Депутаттар Салық кодексі жобасына Үкімет енгізген жаңа бастамаларды қарады

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде Үкіметтің Салық кодексінің жобасына қатысты жаңа бастамалары талқыланды. Палата вице-спикері Дания Еспаева қатысқан дөңгелек үстелге комитет төрайымы Татьяна Савельева жетекшілік етті.
Мәжілісте Салық кодексінің жобасын әзірлеу былтыр басталды. Бүгінде жұмыс тобының 27 отырысы өтіп, оның ішінде негізгі салықтарды қамтитын сегіз тақырып талқыланған болатын. Мысалы, қосымша құн салығы, корпоративтік салық, жер қойнауын пайдалану саласындағы салық салу, салықтық әкімшілендіру және басқалар.
– Үкімет Мемлекет басшысына салық-бюджет жүйесін сауықтыру жөніндегі шаралар кешенін ұсынғаны белгілі. Оның ішінде қосымша құн салығы мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру және ол бойынша міндетті есепке қою шегін төмендету туралы ұсыныс жасалды. Президентіміз кәсіпкерлердің алаңдаушылығына назар аударып, 7 ақпанда Үкіметке қосымша құн салығы мөлшерлемесі бойынша түпкілікті шешім қабылдауды тапсырды. Оны білікті мамандардың, бизнес өкілдерінің және Парламент депутаттарының пікірлерін ескере отырып, нақты есептеулер негізінде ғана қолға алуды атап өтті, – деді Д.Еспаева.
Татьяна Савельева Үкімет ұсынған шаралардың шағын және орта бизнеске әсері болатыны анық екенін айтты. Сондықтан жаңа бастамалардың кәсіпкерлерге түсіретін ауыртпалығын, өтемақы тетіктерін қамтамасыз етуді және мемлекеттің бюджеттік мақсаттары мен бизнесті дамыту арасындағы тепе-теңдікті сақтауын бағалау маңызды.
Үкіметтің жаңа ұсыныстарын таныстырған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Халықаралық валюта қорының деректері бойынша Қазақстанның 2022-2023 жылдардағы шоғырландырылған бюджетінің кіріс көлемі жалпы ішкі өнімнің 23 пайызын ғана құрағанын хабарлады. Халықаралық деңгейде бұл – өте төмен көрсеткіш. Яғни, біз мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға қомақты бюджеттік ресурстарды толық ала алмай отырмыз деген сөз. Сонымен бірге Ұлттық қордағы қаражатты ала беру оның сарқылу қаупін тудырады. Вице-министр Үкімет бастамасымен қолға алынған қосымша шаралар мемлекет қарызына қызмет көрсету шығындарын қысқартып, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтетінін атап өтті.
– Біз жалпы белгіленген мөлшерлемені 16 пайыз деңгейінде белгілеуді ұсынамыз. Екіншісі – агроөнеркәсіп кешенін қосымша құн салығынан толық босату. Бұл ретте біз өз еркімен тіркелу құқығын қалдырамыз. Аралық мөлшерлеме 10 пайыз болады. Мәжіліске ұсынылған кодекс жобасында бұл денсаулық сақтау саласына қатысты ұсынылып отыр, – деді Азамат Әмрин.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгінде кәсіпорындардың тек 4 пайызы ғана қосымша құн салығын төлейді. Көптеген компания салықтан жалтару үшін өз бизнесін жасанды түрде бұзады. Бұл салық жүйесіне кері әсер етіп, қосымша құн салығы есебіне кедергі келтіреді. Сондықтан есепке қою шегін 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылып отыр. Осылайша, бөлшектеу құны одан келетін пайдадан асып түсетін болады. ҚҚС төлеушілер қатарын кеңейту бизнеске тең бәсекелестік жағдайын жасайды.
Айтылған ұсыныстарға қатысты бизнес қауымдастығының ұстанымын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының ШОБ-ты дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Қарин баяндады. Ол салық заңнамасына ұсынылып отырған өзгерістер шағын және микро бизнеске әсер ететінін атап өтті. Оның ойынша, олар салық ауыртпалығына төтеп бере алмай, көлеңкеге түсуге мәжбүр болады. Ал бағаның өсуі сұраныстың төмендеуіне, өндіріс көлемі мен жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі. Кәсіпкерлер шекті төмендетуден бас тартып, оны 20 мың АЕК көлемінде, ҚҚС мөлшерлемесін 12 пайыз деңгейінде қалдыру керек деп есептейді.
Өз кезегінде сарапшы, «Visor Kazakhstan» инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин салық және бюджет жүйесін реформалауды жалпы қолдайтынын атап өтті. Соңғы бірнеше жылда шығыстар мен кірістер арасында 10 триллион теңгеге жуық елеулі алшақтық орын алған, сондықтан оны теңестіру қажет. Бұл ретте, ҚҚС ставкасы көтерілген жағдайда, корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді жою, ҚҚС қайтару тәртібін және салықтық әкімшілендірудің басқа да шараларын қайта қарау қажет деп санайды.
Талқылау барысында депутаттар Үкімет мүшелерінен қосымша құн салығының жаңа ставкасына өтпелі кезең енгізу туралы, оны көтеру әлеуметтік салаларға, атап айтқанда, медициналық қызметке қалай әсер ететінін сұрады. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдердегі айырмашылық себептері, еңбекақы қоры бойынша деректердің алшақтығы және басқа да мәселелер көтерілді. Салық кодексінің жобасына шағын және орта бизнесті дамытуға, әлеуметтік аударымдарды есептеу лимитін қайта қарауға, өндіріс орындарына ҚҚС бойынша жеңілдіктер беруге бағытталған жаңа түзетулер ұсынылды.
Қорытындылай келе, комитет төрайымы Татьяна Савельева талқылау нәтижесінде сұрақтар отырысқа дейінгіден де көбейгенін айтты. Депутаттар жауапты мемлекеттік органдар өкілдерінің түзетулерін әлі де пысықтау қажет деген шешімге келді. Үкіметтің Салық кодексінің жобасына қатысты тың бастамаларын талқылау Берік Бейсенғалиев жетекшілік ететін жұмыс тобы аясында жалғасады.