Абай облысында «Айсұлу» комедия-операсы сахналанды
Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры өзінің алғашқы гастролін еліміздің рухани астанасы – Семей қаласынан бастады.
Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында көрерменнің сүйікті туындысына айналған Сыдық Мұхаметжановтың «Айсұлу» комедия-операсы сахналанды.
Қойылымды тамашалауға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Залда ине шаншар орын қалған жоқ. Кеш барысында театрдың солистері мен оркестрі, балет труппасының талантты бишілері және хор әртістері өз өнерін ортаға салды.
Музыкалық спектакльдің ерекше атмосферасын жасауда камералық оркестрдің еңбегі айрықша болды. Әуеннің әрбір нотасы көрерменді терең ойға жетелеп, жүрек қылын шертті. Әншілердің әсерлі дауысы мен кәсіби шеберлігі қойылымға жаңа реңк беріп, оның көркемдік құндылығын арттыра түсті.
«Айсұлу» – тек музыкалық қойылым ғана емес, қазақ мәдениетінің жауһары, ұлттық мұрамыздың асыл қазынасы. Оның сахнаға шығуы – дәстүр мен заманауи сахналық өнердің үндестігі, руханиятымызды сақтаудың және дамытудың маңызды көрінісі. Осынау әсерлі қойылым мәдени мұраны жаңғыртқан өнер туындысы болғаны рас.
Бұл кеш көрермендерге өнер құдіретін терең сезінуге мүмкіндік берді. Классикалық музыка мен сахналық іс-қимыл үйлесімі, хореография мен вокалдың үндестігі әрбір көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Алаштың рухани астанасында өнер көрсеткен ШҚО драма және оперетта театрының ұжымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Зал толы көрермен әртістерді ұзақ уақыт сахнадан жібермей, ерекше құрмет көрсетті. Бұл – жаңа театрдың өнерсүйер қауымның жүрегінен лайықты орын алғанының айқын дәлелі.