Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
491.68 568.23 6.2

Абай облысында Наурызнама онкүндігі аясында 300-ден астам іс-шара өтеді

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Абай облысында жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында кең көлемде атап өтіледі. Облыс бойынша 300-ден астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бұл туралы толығырақ Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан кеңінен тарқатты.

- Мерекелік бағдарламалар қалалар мен аудандарда тақырыптық және фольклорлық кештер, тұрғындармен кездесулер, қайырымдылық акциялары, концерттер және түрлі мәдени жобалар форматында өтеді. Негізгі іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өңірдің тарихи-рухани мұрасын насихаттауға және тұрғындардың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған. Семей қаласында облыстық музейлер тақырыптық экскурсиялар мен шығармашылық кездесулер өткізеді. Ал Абай атындағы театрда «Әз-Наурыз» интермедиясымен қатар «Ғажайып сәуле», «Ұр тоқпақ», «Бір қап алма», «Самый смелый заяц» сияқты ертегілерді қамтыған 15 қойылым көрерменге ұсынылады, - деп атап өтті спикер.

Наурызнаманың әр күніне арналған арнайы іс-шаралар да жоспарланған. 

- Мәселен, 14 наурыз – Көрісу күні «Семей көктемі» фестивалімен ашылады. 15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында қарттар үйі мен балалар мекемелерінде «Жан жылуы» қайырымдылық концерті өтеді. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні филармонияда Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбектің шығармашылық кешімен ерекшеленеді. Сонымен қатар 17 наурыз – Шаңырақ күні отбасылық құндылықтарды насихаттайтын жобалар, 18 наурыз – Ұлттық киім күні ұлттық киімдер дефилесі мен челлендждер, 19 наурыз – Жаңару күні Батыс Қазақстан және Абай облысы ақындарының командалық айтысы ұйымдастырылады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату және садақ ату жарыстарымен жалғасады, - деді басқарма басшысы.

Ал 21 наурыз – Ынтымақ күні Достық үйінде этностардың мәдениеті мен дәстүрін танытатын мерекелік шара өтеді. 22 наурыз – Жыл басы күні облыстың барлық қала және аудандарында орталық алаңдарда үлкен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, «Әз Наурыз» мерекесі кеңінен тойланады.

Наурызнаманың қорытындысы 23 наурыз – Тазару күнімен аяқталып, «Таза Қазақстан» жобасы аясында облыстың барлық өңірінде тазалық акциялары ұйымдастырылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив