Президент тапсырмаларының орындалуы – облыс әкімінің қатаң бақылауында
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысқан отырыста Президенттің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Аймақ басшысы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, облыстың алдағы даму жоспарлары және өңірдегі қордаланған мәселелер туралы толық баяндағанын атап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта тұрғындардың сұранысына қарай мектептер мен балабақшалар салу, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту қажеттігі туындап отыр. Облыс бойынша 2700 орындық 6 мектеп, 2100 орындық 9 балабақша, 3 аурухана, 2 емхана салуды және 17 колледж, 75 мектеп, 46 балабақша, 19 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуді қажет етеді. Семейдегі 1981 жылы салынған Абай атындағы облыстық қазақ драма театрында Достоевский атындағы орыс драма театры, «Дариға-ай» жастар театры бірге отыр. Өңірдегі 530 орындық, жалғыз мәдениет ошағын реконструкциялау керек. Аймақта бірде бір «Дарын» мектебі жоқ.
Облыс әкімі жиында Президент тапсырмаларын сапалы, уақтылы орындау қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Аймақ басшысы облыс әкімінің аппаратына «Жайлы мектеп» жобасымен салынған мектептерді инфрақұрылымдармен тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін құрылыс бойынша жауапты орынбасары Димитрий Гариковқа, Семей қаласының әкімі Талғат Мұратовқа, Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаевқа, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Жандос Қайырхановқа тәртіптік жаза қолдануға ұсыныс енгізуді тапсырды. Білім саласында орын алған кемшіліктерге жол бергені, балалардың тәрбиесіне байланысты алдын алу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, мұғалімдер мен білім саласындағы қызметкерлердің жалақысын уақтылы төлеуді қамтамасыз етпегені үшін Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтің қызметінен босатылатынын айтты.
Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша биыл облысқа 9,5 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілген. Алайда берілген қаржы игерілмеген. Осы үшін облыстық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Абай Амангелдин жұмыстан босатылды. Ал жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағаны үшін Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевқа ескерту берілді.
Облыстағы халыққа қызмет көрсететін денсаулық сақтау ғимараттарының жағдайы да сын көтермейді. Өңірдегі нәресте мен ана өлімі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Медициналық қызмет көрсету сапасына халық тарапынан арыз-шағым көбейген. Аймақ басшысы облыс әкімінің аппаратына Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабаевқа жұмысты өз деңгейге атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолдануға ұсыныс енгізуді тапсырды. Жиында өз саласына қатысты ақпаратты дер кезінде ұсынбағаны үшін Мәдениет басқармасының басшысы Айбек Саматқа ескерту берілді.
Облыс әкімі Семейдегі аспалы көпір күрделі жөндеуден өтуі үшін жасалуға тиіс жобалық сметалық құжаттаманың ұзаққа созылып кеткенін де сынға алды.
Облыс әкімі Президент тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындауды қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі қала-аудан әкімдеріне көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.