Жұмысшы мамандарының 50%-дан астамы АӨК-ке тартылған
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде 1,1 млн адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 300 мыңнан астам өндіруші, оның ішінде жұмысшы мамандарының 595 мыңы немесе 55%-ы жұмыс істейтінін хабарлады.
Ол отбасылық коэффициентін ескере отырып, салада жұмыс істейтін әрбір маман орта есеппен үш адамды табыспен қамтамасыз ететініне тоқталды. Осылайша, ауыл шаруашылығы 4 млн адамның қаржылық әл-ауқатына тікелей немесе жанама түрде әсер етеді, бұл оны әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі көздерінің біріне айналдырады.
«Халықты жұмысшы мамандықтарына тарту үшін фермерлерге басқа салалармен қатар тұрғын үй құнын, жас мамандардың жалақысын және “ұрпақтар келісімшарты” бойынша субсидиялау сияқты мемлекет жүзеге асыратын ынталандыру шаралары қолжетімді. Министрлік тарапынан Аграрлық несие корпорациясы, ҚазАгроҚаржы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар желісі бойынша түрлі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Өткен жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумын өткізу жұмысшы мамандықтарын танымал етудің негізгі қадамдарының бірі болды. Агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік наградалармен марапатталған 107 қызметкерінің 80-і (75%) – машинамен сауу операторлары, механизаторлар, малшылар, шопандар. Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, жұмысшы мамандар арасынан аграршыларды құрметтеу практикасы жыл сайын өткізілетін болады.
Министр соңғы жылдары заманауи ауыл шаруашылығы жаңғыртылып, неғұрлым технологиялық және өнімділігі жоғары болғанын атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесі де өсуде, оны жалақыны арттыру, ауыл тұрғындарының әлеуметтік төлемдеріне ұлғайтылған коэффициентті қолдану есебінен одан әрі көтеру қажет.
Бұдан басқа, ауылда тұрғын үй құрылысын субсидиялау нормативін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Ұсынылған шаралар ауыл шаруашылығы жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға және ауылдағы адамдарды бекітуге мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы негізгі кәсіптік-техникалық біліммен қатар цифрлық жүйелермен және жоғары технологиялық жабдықтармен, соның ішінде жасанды интеллектпен жұмыс істеудің жаңа дағдыларын талап етеді.
«Кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы 9 кәсіби стандарт, сондай-ақ даярлаудың аграрлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары әзірленіп, жаңартылатын болады. Бұл мамандарды машинамен сауу, дрондар, астық өңдеу операторлары сияқты заманауи мамандықтарға және жоғары технологияларды қолдануға байланысты басқа да бағыттар бойынша оқытуға мүмкіндік береді», — деп толықтырды Айдарбек Сапаров.
Іске асыруға жоспарланған инвестициялық жобаларды ескере отырып, 2025 жылы өңірлердің деректері бойынша саланың жұмыс кәсіптеріне қажеттілігі шамамен 3,5 мың адамды құрайды.
Орта арнаулы бағыттағы кадрларды даярлау мақсатында 63 аграрлық колледж жұмыс істейді, онда 12,5 мың адам оқиды, оның 70,4%-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады.
Қазіргі уақытта колледждерде дуальды білім беруді дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Мысалы, Ақмола облысындағы аграрлық-техникалық колледжі «Агрофирма Родина», Солтүстік Қазақстан облысының Новоишим агротехникалық колледжі «АЗКО» ЖШС-мен серіктес, Қостанай колледжі «Олжа Агро» қосқанда, өңірдің ірі агро кәсіпорындарымен ынтымақтасады.
«Барлық облыста өндірістік практиканы ұйымдастыру және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілерімен ниет шарттары жасалады. Қабылданған және жоспарланған барлық шара бойынша кең ауқымды ақпараттық жұмыс маңызды. Ол үшін әлеуметтік медиада, теледидарда тиісті мазмұнды жасауды және қайталауды қаржыландыру қажет. Мұның бәрі жұмысшы мамандардың тартымдылығының артуын қамтамасыз етуге, еңбек жағдайын жақсартуға, жаңа кадрларды тартуға мүмкіндік береді, бұл, сайып келгенде, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын қамтамасыз етеді», — деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.