Үкіметте QazaqGaz қызметінің ағымдағы нәтижелері қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту, оның ішінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ қызметінің периметрі мәселелері қаралды. Газ тапшылығын шешуді, газбен қамту көрсеткішінің өсуін және цифрлық құралдарды енгізуді қоса алғанда, негізгі қорытындылар туралы компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндады.
Оның айтуынша, еліміздің басшылығының, Үкіметтің, Энергетика министрлігінің, Самұрық-Қазына қорының қолдауының арқасында QazaqGaz соңғы үш жылда бірқатар негізгі міндеттерді іске асырды. Атап айтқанда, газ тапшылығы мәселесі шешіліп, ұзақмерзімді перспективада берік ресурстық база қалыптасты. Еліміздегі газдандыру деңгейі 4,7%-ға өсті, газға 1,7 млн адам қол жеткізді. Бюджет қаражатынан бөлек 700 млрд теңгеден астам сомаға инфрақұрылымдық жобалар салынды.
Санжар Жаркешов қазіргі уақытта компанияның қаржылық жағдайы тұрақтанғанын, жоғары халықаралық рейтингтерге қол жеткізілгенін, негізгі серіктестермен сындарлы қарым-қатынастар жолға қойылғанын, оның ішінде 2025-2026 жылдары газ жеткізуге «Газпроммен» екі жылдық импорттық келісімшартқа қол қойылғанын айтты.
«Жетісу облысының 66 елді мекенін газбен қамтамасыз ететін “Талдықорған – Үшарал” магистралды газ құбырының құрылысы белсенді жалғасуда. Компания сондай-ақ еліміздің солтүстік-шығыс өңірлерін газбен қамту, “Орталық Азия – Орталық” магистралін күрделі жөндеу, “Бейнеу – Бозой – Шымкент” газ құбырының екінші желісін, “Ақтөбе – Қостанай” газ құбырын және КС-14 компрессорлық стансасын салу сияқты стратегиялық маңызды жобаларды іске асыруда», — деп атап өтті Санжар Жаркешов.
Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын ауыстырып тиеу және фракциялау зауытының құрылысын бастау маңызды қадам болды. Жоба еліміздегі сұйытылған газ тапшылығын: бірінші кезеңде – жылына 400 мың тоннаға дейін, екінші кезеңде – 700 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ESTA түрік инвесторының қатысуымен құны $1,35 млрд-ты құрайтын карбамид зауытының құрылысы басталды. Галкыныш кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық барлау саласында Түрікменгазбен стратегиялық келісімге қол қойылды. Газ саласының жобаларына Қатардан инвестициялар тартылды.
Сонымен қатар QazaqGaz геологиялық барлауды күшейтуде: Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы учаскелер бойынша Chevron, ҚазАзот және «ҚОР» НК-мен келісімдерге қол қойылды. Бұрғылау жұмыстары басталды, Жамбыл облысында жаңа газ кен орындары ашылды, Анабай кен орнындағы ұңғыманың жоғары өнімділігі расталды.
Бұдан бөлек, қатарлық UCC Holding жобалары іске асырылуда – $11 млрд-тан астам инвестиция тартылды. Қашағандағы ГӨЗ құрылысы жедел қарқынмен жүріп жатыр, қазіргі уақытта «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «UCC Holding» арасында осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттары келісілуде.
Әлеуметтік салада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкент пен Батыс Қазақстан облысында eGov Mobile қосымшасы арқылы атаулы және тұрғын үй көмегін алушыларға табиғи газға 24%-ға дейін жеңілдіктер ұсынуға арналған цифрлық құрал – «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске қосылды. Тестілеуден кейін жобаны бүкіл елімізге кеңейту жоспарлануда.
«Тауарлық газды пайдалануды бақылауды жақсарту және тиімділігін арттыру мақсатында газды есепке алуды цифрландыру жобасы іске асырылды», — деп атап өтті спикер.
Санжар Жаркешовтың айтуынша, жоба айтарлықтай нәтиже көрсетті:
- абоненттер мен газ тасымалдау жүйесі нысандарының 98%-ы цифрландырылды;
- дебиторлық берешек 47%-ға төмендетілді;
- газ шығыны 34%-ға қысқарды.
Алдағы жоспарда:
- жобаны Қазақстанның барлық аумағына кеңейту;
- жасанды интеллект негізінде деректерді талдау және тұтынуды болжау технологияларын енгізу;
- тұтынушылардың газды ұқыпты пайдалануға деген ынтасын арттыру.
Сондай-ақ Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов газға қосылуға техникалық шарттарды алудың жаңартылған процесін таныстырды.
Бұрын техникалық шарттарды алу процесі күрделі болған. Құжаттарды жинау қол жұмысымен жүргізілді.
«Техникалық шарттарды беру енді онлайн режимінде қол жетімді. Қызмет еGOV mobile-ға біріктірілген, онда құжаттар автоматты түрде мемлекеттік деректер базасынан жүктеледі», — деп атап өтті Санжар Жаркешов.
Ол жыл сайын 100 мыңнан астам техникалық шарттар берілетінін айтты. Өтініш беру уақыты 2 сағаттан 10 минутқа дейін қысқарды. Қазірдің өзінде техникалық шарттардың 49%-ы онлайн режимінде беріледі.
«Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау маңызды міндет болып саналады. 2024 жылдың желтоқсанына дейін жеңілдіктер беру тетігі қолмен жасалды: әкімдіктер алушылардың тізімдерін тапсыратын, ал біздің компания оларды абоненттер базасымен салыстыратын. Алайда, бұл тәсілдің айтарлықтай кемшіліктері болды, соның ішінде жеңілдіктерді қолдануды автоматтандырудың болмауы, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және тұрғын үй көмегін (ТК) алатын тұтынушыларды толық қамтымау, сондай-ақ тұтыну нормасының болмауы, бұл көбінесе жеңілдіктерді мақсатсыз пайдалануға алып келді», — деп атап өтті Санжар Жаркешов.
Осы міндеттерді шешу үшін Шымкентте «Әлеуметтік әмиян» арқылы газға жеңілдік берудің пилоттық жобасы іске қосылды. Қызметті 2,5 мыңнан астам отбасы пайдаланды, ұсынылған жеңілдіктердің жалпы сомасы 100 млн теңгеден асуы мүмкін. «Әлеуметтік әмиян» арқылы жеңілдікті пайдаланған АӘК және ТК алатын азаматтардың үлесі 36%-ға жетті.
Осылайша, пилотты жэоба сәтті аяқталған жағдайда оны бүкіл елімізге кеңейту жоспарлануда, бұл халықтың әлеуметтік тұрғыда қанағаттану деңгейін арттыруға және газды ұқымды тұтынуды ынталандыруға мүмкіндік береді.