Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
450.69 505.04 5.45

Қазақстан ТЖМ апаттар қаупін азайту жөніндегі өңірлік форумға қатысты

Бүгін, 15:50

Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында Орталық Азия елдерінің төтенше жағдайлар ведомстволары басшыларының өңірлік форумы-кеңесі өтті. Форумға Қазақстан атынан Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев бастаған делегация қатысты. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның төтенше жағдайлар ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ баяндама жасаған халықаралық ұйымдардың өңірлік өкілдері қатысты.

Өңірлік форум аясында Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев БҰҰ-ның Апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасының, БҰҰ Даму бағдарламасының, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары халықаралық федерациясының және Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Форумның мақсаты – апаттар мен төтенше жағдайлар қаупін азайту саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту, іс-қимылдарды үйлестіру және Орталық Азияда Апаттар қаупін азайту жөніндегі Сендай бағдарламасын іске асыру мәселелерін талқылау.

Іс-шара барысында қатысушылар Орталық Азия үшін өзекті бірқатар мәселені талқылады. Атап айтқанда, жер сілкінісіне төзімділікті арттыру, ерте хабарлау жүйелерін интеграциялау және ауқымды әрі трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі немесе орын алуы туралы өзара ақпарат алмасу; қалалардың апаттар қаупі мен климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру; Орталық Азияның трансшекаралық су ресурстарын қауіпсіз басқару әлеуетін күшейту; трансшекаралық сипаттағы сел мен су тасқынының салдарын азайту мәселелері қаралды. Сонымен қатар ауқымды және трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларға халықаралық ден қоюдың өңірлік тетігін жетілдіру, 2022-2030 жылдарға арналған Орталық Азия елдерінің апаттар қаупін азайту саласындағы ынтымақтастығын дамыту стратегиясының іске асырылу барысын шолу мәселелері талқыланды.

Форум қорытындысы бойынша төтенше жағдайларға ден қою саласындағы өңірлік ынтымақтастық пен іс-қимылдарды үйлестіруді одан әрі нығайту қажеттігі атап көрсетілген хаттамаға қол қойылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив