Семейде білім саласы өкілдері Жаңа Конституция жобасын талқылады
Семей қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық сарайында білім беру саласының қызметкерлерімен Жаңа Конституция жобасына арналған мазмұнды кездесу өтті. Басқосу «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы аясында ұйымдастырылды.
Жиынға Абай облысы мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков және коалиция мүшелері қатысып, сала қызметкерлерімен ашық форматта пікір алмасты. Кездесу барысында 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы, Конституция жобасына енгізілетін өзгерістердің мазмұны мен олардың қоғам дамуына ықпалы кеңінен талқыланды.
Шалқар Байбеков жалпыұлттық референдум өткізу туралы Мемлекет басшысының Жарлығының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Жаңа Конституция жобасы – елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. «Қоғам жаңарып келеді, соған сәйкес құқықтық негіз де жаңғыруы тиіс. Референдум – халықтың тікелей таңдау жасау мүмкіндігі. Сондықтан бұл кезеңде түсіндіру жұмысының сапасы ерекше маңызды», – деді ол.
Коалиция мүшелері конституциялық реформаның мазмұнына жан-жақты тоқталды. Ардагерлер кеңесінің өкілі Мұрат Алин, Семей қаласының құрметті азаматы Зейнолла Тоқаев, облыстық мәслихат депутаттары Рафаиль Хазипов, Марат Құрманбай, Мерей Қарт және Жидебай-Бөрілі музей-қорығы директоры Ұлан Сағадиев өзгерістердің тарихи әрі құқықтық маңызын тарқатты.
Ұлан Сағадиев реформаны Абай Құнанбайұлы ұсынған «Толық адам» ілімімен сабақтастыра отырып, терең философиялық пайым білдірді. Оның сөзінше, толық адам – ақыл, жүрек, қайратты тең ұстаған тұлға. «Мемлекет те осындай үйлесімге сүйенуі қажет. Ақыл – заң мен жүйе болса, жүрек – әділет пен мейірім, қайрат – батыл шешім мен нақты іс. Жаңа Конституция жобасы осы үш қасиетті тоғыстыратын құжат. Абай әділетті айтты, ал Конституция соны заң деңгейінде бекітеді», – деді ол.
Сонымен қатар жиында Конституцияның 8, 16 және 33-баптарына енгізілетін өзгерістерге тоқталып, адам құқықтарын қорғау, білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған нормалардың мәні түсіндірілді.
Жиын соңында ұжым өкілдері пікір білдірді. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алия Ахметова жаңа жобаның білім беру саласына ықпалы зор екенін атап өтті. «Бүгін біз Конституция жобасының мазмұнымен кеңінен таныстық. Өзгерістердің білім беру саласына да тікелей қатысы бар екенін түсіндік. Бұл – жауапкершілігі жоғары кезең. Өз болашағымыз бен балаларымыздың ертеңі үшін азаматтық борышымызды өтейміз», – деді ол.
Кездесу еркін сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылар Конституция жобасының негізгі бағыттарына қолдау білдірді.








