«Бақты – Аягөз» теміржол құрылысының іске асырылу барысы талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Алдабергеновпен кездесті. Өңірдегі тиісті басқарма басшылары, Аягөз, Үржар және Мақаншы аудандары әкімдері мен мердігер компания өкілдері қатысқан жиында «Бақты – Аягөз» теміржол құрылысы мен облыстағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жобалары жан жақты талқыланды.
Аталған жобаның Абай облысы үшін стратегиялық маңызы зор. Теміржол желісінің салынуы өңір экономикасына қосымша серпін беріп, 1200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға және халықаралық көлік дәліздерін дамытуға ықпал етеді.
Аймақ басшысы жобаның өңір және ел экономикасы үшін маңызына тоқталып, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы және транзиттік әлеуетті арттырудағы рөлін атап өтті.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өңір аумағында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, өткен жылдан бастап Семей қаласында, сондай-ақ, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік, Жарма, Белағаш және Ауыл елді мекендеріндегі 10 теміржол вокзалына реконструкция жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру, теміржол инфрақұрылымын одан әрі дамыту және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде уағдаласты.










