Мәслихаттар – халықтың үні және жаңартылған билік жүйесінің маңызды буыны
Мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының еркін білдіретін, оны іске асыруға қажетті шараларды айқындайтын және олардың орындалуын бақылайтын жергілікті өкілді органдар.
Олардың негізгі міндеті – азаматтардың мүдделерін қорғау, жергілікті бюджеттерді бекіту, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау.
Мәслихат депутаттары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады. Алдағы сайлау науқанында облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі 228 мәслихаттың депутаттары сайланады. Сондықтан бұл сайлау әрбір азамат үшін маңызды. Өйткені сайлаушылар өз таңдауын жасау арқылы өңірінің болашағына ықпал ете алады.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес, жауапты жергілікті басқару жаңартылған билік жүйесінің маңызды буынына айналып отыр.
Мемлекет басшысы әкімдердің халықпен кездесулерінде тұрғындар тарапынан нақты әрі өзекті мәселелер көтерілетінін атап өтіп, мәслихат депутаттарының бақылау функциясын күшейту және олардың жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылын жандандыру қажеттігіне назар аударды.
Осы тұрғыдан алғанда, мәслихаттардың рөлін арттыру – халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудың, жергілікті басқарудың тиімділігін арттырудың және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетігі.