Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Сенат Төрағасы: Заң сот процестерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді

7-11-2024, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесі тағайындалды. Сондай-ақ депутаттар бастамашы болған сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң қаралды.

Отырыс барысында сенаторлар Сенат тағайындаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцованың өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты оның өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселені қарады. Регламентке сәйкес бұл мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылап, өз қорытындысын әзірлеген болатын. Ашық дауыс беру арқылы депутаттар бұл шешімді қолдады.

Сенат Спикері аталған лауазымға коммуникация саласында мол тәжірибесі бар, Ақпарат министрлігінде және «Хабар» агенттігінде жауапты басшылық қызметтер атқарған Ләззат Сүйіндіктің кандидатурасын ұсынды. Сенаторлар ұсынысты қолдап, Ләззат Сүйіндік ОСК мүшесі болып тағайындалды.

Сонымен қатар отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Айта кетейік, биылғы маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы дербес кассациялық соттар құруды және олардың сот актілерін қарау жөніндегі өкілеттіктерін қарастырады. Осыған байланысты бүгін қаралған заң арқылы Қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және басқа да бірқатар заңдарға тиісті түзетулер енгізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ Жоғарғы соттың заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық сатыда қарағаннан кейін оларды қайта қарау тәртібі енгізіледі. Мәселен, Жоғарғы сотта істерді қайта қарау Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша айрықша жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Ал, әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық шағым жасалғаннан кейін заңды күшіне енеді.

Бұл жерде заң нормаларына сәйкес азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау алынып тасталды. Кассациялық сотта алты айдан аспайтын мерзімде қылмыстық және азаматтық істерді қайта қарау, сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін рәсімдеуді оңайлату бойынша да бірқатар шаралар қарастырылған.

Депутаттар атап өткендей, кассациялық сатыға қолжетімділікті кеңейту үшін 2027 жылғы 1 шілдеден бастап талап қою сомасы 2000 АЕК-тен кем болған жағдайда жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30000 АЕК-тен кем болғанда заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты даулар бойынша, сондай-ақ, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша шектеулер алынып тасталды.

«Мақұлданған заң Мемлекет басшысының сот жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленді. Заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Осы заң аясында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді кассациялық сатыда қарау тәртібіне қатысты өзгерістер топтамасы қарастырылған. Бұл түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жылы құрылатын үш дербес кассациялық соттардың қызметімен байланысты. Атап айтқанда, кассациялық тәртіпте істерді қараудың негіздері, шарттары және мерзімдері қайта қаралды. Судьялардың тәуелсіздігін және олардың жауапкершілігін күшейтуге арналған ережелер де бар. Алдағы уақытта заң сот процестерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Андрей Лукин Курчатов қаласының базасында ғылыми қалашық құру мәселесін қарастыру және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады.

Дархан Қыдырәлі балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына кедергі келтіретін проблемаларды атап өтіп, футболға қатысты жағдайларға ерекше назар аударды. Депутат аталған бағыттағы мәселелерге тоқталып, инфрақұрылым, жаттықтырушыларды даярлау және легионерлерге қатысты лимит белгілеу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Геннадий Шиповских жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Сенатор қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың жеткілікті деңгейде тиімді емес екенін айтып, мәселені шешуді көздейтін бірқатар шараға тоқталып өтті.

Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысының кейбір ауылдарында пошта бөлімшелерінің жабылуына алаңдаушылық білдірді. Депутаттың пікірінше, бұл шешім зейнеткерлер мен көрші елдімекендерге баруға мәжбүр болатын жәрдемақы алушыларға кері әсерін тигізеді.

Амангелді Толамисов жоғары оқу орындарының «лигасына» қатысты проблемаларға назар аударып, осы бағыттағы бірқатар рәсімді қайта қарау қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол аталған саладағы сын-қатерлерді де атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив