Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
458.28 501.45 5.59

Құрылтайда «Инвестициялық қорлар туралы» заң жобалары таныстырылды

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Құрылтайда «Инвестициялық қорлар туралы» заңның жаңартылған жобасы мен оған ілеспе түзетулерді әзірлеу жұмысы басталды. Бүгін Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Гүлназ Атамқұлованың төрағалығымен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов депутаттарға заң жобасындағы негізгі өзгерістерді таныстырды. Оның айтуынша, жаңа құжат инвестициялық қорлардың жұмысын жандандырып, олардың экономикаға қаржы тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Заң жобасы 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы аясында әзірленген. Оның басты мақсаты – ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту және оны озық халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру.

Атап айтқанда, инвестициялық қорларды жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) және жай серіктестік нысанында құруға мүмкіндік беру көзделіп отыр. Бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне қаржы тартудың жаңа жолдарын ашады.

Тағы бір маңызды бағыт – халықаралық тәжірибеде қолданылатын қорларды басқарудың көпдеңгейлі үлгілерін (master-feeder және umbrella funds) енгізу. Бірінші модель бірнеше қордың қаражатын стратегиясы ұқсас бір негізгі қорға біріктіруді көздейді. Ал екінші модель бір қордың құрамында инвестициялық стратегиясы мен тәуекел деңгейі әртүрлі бірнеше қосалқы қор құруға мүмкіндік береді. Бұл инвесторлардың таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.

Сонымен қатар, Олжас Қизатов заң жобасы венчурлік және тікелей инвестициялар қорларының жұмысын реттеуді көздейтінін жеткізді. Атап айтқанда, мұндай қорларды тіркеу және олардың есеп беру тәртібін енгізу ұсынылып отыр. Бұл өзгерістер қорлар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, экономиканың өндірістік және технологиялық салаларына капитал тартуға септігін тигізеді.

Заң нормаларында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге де ерекше мән берілген. Осы мақсатта жоғары тәуекелді активтермен жасалатын операцияларға шектеу қою арқылы қорлардың жаңа жіктемесі енгізіледі.

Нақтырақ айтқанда, тәуекелі төмен және қажет болған жағдайда тез ақшаға айналдыруға болатын (өтімділігі жоғары) қаржы құралдарына инвестиция салатын қорларға кез келген азамат қатыса алады. Ал венчурлік капитал мен тікелей инвестиция сияқты тәуекелі жоғары, қаражатты тез қайтару қиын активтерге қаржы құятын қорларға тек арнайы талаптарға сай келетін білікті инвесторлар ғана қатыса алады.

Заң жобасының негізгі ережелерімен танысқан депутаттар салымшылардың сенімін арттыру, эмитенттерді ынталандыру және ел экономикасына ұзақ мерзімді қаржы тарту мәселелерін көтерді.

Бұған қоса, азаматтардың инвестициялық құралдарға қызығушылығын арттыру тетіктеріне қатысты сұрақтар қойылды. Депутаттар халықтың қаражатын тек банктік депозиттерде сақтамай, жеке инвестициялық қорлар арқылы да тиімді орналастыруына қандай жағдай жасалатынына назар аударды.

Жиында нарыққа қатысушылардың жауапкершілігі де талқыланды. Атап айтқанда, эмитент немесе инвестициялық қор банкрот болған жағдайда инвесторлар алдындағы міндеттемелерді кім орындайтыны сөз болды. Сондай-ақ, салымшыларға жалған немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат берген эмитенттерге қандай жауапкершілік жүктелетіні нақтыланды.

Құрылтайда заң жобаларын пысықтау жұмысы депутат Гүлназ Атамқұлованың жетекшілігімен жалғасады. Талқылау барысында депутаттар айтқан ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, құжатқа тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив