Cемей17°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
476.27 515.47 5.41

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

3-07-2024, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді.

– Осы сапарыңыз – қазақ-қытай жылнамасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Оған қоса бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген Сіздің ниетіңіздің айқын көрінісі деп білемін. Мен бұл игі ұмтылысты толықтай қолдаймын. Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы тығыз сауда және гуманитарлық байланыстардың даму тарихына тоқталып, оның келешегі жарқын боларына сенім білдірді.

– Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауылдар құрған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыста және шынайы достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасымен бірге мемлекеттер арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты бекемдей беретініне назар аударып, бүгінгі келіссөз нәтижелері соның айқын дәлелі екенін айтты.

– Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қатынастары өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр. Екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуміз жаңа ғана Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған. Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторымыздың бірі. Соңғы 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі.

– Бүгінде құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет деп санайды.

– Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

– Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылағанын атап өтті.

– Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте smart жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін Төраға Си Цзиньпин мырзаға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр.

– Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Бұған Қытайдағы әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік. Қытай Төрағасының сапары аясында екі тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Біріншісі – «Астана» Халықаралық университетінің жанынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші «Лу Бань шеберханасын» ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылғанын жеткізді.

– Осы сапар аясында Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың мәдени орталықтары ашылды. Мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл бастамалар халықтарымызды мәдени тұрғыдан жақындатып, өзара достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Бұдан бөлек, екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін екі елде визасыз режим қолданыла бастағанын ерекше атап өткім келеді. Қазір оның игілігін азаматтарымыз көріп отыр. Әсіресе, екі елдің көршілес аймақтарының халқына, кәсіпкерлер мен туристерге, жастар мен шетелдік әріптестерге тиімді болды. Биыл наурызда Бейжіңде «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» салтанатты түрде ашылды. Келесі жылы осы шараның жалғасы ретінде «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» өтеді. Бүгін қол жеткізген келісімдер елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтып, халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

– Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайту қажеттігін атап өттік. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр. Сонымен қатар біз Орталық Азия – Қытай диалогын одан әрі дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөз нәтижелерін жоғары бағалайтынын мәлімдеді.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашанда жоғары. Осылайша, біз екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. «Алтын отыз жылдық» аясындағы биік мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған, – деді Қазақстан Президенті.

ҚХР Төрағасы келіссөздердің жылы, достық рәуіште  өткенін және нәтижелі болғанын мәлімдеді.

– Біз бірқатар ауқымды мәселе бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Қытай мен Қазақстан арасындағы Бірлескен мәлімдемеге қол қойып, ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындадық. Біздің қатысуымызбен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Аталған құжаттар екіжақты қатынасымыздың жоғары деңгейде дамуына тың серпін береді, – деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, өзара қолдау білдірудің игі дәстүрін бірлесе дамытатынына және еселей түсетініне, сондай-ақ өзара саяси сенімді тұрақты түрде нығайтып, ұлттық даму стратегияларын ұштастыруға ықпал ететініне және бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенім білдірді.

– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Нақты салалардағы ықпалдастық бағытында жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде жаңа міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрияландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысымызды ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын белсенді іске асырамыз. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз.  Сонымен қатар негізгі минералдық ресурстар, баламалы энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифрландыру салаларындағы дамудың жаңа бағыттарын бірлесе ілгерілетуге ниеттіміз, – деді ҚХР Төрағасы.

Сонымен қатар Си Цзиньпин БҰҰ, ШЫҰ, «Қытай – Орталық Азия» сияқты көпжақты алаңдар желісі бойынша тығыз ықпалдастық орнатқаны жөнінде атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдады. ҚХР Төрағасы Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын тағы да растады және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Жоғары деңгейде өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Сонымен қатар сапар аясында мынадай партияаралық, мемлекетаралық, ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылды:

1. «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігі мен Қытай Коммунистік партиясы арасындағы алмасу және ынтымақтастық туралы меморандум;

2.Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы;

3.Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім;

4.Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Реформалар және даму мемлекеттік комитеті арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы трансшекаралық теміржолды кеңейту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

5.Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігі арасындағы инновациялық технологиялар мен ақпараттық жүйелер саласында және халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін құру туралы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

6.Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы инфрақұрылым және инженерлік құрылыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуды ілгерілету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

7.Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы таза энергетикалық технологияларда қолданылатын стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

8. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы қытай тілін оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

9. Еуразия ұлттық университеті мен Тянцзинь кәсіптік институты арасындағы Лу Бань шеберханасын бірігіп құру туралы өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына сою үшін экспортталатын мүйізді ірі қара малға қойылатын ветеринариялық талаптар және жануарлар саулығын қорғау туралы хаттама;

11. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы өзара жеткізілетін тауарларды бақылау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

12. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Ұлттық ғарыш әкімшілігі арасындағы Халықаралық Ғылыми Ай Станциясы бойынша ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум;

13. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Радио және телевизия істері жөніндегі Бас мемлекет басқармасы арасындағы радиохабар тарату және телевизия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

14. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

15. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Реформалар және даму мемлекеттік комитеті арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытында жүк тасымалдауды арттыруға және дамытуға арналған ынтымақтастықтың жұмыс тетігін құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

16. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Нарықты реттеу бойынша мемлекеттік басқармасы арасында сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

17. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

18. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Халықаралық даму саласы бойынша мемлекеттік агенттігі арасында өзара түсіністік және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды ілгерілету туралы меморандум;

19. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Қытайдың Халық банкі арасындағы Цифрлық валюта саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

20. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық статистика бюросы арасында статистика саласындағы ынтымақтастық аясында өзара түсіністік туралы меморандум;

21. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

22. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

23. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК мен «Жэньминь Жибао» арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

24. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

25. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университеті арасында бірлескен зертханалар құруда ынтымақтастық туралы келісім;

26. «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытайдың ауыл шаруашылығы университеті, Dayu Irrigation Group Co., Ltd компаниясы арасындағы шөлейтті аймақтарда суды тиімді пайдалану жөніндегі Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасын құру туралы келісім;

27. «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университеті арасындағы Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын бірлесе құру туралы келісім;

28. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті арасындағы микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер және таланттарды тәрбиелеу саласындағы өзара түсіністік туралы келісім;

29. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Шәкәрім университеті мен Қытайдың ауыл шаруашылығы және орман технологиясына маманданған Солтүстік-Батыс университеті арасындағы Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы және білім беру орталығын бірлесе құру туралы келісім;

30. Қазақстандағы сапаны тестілеу зертханаларын жабдықтау жөніндегі жобаны жүзеге асыруға көмек көрсету туралы келісімшарт;

31. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Қытайдың CNPC компаниясы арасындағы энергетика саласына қатысты стратегиялық жобалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы негіздемелік келісім.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив