Қазақстанда спорт саласын дамыту: жүйелі реформалар, инфрақұрылым, бұқаралық спорт және чемпиондар даярлау

"Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын".
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті
Қазақстанда дене шынықтыру сабақтарынан бастап халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға дейін тең қолжетімділікті құру бойынша спорт саласын дамытуда дәйекті жұмыс жүргізілуде. Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін насихаттау, инфрақұрылымды жаңғырту және жаттықтырушылар құрамын қолдау басымдыққа ие болып қала береді.
Бүгінгі таңда спортпен және дене шынықтырумен 8 миллионнан астам қазақстандық шұғылданады. Бұл ел халқының 41,4% құрайды. Мемлекет бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50% - ға жеткізуді көздейді. Қазірдің өзінде тұрақты шұғылданушы балалар мен жасөспірімдердің үлесі 30% - дан асады. Мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасының ауқымы кеңеюде: 4 жастан 17 жасқа дейінгі 240 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секцияларына тегін барады.
Жыл сайын миллионға жуық адамды қамтитын 25 мыңнан астам спорттық іс-шара ұйымдастырылады.
Ұлттық мәдени құндылығымыздың бірі ретінде ұлттық спорт түрлеріне ерекше назар аударылады. 2024 жылдың есебі бойынша 670 мыңға жуық адам жүйелі түрде айналысады. Еліміз бойынша 16 555 үйірме, 15 балалар-жасөспірімдер мектебі, 17 клуб пен мамандандырылған орталық жұмыс істеуде. Ең танымал түрлері – қазақ күресі, көкпар және тоғызқұмалақ. Қазақстан Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 112 медаль (43 алтын, 32 күміс, 37 қола) еншілеп, айқын көшбасшысы екенін көрсетті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Мәжіліс пен Сенаттың мақұлдауынан өткен «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заң жобасы әзірленді.
Қазіргі уақытта құжат Президентке қол қоюға жіберілді. Заң жобасы келесі жүйелі өзгерістер енгізуді көздейді:
- кәсіби ойын спорт клубтарын ұстауға бөлінетін бюджет қаражатына лимит бекіту;
- ҚР азаматтығын алмаған спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу;
- «спорттың басым түрлері» ұғымын нақтылау, сондай-ақ олардың өңірлік тізбесін бекіту;
- аккредиттелген спорт федерациясына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін шаралар қабылдауды міндеттеу;
- спорт федерацияларын аккредиттеу талаптарын белгілеу;
- «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу;
- мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының басшыларын ротациялау.
- спорт саласына вертикальды басқару жүйесін енгізу мәселесі.
Сонымен қатар, вертикальды басқару жүйесіне көшу жүзеге асырылады. Министрліктің құрылымына 33 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 19 олимпиадалық резервті дайындау орталығы, 14 интернат-колледж беріледі. Министрлік тарапынан 8 республикалық федерацияның президенті мен 11 өңірдің спорт басқармаларында жаңа басшылар келісілді. Әкімдіктердің тиімділігін бағалау үшін KPI жүйесі әзірленуде.
Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда 25 мыңнан астам спорт нысаны тіркелген. 2024 жылы еліміз бойынша 90 спорттық нысан салынды. Оның 29-ы қалаларда, 61-і ауылдық жерлерде. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар бойынша Түркістанда ескек есу каналы, Өскеменде үстел теннисі академиясы, Шығыс Қазақстан облысында жабық стадион мен оңалту орталығы, Щучинск қаласында шаңғы базасының үшінші кезегнің құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына қарай Ұлттық дене шынықтыру және спорт университетін ашу жоспарланған.
Футбол инфрақұрылымын жаңғырту жаңа бағыт алды. Атап айтар болсақ, Қызылорда, Орал, Түркістан, Жетісу және басқа өңірлерде стадиондардың құрылысы мен реконструкциялау жұмысы жүргізілуде. Ал Астана, Шымкент, Ақтау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа жобалар пысықталуда. Сондай-ақ, УЕФА стандарттарына сай келетін алты стадионды салу жоспарға енді. Сонымен қатар балалар спорт алаңдарының құрылысы басталып, басым бөлігі ауылдық жерлерге бөлінді.
Кадр мәселесін шешу барлық бастамаларды табысты іске асырудың негізгі бағыты болып қала береді. Жаттықтырушыларды қайта даярлау жұмыстары жүргізу, лицензиялау жүйесі енгізу, тәлімгерлік институты дамыту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Жаттықтырушылардың мәртебесі педагог қызметкерлердің мәртебесіне теңестіріліп, әлеуметтік кепілдіктер мен жалақыны көтеру шаралары қарастырылды. Заң жобасындағы түзетулердің екінші пакеті балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жаттықтырушыларының орташа еңбекақысын 30% - ға арттыруды көздейді.
Спорттық атақтар мен разрядтарды беру бойынша жаңартылған нормалар мен талаптардың жобасы әзірленді. Олимпиадалық емес пәндерді қоса алғанда спорттың 163 түрі ескере отырып, атақ алу шарттары қайта қаралды. Оған жаттықтырушылардың қатысуын растау жөніндегі нормалар қосылды. Республикалық және халықаралық турнирлерге арналған критерийлер өзектендірілді.
Саланы цифрландыру маңызды бағытқа айналды. 2025 жылдың соңына дейін спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің бірыңғай тізілімін, спорттық іс-шаралардың электрондық күнтізбесін және спорттық инфрақұрылым объектілерінің тізімін қамтитын e-спорт цифрлық платформасы енгізілетін болады. Бұл жүйені енгізу спорт саясатындағы барлық элементтердің ашықтығын, қамту ауқымын бақылау мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан халықаралық аренада қол жеткізген жоғары нәтижелерін арттыруда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық командалар 1 206 медальға қол жеткізді. Оның 1 086-сы (399 алтын, 341 күміс және 346 қола) олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлеріне тиесілі. Параспорт бойынша қоржындағы медаль саны – 120. Паралимпиадалық дисциплиналардан 56 медаль (16 алтын, 20 күміс, 20 қола), сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт түрлерінен 64 медаль (30 алтын, 17 күміс, 17 қола) еншіледі.
Барлық қабылданып жатқан іс-шаралардың мақсаты - чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу мен ұлт денсаулығын нығайтуда қабілеті тұрақты, тиімді және баршаға қолжетімді спорт жүйесін құру.