Мәжіліс депутаттары бала құқығын қорғауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие мәселелеріне қатысты заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты түзетулер туралы Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады. Заң жобасына қосымша білім беру ұйымдарын хабардар ету тәртібі енгізіледі. Енді олар білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларды өз қызметінің басталуы немесе тоқтатылуы туралы хабардар етіп, рұқсат құжаттарын ұсынуы тиіс. Өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне де қатысты болады.
– Бүгінгі күні еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледждер жүйесіне онлайн-оқытуды енгізу ұсынылады. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған. Студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беріледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне академиялық ұтқырлық қағидаты енгізіледі. Ол студенттерге қазіргі уақытта қол жеткізе бермейтін озық инфрақұрылымы, жабдықтары мен ресурстары бар колледждерде оқуға жол ашады, – деді министр.
Түзетулерде мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Осылайша білім беру ұйымдарының меншік нысанына қарамастан, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатындағы барлық мектеп оқушыларына бірдей көмек көрсету мақсатымен әкімдіктердің құзыреті кеңейеді.
Жұмыс тобының жетекшісі Айна Мысырәлімованың айтуынша, жобада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылдаушы отбасыларға немесе мемлекеттік мекемелерге тағайындалғанға дейін бола алатын кәсіби қабылдаушы отбасының тұжырымдамасы заңдастырылған.
– Заң жобасы мұндай балаларды кәсіби қабылдаушы отбасыларға беру тәртібін реттейді. Кәсіби қабылдаушы тәрбиешілерді таңдау, оқыту және оларға сыйақы төлеу тетіктерін, олардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ осы отбасылар мен қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимыл нысандарын айқындайды, – деді Айна Мысырәлімова.
Баяндаманы тыңдаған депутаттар Үкіметтің жауапты мүшелеріне жобаның жекелеген нормалары бойынша сұрақтарын қойды. Талқылау қорытындысы бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Түзетулерді одан әрі пысықтау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Жалпы отырыста Парламент депутаттары бастамашы болған әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Ол азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін құруға және осы жұмысқа барлық мемлекеттік органды, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тартуға бағытталған.
Заң жобасының авторы Айгүл Құспан түзетулер «әскери-патриоттық тәрбие» және «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» ұғымдарының мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтынын айтты. Осы норма аясында республикалық және өңірлік деңгейлерде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады.
– Заң жобасын қарау барысында депутаттар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар түзету ұсынды. Осыған байланысты заң жобасы мазмұндық жағынан да, тұжырымдамалық жағынан да біршама жақсарды, – деді А.Құспан.
Жұмыс тобының жетекшісі Юлия Кучинская қосымша баяндамасында депутаттар заң жобасын қарау барысында азаматтарды әскери есепке алу және мерзімді әскери қызметке шақыруды жетілдіру, оның мерзімін кейінге қалдыру мен босатудың әділ жүйесін құруға қатысты түзетулер ұсынғанын атап өтті. Түзетулердің тағы бір бөлігі әскери міндеттілерді әскери даярлау және қайта даярлаумен қамтуды кеңейтуге бағытталған.
– Азаматтарға тұрғылықты жері бойынша ақылы негізде әскери дайындыққа қатысуды немесе курстық әскери дайындықтан өтуді таңдау мүмкіндігі беріледі. Оқу кезінде әскери міндеттілер әскери жиындарда өтетін барлық оқу курсынан өтеді, – деді Ю.Кучинская.
Сондай-ақ заң жобасында Мемлекет басшысының мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, әскерге шақырылуға жататын азаматтар медициналық комиссиядан өту кезінде олардың жұмыс орнын, лауазымы мен жалақысын сақтау ұсынылып отыр. Оқуын жалғастыру үшін кейінге қалдыруға құқығы бар, бірақ өз еркімен әскери қызметке шақырылған азаматтардың да оқу орны сақталады. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметін өтеген, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан азаматтар үшін мемлекеттік білім беру грантын өтеу міндетін алып тастау ұсынылған. Бұдан басқа да стандарттар әзірленді.
Сонымен қатар Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 16 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-каналында жарияланды.