Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.86 544.34 5.11

Трансшекаралық хабтарды дамыту бекеттердің өткізу қабілетін арттырып, халықаралық байланыстарды жақсартуға ықпал етеді

11-12-2024, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров трансшекаралық хабтарды көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету туралы баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, Министрлік тарапынан ел аумағындағы шекаралық бес хабтың көлік инфрқұрылымына деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін оны дамыту шаралары қабылданып жатыр.

«Еуразия» шекара маңы сауда орталығына көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын көлік дәліздерінің бірі саналатын, ұзындығы 144 шақырым «Подстепное-Федоровка» автомобиль жолы реконструкциялаудан өтуде. 

«Биыл жол төсеу, су өткізетін құбырларды және жол айырықтарын орнату жұмыстары аяқталды. Жобаны толық аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Сондай-ақ “Пойма” стансасынан теміржол кірме жолын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталуда», — деп мәлімдеді спикер. 

Бұдан бөлек, 2025 жылы Тасқала автомобиль өткізу пунктін модернизациялау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы келесі жылдың ақпан айында шығады.

«Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына тоқталған вице-министр бұл бағытта ұзындығы 152 шақырым жаңа Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы жүргізіліп жатқанын баяндады. Жұмыстың аяқталу мерзімі – 2026 жыл. Орталыққа қажетті кірме жолдарға тиісті техникалық шарттар жоба аяқталғаннан кейін берілмек.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, «Атамекен» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде, оны 2025 жылы аяқтау жоспарланған.

«2025 жылдың соңына дейін аталған өткізу пунктіне келетін жолды орташа жөндеуден өткіземіз. Қырғызстанмен шекарадағы "Алатау" халықаралық көлік-логистикалық кешені "Қарасу" өткізу бекеті маңында орналасқан. Қарасу – Ақтілек автомобиль өткізу пунктінің "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізінің бойында орналасуы жүктерді екі бағытта да жылдам жеткізуге ықпалын тигізеді. Бекеттің өткізу қабілетін арттыру мақсатында алдағы уақытта модернизациялау жұмыстары жоспарланған. Қазір жобаның техникалық құжаттамасы дайындалып, Мемлекеттік сараптамадан өтуге енгізілді», — деп түсіндірді вице-министр. 

Спикердің айтуынша, модернизациялау жұмыстары 2026 жылы толық аяқталады. Жобаны іске асыруға қажетті қаражат келесі жылдың бюджетінде қарастырылған.

Сонымен қатар Кешеннің келешектегі әлеуетін ескере отырып, Қарасу – Ақтілек өткізу пункттері арасындағы Шу өзені арқылы инвестордың қаражаты есебінен қосымша көпір салу мәселесі пысықталып жатыр. Каспий торабы аясында Ақтау және Құрық теңіз порттарын дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Сондай-ақ келесі жылы Ақтау портында тереңдету жұмыстары жүргізілмек. Шығарылған топырақ есебінен портта қосымша терминалдық қуаттарды дамыту үшін 170 гектар жаңа аумақ қалыптастырылады деп күтілуде. Жаңа терминалдық инфрақұрылымды құруда Ренус, Wandernet және CMA CGM секілді шетелдік инвесторлар бірлесіп жұмыс жүргізеді.

«Құрық портына келетін болсақ, биыл жылдық қуаты 1 млн тонна болатын жаңа астық терминалы іске қосылды. Сонымен қатар портта “Саржа” көпфункционалды терминалының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін осы терминалдарға іргелес акваторияны тереңдету жұмыстары аяқталады. Жалпы, аталған жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді спикер. 

Қорғас торабы бойынша қазақстандық-германиялық бірлескен кәсіпорын – «SKYHANSA» ЖШС жүк және жолаушылар әуежайын салу жобасын іске асыру бойынша жұмыстарды бастады.

«Қорғас» арнайы экономикалық аумағында жүк терминалын, кедендік бақылау аймағын, жанармай қоймасын, әуе кемелеріне қызмет көрсетуге арналған авиациялық-техникалық орталықты және жүк әуекомпаниясын қамтитын авиация хабын құру жоспарланып отыр.

Өңірде хабтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті көлік инфрақұрылымы бар. Алтынкөл теміржол стансасы – Қазақстан мен Қытай шекарасындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымның маңызды буыны. Қазіргі уақытта станса жылына 11 млн тоннаға дейін жүк өңдеуге мүмкіндігі бар, оның ішінде 700 мың контейнер.

Спикердің мәліметінше, стансаның өткізу қабілетін арттыру мақсатында модернизациялау жұмыстары пысықталып жатыр. Халықаралық логистиканы нығайту және көлік жүйелерін интеграциялау үшін Министрлік аталған хабтарды дамыту үшін қажетті барлық шараларды қабылдайды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив