Мемлекеттік корпорацияның білім беру бастамасына екінші университет қосылды
Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мен Esil University өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді «Мемлекеттік қызметтерді басқару» білім беру бағдарламасы еліміз бойынша екінші жоғары оқу орнында іске асырылмақ. Бастама болашақта саланың кадрлық әлеуетін нығайтып, білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Әріптестік университеттің академиялық әлеуеті мен Мемлекеттік корпорацияның тәжірибесін тоғыстырады. Дәрістерді университет оқытушылары мен Мемлекеттік корпорация мамандары бірлесіп жүргізеді. Сонымен қатар студенттер Мемлекеттік корпорацияда тәжірибеден өтіп, нақты жұмыс үдерістерін іштен танып, болашақ мамандығына қажетті дағдыларды қалыптастыра алады.
Оқу бағдарламасы әлеуметтік қамсыздандыру, жылжымайтын мүлікті тіркеу және техникалық тексеру, жер кадастры, заңды тұлғаларды және азаматтық хал актілерін тіркеу, ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың өзге де бағыттарын қамтиды.
Білім беру бағдарламасы екі деңгейдегі даярлықты қарастырады. Бакалавриат төрт жылға арналған, ал колледж түлектері үшін екі жылдық жеделдетілген оқу бағдарламасы бар. Бакалавриатты тәмамдағаннан кейін түлектер оқуын бір жылдық магистратурада жалғастыра алады.
Айта кетейік, бұған дейін осындай білім беру бағдарламасы М. Х. Дулати атындағы университетпен бірлесіп іске асырылған еді. Осылайша Esil University мемлекеттік қызметтер жүйесін дамытуға қажетті білімі мен тәжірибесі бар кәсіби кадрлар даярлау ісінің жарасымды жалғасы болмақ.

