Cемей13°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
520.48 574.61 6.06

Жеңіске 80 жыл: Жауынгер Шағыровтың жорық жылдары

7-04-2025, 10:27 Сәтжан Қасымжанұлы

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Абыралы өңірінің тумасы Семейғазы Шағыровтың (1925 – 2010) естелігінен.

«Батыс пен Шығысты бірдей дүбірлеткен соғыстан бері жарты ғасыр өтті. Бірақ отты жылдар жаңғырығы халық жадынан кеткен емес. Әлі де талай ұрпақтың жыры мен сырына айналмақ. Мен де сол жылдардың тірі куәларының бірімін.

Бүгінде 70-80-ге келіп отырған біздің қатарластарымызды қиындықпен, күреспен көз ашқан ұрпақ деуге болады. Мен әкемнің жалғыз ұлы болдым. 7 жасымызда ашаршылықты көрдік. Буын қатпай жатып соқа жегіп, өгізге міндік. Ол кезде «Тельман» колхозында тұратынбыз. Соғыс қарсаңындағы жылдарда астық мол болып, ел еңсесін көтере бастаған еді. Соғыс басталып кетіп, алғашқы 25 адам майданға аттанды. 43-жылдың қаңтарында бізге де кезек келді. Сөйтіп, ауылда 60-тан асқан 4-5 қарт пен 11-12-дегі балалар қалды. Бізді Шығыс бағытында алып жүріп, Иркутск маңындағы Дацан деген жерге жеткізді. Абыралылықтардан 50-60 адамды қайыра Германиямен соғысуға әкетті де, жартымыз қалып қойдық. Оның ішінде Төлтаев Сембай, Есенов Жетпісбай, Сармантаев Қадыр, Оспанов Мұхтар, тағы басқа жас жауынгерлер бірге болдық. 1943-44 жылдары артиллериялық батальон Даурия станциясындағы бекіністе дайындықта болды. Квантун армиясының шептері көрініп тұратын. Жапония Қиыр Шығыста біздің әскерлерді алаңдатып, бұл арқылы үш жақты шарт бойынша өзінің одақтасы Германияға мықтап көмектесті. Кеңес Одағы Қиыр Шығыстағы осы жағдайды ескеріп, Маньчжуриямен шекарада 40 дивизия ұстауға мәжбүр болды. 1945 жылы 9 тамызда  Жапониямен жаппай соғысқа кірдік. Маршал Р.Я. Малиновский басқарған 36-армия да, Даурия аймағынан бастап Хайлар қаласына қарай шабуылға шықты. Шекарадағы Аргунь өзенінен өтіп, Хинганды, Қытай Шығыс темір жолын, Маньчжурияны азат етуге қатыстық. Қыркүйек айында Чанчунь, Харбин қалаларына жетіп тоқтадық. Харбинде Квантун армиясының тізе бүгуіне орай өткізілген мереке болды. Сол қалада ақ гвардияшы генерал Семеновты көрдік. Кезінде Қытайға қашып кеткен ол жүз шақты әскерімен Харбинде жүр екен.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанымен Маньчжурия төңірегінде қалдық бандалармен ұрыс әлі де жүріп жатты. Мені де комсомол ретінде «СМЕРШ» деп аталған, солармен күресетін ішкі әскерлер қатарына қосты. Командиріміз капитан Бейсенбаев деген (ол да Семейдікі болатын, Мақаншы өңірінен), бізге Кеңес барлаушысы Рихард Зорге болған жерлерді көрсеткені бар. Бір күні соның бастауымен КСРО-ға қарсы пиғылдағы монғолдар тұрақтанған жерді іздеп шықтық. Көзге түсіп қалған екі-үш салт аттының соңынан қуып жүріп алыстан бір қыстақты көрдік. Әлгілердің бекінген жері сол екен. Дүрбімен қарағанда ылғи ерттеулі аттар байқалады. Түнде шабуыл жасауға келістік. Бір орыс солдаты қыстақты орағытып барып арғы жағынан өрт қоймақ болып кетті. Әлден уақытта өрт те бұрқ етті. Біз бергі жағынан шабуыл жасадық. Жаудың біразы қашып құтылды. 18 атымен 3000-дай қойын қалдырды. Бандылар өз әрекеттерін сан түрлі іске асыратын. Тағы бірде машина үстінде келе жатқан бізге өзімізше киінген аттылар жақындай беріп, оқ жаудырды. Біз ес жиып қарсы оқ атқанша 2 солдат пен жалғыз тілмашымыз қаза болды. Машинаны қалдырып, 6 танк армиясы тұрған қалаға келдік. Бірақ армия ол жерден кетіп қалған екен. Харбинде екі солдат пен тілмаш жерленді. Оның ұлты дүнген еді, дүнгендер келіп кәдімгідей ескерткіш орнатты. 

Благовещенск деген қалада Кеңес Одағының батырларының портреттері ілулі тұратын. Бір күні орыс солдаты Рябых маған сол портреттерді көрсетіп: «Мынау ұшқыш, екі мәрте батыр атағын алған. Түрі сендердің ұлттарыңа ұқсайды. Танимысың?» деді. Суреттің астына ұлты көрсетілмей «Т. Бигелдинов» деп жазылған екен. «Не қазақ, не қырғыз болар» дедім. Кейіннен сол еске түсіп, бір баламыздың атын Талғат қойдық. Орыс солдатының бәрі Рябых сияқты емес, әр алуан болатын, кіші сержант атын алмақ боп жүргенде, ұлттық намысқа тиетін сөз айтқан бір орыс командирмен жанжалдасам деп, ефрейтор күйімде қалдым. 

Бес жыл үш ай дегенде 1948 жылы елге оралдық. Біз келсек, «Тельман» колхозы жеңістен кейін әлденіп қалған екен. Бейбіт еңбекке араласып кеттік. Енді сол тыныштық бұзылмасын, халық алаңсыз өркендей берсін деп тілейміз.

Соғыстан кейін біраз уақыт тракторшы, кейін 30 жылдай Ақбұлақ кеңшарында шопан болып, еңбек еттім». 

(Естелік 1995 жылы Абыралы аудандық «Жаңғырған Абыралы» газетінде жарияланған).

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив