Мәулен Әшімбаев ТүркПА байқаушыларына жаңа Конституцияның маңызды нормалары туралы айтып берді
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасына байланысты референдумның өту барысын бақылау үшін Қазақстанға келген Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясының байқаушыларымен кездесті.
Мәулен Әшімбаев ТүркПА миссиясының мүшелеріне ілтипат білдіріп, олардың мониторингі Қазақстандағы демократиялық институттардың дамуына және қоғамдағы сенімнің нығаюына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл тәжірибе өтіп жатқан үдерістердің ашықтығы мен объективті бағалануына қосымша мүмкіндік беретінін айтты.
Сенат Төрағасы конституциялық реформаның тарихи мәніне тоқталып, бұл шешім демократиялық жүйені нығайту жолындағы маңызды әрі сенімді қадам екенін тілге тиек етті.
«Конституциялық реформа – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тиімді және теңгерімді мемлекеттік басқару үлгісін қалыптастыруға арналған бастамаларының дәйекті әрі жүйелі жалғасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, конституциялық реформаның басты мақсаты – Тәуелсіздікті нығайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Осы қағидаттарды жүзеге асыруға барлық институттың, яғни бір палаталы Парламент, Үкімет, әкімдіктер, мәслихаттар және азаматтық қоғам өкілдерінің атсалысуы айрықша маңызға ие. Бұл еліміздің өркендеу жолындағы ортақ жауапкершілігін айқындайды», – деп, Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.
Сұхбат барысында Сенат Төрағасы ТүркПА өкілдеріне Конституцияның жаңартылуы қазіргі заманғы сын-қатерлерді тиімді еңсерудің берік негізін қалайтынын айтты. Ол өз сөзінде Қазақстанның Таяу Шығыстағы қақтығысты халықаралық құқық және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы аясында дипломатиялық жолмен бейбіт реттеуді қолдайтынына да ерекше назар аударды.
Өз кезегінде делегация басшысы Осман Местен миссияның объективтілік қағидаттарына берік екенін атап өтті. Ол референдумның елдің ұлттық заңнамасына және халықаралық нормаларға сай табысты өтуіне тілектестік білдірді.