Абай облысында алғаш рет «Abai Open» республикалық турнирі өтуде
Абай облысында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында алғаш рет «Abai Open» турнирі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған сайысқа еліміздің үш қаласы мен барлық облыстарынан 350-ге жуық спортшы қатысуда. Республиканың әр аймағынан іріктелген балуандар 14 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде белдесті.
«Abai Open» турнирінің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде спортшыларға сәттілік тілеп, дзюдо күресін жастар арасында дамытудың маңызын атап өтті.
Өңір дюздошылары соңғы жылдары табысты өнер көрсетіп жүр. Биыл Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс құрамасы екі алтын, үш күміс, екі қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орын иеленді.
Шара барысында елімізде дзюдоның дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген жаттықтырушы Айдар Қайырбаев пен Виталий Сопов «Дзюдо тарланы» төсбелгісі және Қазақстан дзюдо федерациясының Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, облыс әкімі турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.