Абай облысында Республика күніне орай ауқымды сауда акциялары өтіп жатыр
Республика күні қарсаңында Абай облысының тұрғындары үшін тиімді сауда жасауға мүмкіндік бар. 17–27 қазан аралығында өңірде «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары ұйымдастырылуда. Науқан аясында бірқатар сауда орындарында азық-түлік және басқа да тауарлар жеңілдетілген бағамен ұсынылады.
Мерекелік жеңілдіктер 27 қазанға дейін жалғасады. Осы күндері сауда орындарында арнайы баға ұсыныстары, түрлі акция мен жаппай сатылымдар өтеді. Бұл тұрғындарға күнделікті қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Жалпыреспубликалық науқанды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бастамашылық еткен. Акциялардың басты мақсаты – халыққа қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыру, тұтынушылық сұранысты қолдау және ішкі сауданың дамуына ықпал ету. Сонымен қатар отандық өндірушілердің өнімдерін өткізуге қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген.
Абай облысында «Republic Day» акциясына «Park City», «Арғымақ», «Аркада», «Жансая», «Көктем», «Мереке», «Алатау», «Ақшың», «Апрель» және «Қазына» сауда нысандары қатысады. Ал «Bereke Fest» акциясына «Дастархан», «Small» және «ADAL SUPERMARKET» сауда желілері қосылған. Аталған сауда орындарының Семей қаласындағы бірнеше нүктесінде мерекелік ұсыныстар қарастырылды.
Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған бұл бастама тұрғындардың сауда шығындарын азайтуға және мерекелік кезеңде отандық сауда орындарының белсенділігін арттыруға бағытталған.





