Семейдегі NIS-ке 7-сыныпқа құжат қабылдау басталды
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2027–2028 оқу жылына 7-сыныпқа қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Өркен» білім беру грантын тағайындау конкурсына құжат қабылдау басталды.
Құжаттар 2026 жылғы 23 қараша мен 28 желтоқсан аралығында қабылданады. Үміткерлер конкурсқа қатысу үшін өтінімді екі тәсілмен бере алады: eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн немесе мектептің қабылдау комиссиясына қағаз түрінде тапсыра алады.
Онлайн өтінімді қалай беруге болады?
eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өткен соң «Онлайн сұрау» батырмасын басу қажет. Одан кейін өтінім толтырылып, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), SMS-құпиясөз, QR-код немесе бұлтты ЭЦҚ арқылы расталады. Өтінімнің өңделу мәртебесін порталдағы жеке кабинеттің «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен бақылауға болады.
Онлайн өтінімге үміткердің цифрлық фотосуреті тіркеледі. Шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын үміткерлер оқу сыныбы мен оқу жылын көрсететін табельді немесе тиісті анықтаманы да ұсынуы қажет.
Қағаз түрінде қандай құжаттар тапсырылады?
Мектептің қабылдау комиссиясына құжат тапсырған кезде төмендегі құжаттар қажет:
- конкурсқа қатысуға өтініш;
- сауалнама
- үміткердің туу туралы куәлігі/жеке басын растайтын құжаты (түпнұсқасы сәйкестендіру үшін қажет, құжат қолыңызға қайтарылады);
- үміткердің заңды өкілінің жеке басын растайтын құжаты (түпнұсқасы сәйкестендіру үшін қажет, құжат қолына қайтарылады);
- ағымдағы оқу жылындағы үлгерім табелінің көшірмесі (мектеп басшысының қолы және мөрімен расталған);
- үміткердің цифрлық түрлі-түсті фотосуреті.
Қажет болған жағдайда үміткердің Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаттар да сұратылуы мүмкін. Құжаттарды заңды өкілінің атынан үшінші тұлға тапсырған жағдайда сенімхат қажет.
Фотосуретке қойылатын талаптар
Үміткердің фотосуреті ақшыл фонда, алдынан түсірілген, бет-әлпеті анық көрінетін және бейтарап қалыпта болуы тиіс. Фотосурет JPEG форматында, 3×4 өлшемде, көлемі 1 МБ-тан аспауы және кемінде 450×600 пиксель болуы қажет. Бас киіммен немесе көзілдірікпен түскен фотосуреттер қабылданбайды.
Қағаз түрінде тапсырылатын құжаттар пластикалық папкаға тігіліп ұсынылады. Ал кешенді тестілеу кезінде үміткердің түрлі-түсті принтерден басып шығарылған рұқсат қағазы болуы міндетті.
Кешенді тестілеу 2027 жылғы 26–27 наурызда өтеді.
Мекенжайымыз: Қарағайлы шағынауданы, 1.
Байланыс телефоны: 8 (7222) 63-22-81.
Қабылдау комиссиясы сенбі, жексенбі және мереке күндері жұмыс істемейді.
Қабылдау тәртібі мен конкурс талаптары туралы толық ақпаратты nis.edu.kz ресми сайтынан және Instagram желісіндегі @nis__semey парақшасынан біле аласыздар.