Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасын таныстырды.
Халықаралық жасанды интеллект орталығының мақсаты – Қазақстанды жасанды интеллектке бағытталған мемлекетке айналдырып, қоғамдық және экономикалық өмірдің барлық салаларында жасанды интеллект технологияларын дамыту мен инновацияларды ілгерілету. Аlem.ai орталығы ғылым, өнеркәсіп, шығармашылық индустриялар мен мемлекеттік қызметтер сияқты негізгі салаларда технологияларды дамытуға бағытталған. Сондай-ақ орталық инвестиция тарту және стартаптарды қолдау үшін жасанды интеллект экожүйесін құруға ықпал етеді.
Орталықтың құрылуы Қазақстанның жасанды интеллект шешімдерінің экспортын 2029 жылға қарай 5 млрд долларға дейін арттыруға, жасанды интеллекттің дамуы есебінен технологиялық және экономикалық өсудің жаңа толқынын қамтамасыз етуге және Астананы Орталық Азиядағы жасанды интеллект технологияларының жетекші орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Жобаның аясында жыл сайын түрлі салалардан шамамен 10 000 талантты тарту, кемінде 1000 жасанды интеллект маманын даярлау, шамамен 100 жасанды интеллект стартапын іске қосу және жасанды интеллект саласында 10 ғылыми зерттеу жүргізу жоспарланған.
Орталықтың бірінші қабатында жасанды интеллект саласындағы жетістіктерге арналған форумдар мен ашық дәрістер өткізуге арналған қоғамдық кеңістік және AI мұражай орналасады. Бұл кеңістік әзірлеушілер, студенттер, ғалымдар және түрлі сала сарапшылары арасында білім алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда жасанды интеллект саласындағы бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері, стартаптарға арналған хакатондар мен байқаулар тұрақты түрде өткізіліп, инвесторлар мен серіктестерді тарту арқылы одан әрі дамыту жүзеге асырылады.
Екінші және үшінші қабаттар TUMO School мектебіне арналған. Бұл мектеп 9–12 сынып оқушыларына бағытталған және Астанадағы 42 000-нан астам оқушы бағдарламалау, робототехника және басқа да шығармашылық технологиялар бойынша инновациялық ойлауды дамыту және IT саласында табысты мансапқа дайындық бағдарламаларына қатыса алады. Екінші қабатта 206 орынға арналған оқу және сабақ өткізу орындары, ал үшінші қабатта тағы 348 орын қосылады. Ғимаратта топтық сабақтарға, конференция залдарына және практикалық жобаларды жүзеге асыруға арналған зертханалар қарастырылған.
Төртінші және бесінші қабаттарда Tomorrow School мектебінің студенттері оқиды. Tomorrow School – бұл Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект бойынша peer-to-peer (тең-теңімен оқыту) мектебі, оны 2024 жылдың қазан айында Astana Hub технопаркі іске қосты. Бұл мектеп 01 Edu платформасында эксклюзивті түрде жұмыс істейді және бағдарламалау бойынша алдын ала білімді қажет етпей, жасанды интеллект саласында тегін білім алуға бірегей мүмкіндік ұсынады. Алғашқы және екінші лекке 5 000-нан астам өтініш түсті. Бірінші лек аясында 120 адам «бассейннен» өтті, оның ішінде тек 30%-ы негізгі оқуға қабылданды. Екінші лекте 190 студент оқуда. Орталық аясында одан да көп студенттерді жасанды интеллект дағдыларына үйрету жоспарланған.
Алтыншы қабатта жасанды интеллект кампусы – стартаптарды акселерациялау қарастырылған. Мұнда инновацияларды қолдау, алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту және тұрақты кәсіпкерлік экожүйесін құру арқылы жылына жаңа жасанды интеллект стартаптарын іске қосу жоспарланған.
Бүгінгі таңда Astana Hub экожүйесінде 1 500-ден астам қатысушы, оның ішінде жасанды интеллект технологиясымен жұмыс істейтін 150 стартап тіркелген. Технопаркта AI’Preneurs арнайы акселерациялық бағдарламасы іске қосылды, ол түрлі салалардағы үздік мамандарды стартап командаларын құру және инновациялық жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін біріктіреді. Бағдарлама төрт айға созылатын интенсивті процесс ретінде ұйымдастырылған, оның барысында қатысушылар команда құрудан бастап идеяларды генерациялауға, стартап құруға және нарыққа шығаруға дейінгі барлық кезеңдерді өтеді. Бірінші лек аясында 250 өтініш түсіп, 50 дарынды маман – әзірлеушілер, инженерлер, менеджерлер және кәсіпкерлер таңдалды. Қатысушылар 21 жасанды интеллект стартапын құрды, оның ішінде 9 жоба сәтті акселерациядан өтті, ал ең үздік 7 команда Seed Money бағдарламасы аясында қаржыландырылды.
Жетінші қабатта ғылыми-зерттеу зертханалары орналасады, онда жасанды интеллект саласындағы түрлі зерттеу жобалары арқылы инновацияларды дамыту және ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сегізінші қабатта мемлекеттік процестерді талдау және басқару үшін GovTech шешімдері мен ситуациялық орталық қарастырылған.
Министр Жаслан Мәдиев қазіргі уақытта Telegram, TON, Tether, Indrive, Google және басқа да компаниялардың кеңселерін Орталыққа орналастыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл компаниялар ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға және жаңа жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуге қатысады. Бүгінгі таңда Astana Hub инфрақұрылымында Playrix, TikTok, inDrive, EPAM, Glovo, DAMUMED, Presight.ai және басқа да ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан.
Мемлекет басшысы ЭКСПО-ның қолданыстағы экожүйесінде жасанды интеллект орталығын құру тұжырымдамасын мақұлдады. 7 жыл бойы Нұр Әлем көрме орталығы келушілерін қуантты. Бұл жобаға болашақтың жаңа энергиясы - жасанды интеллектті дамыту үшін қолданатын уақыт келді.
Орталық 2025 жылы ашылып, жалпы ауданы 20 000 м² болады және ол ЭКСПО-ның қолданыстағы экожүйесіне интеграцияланады. Бұл орталық Қазақстандағы жасанды интеллект индустриясының дамуына қолдау көрсететін, зерттеулерді, жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуді және инвестициялар тартуды қамтамасыз ететін маңызды элементке айналады.