгіленген нацистер мен олардың көмекшілерінің әрекеттері Кеңес Одағы халықтарының геноциді ретінде саналуы тиіс екенін атап көрсетеді.

29. Тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2023 жылғы 13 қазанда Құру туралы шартқа қол қойылған Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру жөніндегі бастамасының маңыздылығын қанағаттанарлықпен атап өтеді. Ұйым мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттердің қосылуы үшін ашық деп қаралады, ол әлемдік жетекші тілдердің бірі және еуразиялық кеңістіктегі мемлекетаралық қарым-қатынастың негізгі құралдары ретінде А.С.Пушкин мен Л.Н.Толстой тілдерінің зор коммуникациялық, ғылыми және мәдени рөлін нығайтуға ықпал ететініне берік сенім білдіреді.

Тараптар Ұйымның басқарушы органдарының алғашқы отырыстарын өткізуге және оның толыққанды жұмыс істеуін жедел іске қосуға күш салады.

Көрнекті қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Тараптар оның шығармашылығына ерекше мән береді, сондай-ақ оның орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліндегі аудармаларының маңыздылығын атап өтеді.

30. Қазақстан мен Ресей Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) әлеуетін әмбебап үкіметаралық гуманитарлық форум ретінде одан әрі нығайтуға және осы алаңда мүше мемлекеттердің келісім табуына және біріктіруші күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған кәсіби диалогты сақтауға ықпал ету қажет деп санайды.

31. Тараптар Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) өткен «Болашақ ойындары» бірінші халықаралық мультиспорттық турнирінің өткізілуін жоғары деңгейде бағалайды. Спорттық жарыстардың бұл бірегей форматы бүкіл әлем бойынша жастардың назарын аударды. Оның дамуы дене шынықтыру және спорт желісі бойынша мемлекетаралық өзара іс-қимыл бағыттарының біріне айналады.

Ресей тарапы 2026 жылы Қазақстанда үшінші «Болашақ ойындарын» өткізу туралы шешімді қолдайды.

Тараптар Астана қаласында (Қазақстан Республикасы) ЮНЕСКО аясында Дүниежүзілік көшпенділер - 2024 ойындарын өткізу нәтижелеріне жоғары баға береді, бұл әртүрлі елдер мен халықтардың мәдениеттерін жақындастыруға ықпал етеді.

32. Тараптар 2024 жылғы наурызда Сочи қаласында (Ресей Федерациясы) өткен Дүниежүзілік жастар фестивалінің деңгейі мен нәтижелерін жоғары бағалайды және жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және олардың өзін өзі танытуына, білім алуына және қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау мақсатында одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттенеді.

33. Тараптар жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептер филиалдарының өзара ашылуының маңыздылығын ерекше атап өтеді. Бұл бастамалар білім беру байланыстарын және мәдени байланыстарды нығайтуға, халықтарымыздың рухани және зияткерлік мұраларын байытуға ықпал етеді. Осы бағыттағы бірлескен күш-жігер олардың одан әрі дамуы мен өркендеуіне септігін тигізеді.

34. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени диалогтың өсіп келе жатқан серпінін қанағаттанарлықпен атап өтеді. Бірлескен мәдени іс-шараларды – театр фестивальдерін, классикалық, халықтық және танымал музыка концерттерін, жетекші мұражайлардың, галереялардың көрмелерін және басқа да жобаларды белсенді іске асыруды жалғастырады.

35. Тараптар діндер мен мәдениеттер арасындағы, оның ішінде, діни төзімділік пен өзара сыйластық идеяларын ілгерілету алаңы болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясындағы жаһандық диалогтың маңыздылығын атап көрсетеді.

36. Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин жылы қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевты 2025 жылы Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабылдады. Сапар мерзімі қосымша келісілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив