Cемей-0°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Шәкәрім және бүгінгі қазақ қоғамы

22-11-2023, 09:45 SHAKARIM UNIVERSITY

Биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл. 1858 жылы 24 шілдеде туған. Әкесі Құдайберді ерте дүниеден өтіп, сегіз жасында әкесіз қалған Шәкәрім әуелде атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болады. Шежіресінде Құнанбайға арнайы тоқталған ақын бұл жайында былай дейді: «Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлы атамыз қажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғандықтан және қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан махрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе, соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім. Әйтсе де түркі танып, орысша хат танып қалдым». Әрине, Шәкәрімнің «әдепсіз, ғылымсыз өстім» деуін данышпанның ой биігінен қарағанымыз абзал. Ақынның өз-өзіне аса биік талап қоя, өзін ащы сынның құрсауына сала сөйлеуі бүкіл шығармашылығында көрініп отырады. «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес, жүрегімді байқасам, инедейін таза емес»,- деген ұстазы Абайдың міншілдік кредосын ғұмырына бойтұмар еткендей...

Шәкәрімнің өз атасы – Құнанбай, арғы атасы – Өскенбай би болса, түп нағашысы – қазаққа белгілі Ағанас би. Шешесі – аса адал, оқыған  Алдабергеннің қызы Төлебике (ел ішінде қолының жомарттығына қарай, дәметіп келген жарлы-жақпайды бос қайтармаған соң Дәметкен атаған) ақынның ұлы Ахат ақсақалдың жазуынша бірнеше тіл білген сауатты, он саусағынан өнер тамған шебер, өлеңге де ебі бар ақын адам болған деседі. «Құдайберді балаларының ішінде жасынан басқа балаларынан гөрі қылығы өзгеше, зейінді, сезімі сергек, зерегі Шәкәрім болды» (Ахат естелігінен). Құнанбай бір сөзінде: «Адал бол, Шәкәрім. Сенің екі нағашың да адал болған. «Ер тағайына тартады» деген мәтел шын. Мен олардың адамгершілігіне, адалдығына ырза болып, құда болғам. Сенің адал болар жөнің бар»,- дейтін (Ахат естелігінен). Анығында Шәкәрім бес жасынан Өтебай деген молдадан хат танып, өз шешесінен араб, парсы тілін меңгеріп, Әмір ағасынан домбыраны үйренеді. Абаймен араласатын орыс достарынан орысшаға қанады...

Құдайбердінің өлімі Абайға қатты батқан. «Қазақ үйден әйел-еркектердің шу етіп жылаған дауыстары шықты. Әкем өлді. Біз тысқа шықтық. Абай мені құшақтап, көп жылады...»,- дейді Шәкәрім. Өкпе ауруы Құнанбай ұрпақтарына қасірет боп жабысты.  Құдайберді ғана емес, Абай балалары Әбдірахман мен Мағауия да осы дерттен көз жұмды. Шәкәрім де жас кезінде осы аурумен ауырып, Абай Курбатов деген дәрігерге қаратып, айыққан екен. Әкеден ерте қалған Шәкәрімді Абай қойнына алып жатып жастайынан тәрбиелеп, кемелдікке жетуіне үлкен қарекет етті. «Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда мұндай болуым неғайбыл еді»,- дейтіні сондықтан ақынның.

Демек, Абай – Шәкәрімнің  ағасы,- десек – ол екі ақын арасын ашатын анықтамалыққа аздық етеді. Ш.Құдайбердіұлы Абайдың арқасында қазақтың сахарасына білім мен ғылымның шырағын жағып кеткен асылдардың біріне айналды. Ғұмырбаянын сүзген адам Шәкәрім ақынның ғылымның бар саласына қызығушылық танытып, зердесіне қондырғандығын байқайды. Ахат естелігіне бақсақ Шәкәрім жаратылыстану ғылымына терең бойлап, зерделеген. Тас пен топырақтың қасиетін зерттеп, күндегі қолданысына жаратқандығын айта келіп: «Ал, айуан, өсімдіктерді зерттеу, байқауында қызықты болжамдары бар. Оларды келешекке қалдырдым»,- деген Ахат ақсақалдың айтары өкінішке орай  бізге жетпеді... 

Ақын, ойшыл, тарихшы, теолог, философ, әнші-композитор сияқты қасиеттерді Алла бір басына тоғыстырған толағай тұлға Абай салған сара жолдан таймай, туған халқының болашағы жолында барлық күш-жігер, ақыл-парасатын сарқыды. Атаның қаны, ананың сүтімен келген Шәкәрім бойындағы шыншылдық пен сыншылдық қасиетті Абай қамшылай отырып ширатты. Ұстазының рухани азығын мейілінше бойына сіңірген Шәкәрім Құдайбердіұлы – Абай аңсаған ТОЛЫҚ АДАМ деңгейіне жеткен жан. Сол себепті де Шәкәрім маңындағы елге ғана емес, тұтас ұлтқа қарата сөз айта алды. Қараңғылықтың қапасында жатқан халқын Абайша сынады, сөзбен қамшы басты оларға. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ел қорғайтын заман емес, ендігі жау сыртта емес, іште еді. Іште болғанда өз ішіміздегі надандық, жалқаулық, алауыздық, жағымпаздық, өсек пен өтірік, мақтан мен ысырапшылдық сияқты мың сан кесірмен Абай жалғыз алысса, «ғаскерім – өлеңім мен сөздерім» деген Шәкәрім де осылардың артынан шам алып түсті. «Айналам – дау, жанжал, өтірік, ұрлық, қанау, талау, надандық, жуандық, зорлық, мақтан, мансапқұмарлық, партия, озбырлық, қорқаулық, жалқаулық, ұрыс-төбелес, міне менің өмірім. Мен осылармен жағаласып, арпалысып өмірімді өткіздім»,- деген еді қажы. (Ахат естелігінен). 

Арпалысудағы, елді сынаудағы мақсат не? Қарақан басын ойласа байлықты да, билікті де көрді. Өзі аса пейіл бермесе де ел ішіндегі қиян-кескі партия тартысын тию мақсатында Абайдың қолқалауымен екі-үш рет амалсыздан болыс болды. Өз сөзінде: «...Абай маған «әкімшілік қолында болған адам елді жемей, қиянат қылмай, партия, дау-жанжалға кіріспей отыра алмайды. Кіріскен адам ардан айрылады. Білім қуудан қалады»,- деп құлағыма құя беретін. Сондықтан болыстыққа құмар болмадым»,- дейтіні бар. (Ахат естелігінен) «Жас өмірдің арасы... бос өткенін қарашы»,- деп кейіннен опынады осы жылдарына. Ақ пен қызыл таққа таласып, арасында Алаш азаматтары қазақты ел етемін деп жанталасқан кезеңде Алаштың төбе биі болып билік айтатыны бар. Бірақ ел әлі алауыздық пен надандықтың шырмауында жатқанын сезіп, бұл қызметтен де бойын аулақ салды. 1929 жылдары Алматының тарих институты ғалым ретінде аттай қалап шақырғанда да, Саят қорасын сая көріп қағаз бетіне түсер болашақ қазынасымен оңаша қалды. «Арымды сатып бақ алып, мансап тапқанымша, көптің адалын жақтайын, көпке жағайын, көргенімді, білгенімді бар адам баласы үшін жазайын, наданның көзін ашайын»,- деген ақынның азаматтық ұстанымы бүгінгі өзін зиялыға санайтындарға сабақ.

Өз-өзіне көңілі толмау – данышпандықтың белгісі. Қазақты сынаса Абай, одан қалды Шәкәрім сынасын. Бүгінгі ұрпақ содан сабақ алуы тиіс. Сынды өзінен бастайды Шәкәрім:

Айна қойдым алдыма,

Көрейін деп өзімді.

Екі құлақ тарс бітіп

Шел басыпты көзімді,- деп басталатын өлеңінде өзіне қамшы басады, жанын жеп опынады. Болыстық қылған жылдарын:

Қарасам мақтау айнадан – 

Әлемнен озған мен бір жан:

Ел құтқарған топаннан

Тобықтының Нұхымын,- деп бейнелейтіні бар. Ащы сарказм. Отызында бір айдай тілі байланып, сөйлей алмай қалған ақын жеті жасынан жазған-сызғандарын өртеп жіберген екен. Қай шығармасының асығыс жазылып, қайсысының осал тартып жатқанын тайға таңба басқандай етіп айтып отырыпты. Ешқандай арнайы оқу оқымаған, тек Абайдың алдын көріп, одан соң Абай нұсқауымен түрлі оқығандармен пікірлесе жүріп білім жинап, бастысы өз талабы мен ерік-жігерінің арқасында Шәкәрім сол замандағы ең білімді адамдардың қатарына шыққан екен. «Сол кезде шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым – Шәкәрім»,- дейді М.Әуезов бір сөзінде.

Өмір бойы ізденумен, білімін шыңдаумен өткен Шәкәрімнің бір қайғысы – оның қарекетінің дұрыс-бұрыстығын айтып тең сөйлесер замандасының, асыл сөзіне баға берер көзі ашық адамының болмауы. «Ұқтырарлық пенде жоқ, жалған басқан жерімді»,- деп ақын заманынан озық туған ойшыл Абай кеткен соң жалғызсырап, шын сорлап қалады. Жанынан сырлас таппаған ол алыстағы Толстойға хат жазып, ақыл-кеңесін алып отырады. «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың»,- деп жазушыны шын ұстаз тұтады.

Кешегі Шәкәрім сыны – бүгінгіге сабақ. Өйткені ақынның әр сөзі өміршең:

Тағы да талай сөз жаздым,

Елім тәлім алсын деп.

Қазақтың мінін көп қаздым,

«Адам емес, аңсың» деп,- деген Шәкәрімнің сөздерінен бүгінгі ұрпақ қаншалықты тәлім алудамыз? Жай адам тұрмақ қазақтың зиялысымын дегендер ақынның шығармаларын атап бере алар ма екен? Алған тәлім сол, үлкен-кішіміз жарыса ақынның туған күнінде суфлерға қарап, өлеңін ойсыз көзбен ежіктей тақпақтап, тик-токқа шығудан әрі аспай жүрміз...

«Бұл елде басты жұмыс – ел қыдырмақ, бай ауылға түстеніп пайда қылмақ», елдің сиқы бүгін де аса түзеліп кетті деп айта алмаспыз. Осы күнге дейін халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан түрлі форумдар мен симпозиумдар, конференция мен басқосулар қазақты ендігісі технократ жасау керек еді. Әлде өзіміздің иісалмастығымыздан болар, басқасын айтпағанда ішер ас пен киер киімді көршіден тасуды тоқтата алмадық. «Қазақ та қажытты, күнім жоқ жиынсыз»,- деген Шәкәрім атамыздың заманындағы күлтөбенің басындағы күнде жиын бүгінде асқынып кетпесе, бәсеңсіген жоқ. Ел басқаратын әкім-қаралардың дені ала таңнан қара кешке дейін жиналыста. «Жапондардың құпиясы, олар жұмыс туралы есеп бермейді, жұмыс жасайды» (Питер Друкер). Ал, бізде бәрі керісінше. Бүкіл Қазақстан бір-біріне есеп беріп жатқандай көрінеді, маған.

Салынған қала жоқ,

Оқытқан бала жоқ.

Қолында өнер жоқ

Ғылымда дана жоқ,- деген Шәкәрімнің сөзіне бір ғасыр болыпты. Не өзгерді? Орысқа бодан боп кіргенде бізде бір де бір қаламыз қалмаған, Тараздың қаңқасынан басқа. Қазіргі қалалардың дені – орыстың салған бекіністері. Сол себепті де қалаларымызға неше жыл болғанын біле алмай дағдарып жүргеніміз. Мың жыл, мың жарым жыл дегеннің бәрі болжам, нақты құжат жоқ. Ақмоланы әшекейлеп, бар күш-қуатымызды салып, Астана еттік, үш рет атын ауыстырдық. Болды, сонымен тәмам. Ал, өңірлер ше? Өкініштісі сол кеңес заманында салынған моно қалалар тәуелсіздік алғалы отыз жылда ойраны шықты. Ауылдар туралы айтуға ауыз бармайды. Басы бар аяғы жоқ шикі реформалардың кесірінен көп ауылмен бірге менің ауылым да еш апатсыз, соғыссыз тарих бетінен жойылды... Оқытқан бала ше? Әрине, Шәкәрім заманынан бері қазақтың көзі ашылды. Қай жерде, қай елде білім алам десе де қазақ баласына жағдай жасалуда. Бірақ үздіктер оқу іздеп шет ел асқанымен, қайта оралып жатқаны қанша? Ғалымдардың деңгейі негізінен шетелдік скопус журналына шыққан мақаламен өлшенер болған соң, қазақ ғылымында жаңалық ашу кібіртіктеп тұр, қаржы да мардымсыз. Бөлінген қаржыны жарата алмаудамыз, өйткені отыз жылдық ғылыми тоқырауда ақын іздеп отырған дана ғалымдар да шетке, не басқа салаға ауысып кеткен.  

Бүгінгі қоғамның бір дерті атаққұмарлық болса, «...менің ойымша, атақ алу үшін қылған іс, айтылған сөзде нағыз тазалық болмайды. Не тіршілікте, не артқыларға ат қалдыру дегенді тіпті миыма қондыра алмаймын. Себебі сіз мақтау, жоқтау керек қылмасаңыз да, қылған іс, айтылған сөзіңіз жаратылыс ағымының талқысына салынбақшы. Ол сіздің ісіңіздің бағасын, салмағын ашпай қоймайды. Сондықтан не іс қылсаңыз да, атақ үшін қылмай, көпке пайда қылу, я көпті зияннан құтқару үшін істеу жөн»,- деген қажы сөзі бүгінгі түрлі сыйлықтар мен марапаттарға арын сатып сайқымазаққа айналғандарға, кеудеге тағар темір үшін жоғары жаққа телміретіндерге тоқтау бола алар ма екен? Әй, қайдам? Олар өздерін осының ішінде емеспіз деп ойлайды. Олардың ары құрсауланып, көздерін шел басқалы қашан. Өйткені «ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық, өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық». Орден мен медальға талас сонау бодандық бұғаудың бір тетігі-тін. «Енді бір көксерлік ісіміз – тастаған сүйекке таласқан Мойнақша орыстың знагіне таласып, ата-бабаларымыздың елдік, жұрттық сақтап келген бірлік-берекесін жыртып алғанымыз»,- дейді ақын. Салпыншаққа құмарланғанымыз сонша, алаш көсемдерінің атына жасалған түрлі жылтырақ-медальдар сатылып, жұрт таласа алып, даңғойлықтың шегіне жеттік.

Көретін көзі жоқ,

Ұғатын сөзі жоқ.

Қазақтың бұл күнде

Аты бар, өзі жоқ.

Түзелер кезі жоқ

Түзетер тезі жоқ

Жер жүзі халықтың 

Қазақтан езі жоқ. 

Төбеңнен қос қолдап ұрардай ауыр сөздер. ХХІ ғасырға жеттік дегенімізбен ақын сөзінің астарына үңілсек, осы күйден қаншалықты алыстап кеттік. Біз сол Абайдың, Шәкәрімнің заманынан бері қарай нені жоғалттық, неден айырылдық? Тіл жұтап, дін құбыжықтанып, діл ұлттық реңінен айырылып, салт-дәстүріміздің дауысы алпауыт елдердің айғайының астында тұншығып жатқандай боп сезіледі. Тіл дегеннен шығады, Шәкәрім заманында туған тіл тақырыбы бүгінгідей өзекті болмағанымен сол кездің өзінде «Қазақ балаларының оқу орыс тілінде қойылған мектептерге қашуы неліктен»?- деген мақала жазып, қазақша оқулық тапшы деген желеумен жоғары сатыда (класта) орысша оқуға мәжбүр қазақ балаларының хәлін баян етеді. «Түбінде екі сатылы мектептің екеуінің де ана тілінде болатынына сөз жоқ»,- деген ақын болжамы бүгінде қандай күйде? Балабақша мен мектептердің барлығы тек қазақ тілінде ғана болуы қажет. Енді күлбілтелей берсек, өзі қан-сөлсіз қалған қазақтың тілінен біржола айырыламыз. Латын қарпіне көшудің де созылып кетуі осы – айыр тілдің салдары...

Сол кездегі қазақ қоғамының дертін көрген Шәкәрім де Абайдай аласұрды, алысты, қажыды. «Мұндай елде туғанша, бұл сағымды қуғанша, еркін тілді буғанша, жеткізсе нетті қазамды»,- деп бұл тірліктен түңілген кезі де болды.  Соңында елден жыраққа кетті. Бірақ, елді ел қылам деуден танбады. «Надандықтан қираған сүйегін» сүйретіп саят қорасынан сая тапты.

Мен жетелеп өлемін, 

Өрге қарай қазақты.

Өлсем де ойын бөлемін,

Сөзбен салып азапты.... Бұл – ақын миссиясы. Әуелден, «кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық»,- деп Абай салған жолменен жастарды білім мен ғылымға шақырған Шәкәрім ақтық демі үзілгенше сол қайратынан қайтпады. 

Адам үшін еңбегім,

Елу бес жыл тергенім.

Қалағанын қарап ал,

Мұрам сол, жастар, бергенім,- деп қалдырған ақынның әр сөзінен қазақ сабақ алып, әсіресе жүрегі кірлемеген жастар жағы рухани азық еткенде ғана елдің болашағы жарқын болмақ.

Партия қуған өңкей қырт

Жазылмайтын ол қылқұрт.

Мен тартам ел қайғысын,

Әкімі – залым, биі – әңгүрт

Бай, жуан, әкім, сопылар,

Жемтік көрсе шоқылар.

Бірі алдап, бірі арбап

Талайтын елді осылар.

Ел зарлатқан қулардың

Алдынан зауал тосылар,- деп күйінген ақынның сөзінен бүгінгі қоғамның да сиқын көреміз. ХХІ ғасырдағы асқынған дертіміздің бірі – жемқорлық, парақорлық болса, осы жолдардың кейіпкерлері соны жасап жатқан. Демек, ғасыр бұрынғы дерт дендеп кетпесе, сылынбапты. «Бар жұмыс – алдау мен ұрлық, пара». Екі күннің бірінде парамен ұсталып жатқан шенділер, жыл өтпей орын ауыстырып жүрген бастықтар. Осыдан барып «жақсылардың біріне біреуі қас» қоғамда уәде мен сөзде пәтуа қалмай, билік атаулының ішін тұрақсыздық, келер күнге деген сенімсіздік кеулеп бара жатқандай...

Қорқамын деп адамнан Құдай жасап,

Ойында жоқ жаратқан бір құдайы,- дегендей құдайдан емес, адамнан қорқатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Бір күндік тақ, мансап үшін бастығының алдында жағына жалпылдаған ептілердің қарасы Шәкәрімнің заманынан әсте азаймаған сыңайлы. Тұңғыш президентке отыз жыл бойы ода айтқан жағымпаздар жүріп келе жатып тәпішкелерін ауыстыра қойды да, кемел адам кемеңгерім деген әуенге салып, жырлай жөнелді. Бірақ, тумысынан текті президент жағымпаздар жарапазанын жақтыра қоймады... Бодандықтың бізге жұқтырған ең кеселді індеті ол – осы жағымпаздық. Қазақ жағымпаздардың көзін жоймай, ел болудан қалады... 

Зұлымдық қылып елді жеп,

Ойладың әбден байырды.

Атану үшін мырза деп

Кәріпке бердің қайырды. Отыз жыл бойы елдің байлығын сорып, қайыршыға ұстатқандай қып тиын-тебен үлестіретін жақшаның ішіндегі «атымтай жомарттар» арамызда жүр. Шәкәрім заманындағы «Құдайға пара беріп, Тәңіріні малмен алдағандар» бүгінде мешіт салып жарысуда. Ал қажы айтатын «шала дін мен қате пәннің соңына ергендер» қоғамның шырайын бұзуда. «Шыннан өзге Құдай жоқ, Анық Құдай – шын Құдай»,- деген ойшыл сөзінің астарын ұқпай жүрміз. «Рахым, ұят, ар, ынсап – төртеуі болса, дін болар». Міне – діннің қарапайым анықтамасы. Шәкәрім ежіктеген таза дін мен шатақ дінді ажыратудың орнына сақал мен хиджаптың дауын өршелене үрлеген қазақ қоғамы қорқынышты болып бара жатқандай.

Бүгінгінің тағы бір кеселі – шектен шыққан ысырапшылдық. Мал шашып, борышқа (кредитке) кіріп, тірнектеп жиғаныңды елді сорған банктерге беріп, соларды семірту. Ақынның «Қайтер едік жігіттер, тым қымбатты кимесек, мақтан үшін борышты үсті-үстіне үймесек»,- деп басталатын «Шаруа мен Ысырап» атты ұзақ өлеңі байдың малын шашып, кедейдің артын ашып жатқан тыраш пен ысырапшылдың бейнесін беруде. 

Демек, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қазақтың жеткен жетістігі мен қатар кері кеткен кежірлігі де бар екендігін естен шығармауымыз керек. Біз де Шәкәрім бабамыз сияқты неге өзімізге бір уақыт сынмен қарамасқа. 

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,

Дұспан мақтар елірте бермек үшін,

Есептемей есірік елің мақтар,

Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін,- дегендей бізде қазір көзге мақтау мен сырттан өсектеп ғайбаттау үйреншікті әдетке айналды. Жапанға жалғыз кеткен ақынның ақтық сөзіне құлақ түрейікші: «...Сондағы менің ойым, мақсатым не? Білесіңдер ме? Қалған өмірімді жазумен, ізденумен өткізбек болғам. Сол ойымды, тапқанымды жазып, кейінгіге қалдырмақ болдым. Өз заманым үшін жазғаным жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым. Адамның арты бүгінгілер емес, кейін де келешек те бар. Өмір жаңара бермек, өмір жаңасы – адам тазара бермек... Тарихтың алтындай тазасы, алмастай асылы жаңа дәуірдің іргетасы болмақ. Сол іргетастың бір керегіне жарарлық тас сынығын таппақпын, соны жазбақпын». 

Міне, Шәкәрім бабамыздың арманы қазақты ел ету болса, біздің – мына, бүгінгі ұрпақтың кері кетуге еш құқы жоқ. Ақын сөздерін көкейге түйе жүрейік, ағайын. Өйткені, Шәкәрім мұрасы – кешегі мен бүгінгінің ғана емес, ертеңгінің де рухани азығы!

                                                         Бауыржан Ердембеков

                                                         филология ғылымдарының докторы, профессор,

абайтанушы ғалым

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив