Cемей10°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
515.03 584.82 6.24

Шәкәрімде жемқорлық себептері талқыланған семинар өтті

Бүгін, 16:17 Сәтжан Қасымжанұлы

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облыстық филиалының ұйымдастыруымен Шәкәрім университетінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және оған жол бермеу мақсатында үш күндік семинар өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс» тақырыбында өткен семинарға, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, мемлекеттік қызмет саласының мамандары, әр саланың өкілдері қатысты. 

- Бұл семинарға мемлекеттік қызметкерлер мен квасисектор мамандары қатысып өздеріне қажетті кеңестерден ақпарат алды. Айталық, жемқорлықтың туындау себептерінен ақпарат алып, оған қарсы мәдениет қалыптастыру жайымен танысты. Бұл семинар барысында жемқорлыққа қарсы мәдениетті сана биігінде қалыптастыруға тырыстық. Жалпы, жасыратыны жоқ, қоғамның бұл індеті барлық салада алдымыздан шығады. Халық негізінен жемқорлықты ақшалай түрде пара беру және алу деп түсінеді. Шын мәнінде біздің қоғамда сыбайлас жемқорлықтың он жеті түрі бар. Пара беру, алу өз алдына, пара алуға мәжбүрлеу, бопсалау, тамыр-таныстарын жұмысқа орналастыру немесе өз маңына топтастыру, саяси сыбайлас жемқорлық, трайбализм, тексерілетін қаржының ізін жасыру арқылы жүзеге асатын жемқорлық, мемлекеттің қаржысын еш мақсатсыз жұмсау сияқты түрлері көп. Мемлекеттің қаржысы дегеніміз ауылшаруашылығы саласын дамытуға арнайы бөлінетін субсидияларды, гранттарды тек тамыр-таныстарына беру тағы да басқа түрлі жолдары етек алғаны шындық. Ең ауыр тиетіні халық өзінің тікелей қажетіне пайдалана алатын мүмкіндіктің өзі тұрмыстық сыбайластыққа негізделіп отырғанын аңғара бермейді. Мысалы тұратын жеріндегі дәрігерден медициналық толық тексерусіз анықтаманы жылдам алу үшін де «бармақ басты, көз қыстылыққа» баратыны шындық қой. Оны дәрігер де, барып отырған адам да жемқорлық қылмыс деп санамайды. Міне, осындай бүгінгі өмір шындығын қатысушыларға түсіндіре отырып, жемқорлыққа баруға сақтандыру мақсатында арнайы дәрістер жүргізіп отырмыз, - дейді лектор, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының доценті Айгүл Қабатайқызы. 

Семинар барысында қатысушыларға «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың тиімді құралдары», «Жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесінің түсінігі», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет. Парасаттылық», «Этикалық мінез-құлықтың жаңа моделін қалыптастырудың заманауи тенденциялары», «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» және «Абайдың қара сөздері һәм қазіргі қоғам» тақырыптарында лекторлар арнайы дәріс беріп, бүгінгі қоғамға қатысты жайларды талдап, кеңінен талқылау жүргізді.

- Мен бұл семинардан өзіме қажетті сұрақтарға қатысты жауаптар алдым. Міндетімді тиісті талапқа сай атқаруға жаңаша көзқарасым қалыптасты. Бұған, әрине, бізге дәріс берген лекторлардың ықпалы зор. Ал өзім қызмет атқаратын медицина саласына келер болсам, ол екі түрде көмек бере алады: тегін және ақылы түрде. Көп адамдар осыны түсінбей жатады. Міндетіне сәйкес тегін қызмет атқарса, соған қандай да бір «ризашылығын» қарапайым ғана бір қорап «конфет» әкеп беруге тырысады. Бұл шын мәнінде өрескел жағдай. Оны қазіргі күндегі медицина қызметкерлері де қажет етпейді. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру отбасылық тәрбиеден басталады. Яғни, баласына дұрыс тәрбие, білім беретін ата-анасының өнегесін көріп өскен бала есейе келе диплом алса да, жұмысқа орналасса да, қызмет жолымен көтерілсе де өз мүмкіндік қабілетіне сүйенуге ұмтыла бастайды. Бастысы жемқорлыққа қарсы сана сауаттылығын қалыптастыру деп білемін,- дейді  Жарма аудандық ауруханасының заңгері Сәуле Түсіпбаева.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша аға оқытушысы Алуа Сабалақованың айтуынша, мұндай бағыттағы семинар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив