Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Мәжілісте жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру мен әкімдер сайлауын талқылауға арналған Қоғамдық палатаның отырысы өтті

12-11-2024, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысы өтті. Оған палата төрағасы Айдос Сарым жетекшілік етіп, Мәжіліс вице-спикерлері Альберт Рау мен Дания Еспаева қатысты. Отырыста еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және сайланған аудан, ауыл округтері әкімдерінің жұмыс тәжірибесі талқыланды.

Жиынға Қоғамдық палата мүшелерімен қатар Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Айдос Сарым Қоғамдық палатаның VIII шақырылымдағы алғашқы отырысында Мәжіліске Үкімет енгізген жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасының қаралғанын еске салды.

– Кеңестердің функциясы мен қалыптасу механизмдері, құқықтық мәртебесі және басқа да мәселелер төңірегінде үлкен талқылау болды. Депутаттардың, қоғам белсенділерінің және Қоғамдық палата мүшелерінің сыни пікірлерінен кейін заң жобасы кері қайтарылған болатын. Дегенмен бұл саладағы заңнаманы реформалау мәселесі әлі де өзекті болып тұр, – деді Айдос Сарым.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытындағы Үкімет шаралары туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады. Ол өткен жылы 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдерін пилоттық негізде сайлау жүргізілгенін айтты. 2025 жылдан бастап бұл әкімдер тек сайлау арқылы тағайындалатын болады. Сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жалғасуда. Өткен науқандар сайлау жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты ауылдық округ әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейтетін заң жобалары әзірленген.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Светлана Романовская және басқа да қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті.

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев қазақстандықтардың жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысу түрлеріне тоқталып, оның қазіргі жай-күйі мен болашағы туралы сөз қозғады. Ол жергілікті деңгейдегі маңызды мәселелерді шешу үшін қала және ауыл тұрғындарының қатысуымен жергілікті референдумдар өткізуді ұсынды.

– Қазіргі уақытта біз республикалық референдум институтының жандана бастағанын байқап отырмыз. 2022 жылы Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау туралы тапсырма бергенде Еуропалық жергілікті өзін-өзі басқару хартиясын ратификациялауды ұсынды. Егер оны жүзеге асыру мүмкін болмаса, оны үлгі ретінде қабылдап, жергілікті референдум институтын енгізу қажет, – деді А.Чеботарев.

Сондай-ақ ол аудандардың, қалалар мен ауылдық елдімекендердің даму жоспарлары мен бюджеттері бойынша жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер бірлесіп ашық тыңдаулар өткізуі қажет деген ұсыныс айтты.

Айдос Сарым күн тәртібіндегі екінші тақырып жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Соңғы жылдары әкімдерді сайлауға бағытталған жүйелі қадамдар жасалып жатыр. Бұл үдерісте алғашқы тәжірибе де бар, оны бағалап, сараптау қажет. Өңір тұрғындары сайлаған Атырау облысы Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжіденова мен Ақмола облысы Атбасар ауданы Полтав ауылдық округінің әкімі Гюзель Байтурова өз тәжірибелерімен бөлісті.

– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда төртінші деңгейдегі бюджет енгізілді. Алайда қаражат әлі де жеткіліксіз, ал аудандық субвенциялар мен трансферттер халықтың барлық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Көптеген жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тегін меморандумдар жасау арқылы жүзеге асырылады. Мен ауылдардағы өмір сапасын жақсартып, инфрақұрылымды дамыту үшін салық түсімдерін көбейту қажет деп санаймын, – деді Г.Байтурова.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бұл мәселені жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу барысында қарау қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде саясаттанушы Данияр Әшімбаев әкімдерді сайлау жүйесіндегі бірқатар олқылықты атап өтті. Оның сөзінше, бұл жүйе енгізілген 2021 жылдан бері толыққанды талдау жасалмаған. Осы уақыт ішінде кейбір ауылдық округте әкімдер бірнеше рет ауысқан, бірақ олардың ауысу тәртібі әлі қалыптаспаған. Саясаттанушының пікірінше, түрлі деңгейдегі әкімдердің бағдарламаларын келісу және үйлестіру, облыстық, қалалық және ауылдық бюджеттердің өкілеттіктерін кеңейту мәселелері де жетілдіруді қажет етеді.

Қорытынды сөзінде Айдос Сарым айтылған ұсыныстар Қоғамдық палата мен Мәжіліс тарапынан тиісті мемлекеттік органдарға жіберіліп, заң шығару жұмыстары аясында ұсынымдарға енгізілетінін айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив